Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№88 газет

05 қараша 2024 ж.

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қолөнерді жаңғыртқан жас шебер

Қолөнерді жаңғыртқан жас шебер

Халықтық сәндік-қолданбалы өнер­­ді жандандыруда өз ісін жаңа­дан бастаған сырдариялық жас шебер үлкен жұмыс атқарып отыр. Ау­дан­дағы ең көрікті ауыл – Н.Ілиясов ауы­­лында жас та болса қол­­өнер ше­­­­бері атанған Жұлдызай Қо­суақ тұрады. Шебер өзінің негізгі маманды­ғымен қатар құрақ құраудың хас шебері болуды алдына мақсат етіп қойған.

Осы күні қолөнер шеберінің қолынан шыққан сәнді бұйымдары көптеген көрмелерге қойылып, көпшілікке таныстырылды. Сондай көрменің бірінде көз жауын алатын керемет бұйымдарын тамашалап, Жұлдызайдың құрақтарынан нағыз шығармашылық ізденісті және бұйымдарының әрқайсысынан жаңашылдықты көрдік. Жаңа леп, өзгерістер енгізуді оның әрбір құрақ үлгісінен көруге болады.

–Халқымыз тұрмыс-тіршілігінде қажетті заттарды өз қолымен жасап алған. Әжелеріміз бен аналармыз кі­­лем тоқып, алаша сырған. Ал көрпе-көрпеше мен жас­тықтарын әдемі ою-өрнектеп әсемдеген. Бұл қолөнер деп аталады. Сондықтан «Өнер көзі – халықта» деп бекер айтылмаған. Қолөнер ғасырдан ғасырға, жылдан жылға өзіндік толықтырулармен, өзгерістермен жетіп жатыр, – дейді кәнігі шебер атанған Жұлдызай.

Жұлдызай Амангелдіқызы – жас келін. Нағи Ілиясов ауылындағы Қыдырәлиевтер әулетіне осыдан бір жыл бұрын келін болып түскен. Ол қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын алған. Жоғарғы оқуды бітіргеннен кейін қол қусырып отыруды қаламаған жас келін бұрыннан қызығушылық танытып жүрген қарапайым қолөнермен шұғылдануды бастайды. Оның әзірге тұскиіз, кілем, текемет секілді өнерді үйренбегенімен, осы өнерге деген сүйіспеншілігі мен талғамы әлі талай жаңа дүниенің өмірге келуіне себепші болары сөзсіз.

Шын мәнінде қазақы менталитетімізге сай қызда­рымыздың, жас келіндердің қолөнер шеберлігіне жақын болуы қанымызға сіңген қасиет. Ал оны жандандыру, одан әрі кәсіп көзіне айналдырып, табысқа жету еңбексүйгіштікті қажет етеді.

Жұлдызай ізденісінің арқасында өзіндік ерекшелікте­рімен түрлі ұлттық бұйымдарды жасайды. Оның басты ерекшелігі кішкентай сәбилерге арнап тігетін бұйымдарына баланың есімін жазып, жастықтан бас­тап, көрпеше, көрпесін дайындап береді. Қазір сәнге айналған мұндай көрпе-жастықтың топтамалары сұранысқа ие екенін айта кеткен жөн.

–Қазақтың салт-дәстүрінде дүниеге келген бала­ларға арналған бесік той, тұсаукесер, шілдехана тойлары көп болады. Осындай тойларға арнап тапсырыс та болады. Сәбидің төсек орнын, бесік жабдықтарын өзіндік ерекшеліктерімен, түрлі ою-өрнекпен дайындаймын. Тігілген бұйымдарым бір-бірін қайталамайды. Әр баланың жасауын өзіндік ерекшелігімен тігуге тырысамын. Ою-өрнектің мән-мағынасы болатындықтан, оларды да талғаммен таңдауға тырысамын, – дейді нағилық жас шебер Жұлдызай .

Жұлдызайдың жасы қазір 23-те. Жұлдызай мектептен тыс уақытта, жұмыстан қолы қалт етсе сүйікті ісімен айналысуға тырысады. Әзірге қажетті заттарды өз қаражаты есебінен алып, тапсырыстарды дайындайды. Алдағы уақытта кәсіп түрін кеңейту үшін мемлекеттен берілетін қаржылық қолдауға өтініш беруді де ойлайды. Өзі секілді жас келіншектердің басын біріктіріп, ұлттық нақыштағы құрақ көрпеше құраумен, тігіншілікпен айналысқысы келеді.

«Жаңаның бәрі – ұмытылған, ескі нәрсе» деп бекер айтылмаса керек. Жұлдызай шебер халқымыздың осы күні ұмыт болып бара жатқан киіз, тұскиіз, текемет, сырмақ, қоржын, алаша, аяққап, тұтқыш т.б. қайтадан тұрмысымызға жаңарып енетініне сенеді. Сондықтан он саусағынан өнер тамған, қазақтың қолөнерін жаңғыртып жүрген жас шебер әлі талай оқып-білуді мақсат етеді.

Жұлдызай қолөнерді қызылордалық шебер Жанат Иманбаевадан бір ай бойы үйренді. Өз ісінің шебері құрақ құраудың қыр-сырын үйретсе, одан әрі ұзақ уақыттан бері танымал әртіс «Шабыт» тігін цехының иесі Гүлшарат Жубаеваның шеберлік сыныбында онлайн оқып, қазіргі күні ізденіс үстінде.

Қолөнердегі ұстазының шеберлігі мен жауапкершілігі, әрбір үйренушісіне қоятын талабы бастаған ісін өте жоғары деңгейде жасап шығаруға негіз болды. Кәсіби шебер кез келген бұйымды тігу үшін, ең алдымен оның сызбасын дайындап және ою-өрнектерін сәйкестендіріп, содан кейін түстерінің үйлесімділігіне көңіл бөлу керектігін үйретті. Бұйымдарында түрлі-түсті түстерді көп қолданатындықтан, шебердің әр бұйымында бірден көзге түсетін ерекше әдемі рең бар. Жас шебер осындай үйлесімділікке аса мән беріп, тәжірибесіне енгізді. Қазір Жұлдызай тігін тігудің шебері атануды мақсат етіп, қазақтың ұлттық дәстүрлі қолөнерінің бірнеше түрін қатар алып жүр. Қолына алған матадан бұйымды жасарда іс-тәжірибесіне өз қиялын, әдемі ойларын қосып, шабыттана іске кіріседі.

Әр оюдың өз атауы және мағынасы бар демекші, оның бір-бірімен үйлесімдігін табу оңай іс емес. Қазір шеберлердің көп қолданатын оюы – «қошқар мүйіз». Бұл оюды көптеген бұйымдарға, әсіресе көрпеше­ге көп қолданады. Мұнан басқа да оюларды жиі қолдана­тынын айтады. Мысалы «құс қанаты», «қолтық ою», т.б. «Құс қанаты» оюының мағынасы «Ұшқан құстай еркін қанат қағып, бақытты болыңдар!» дегенді білдіреді. Ал «Қолтық ою» оюының мағынасы «Қош келдіңіз! Өз үйіңіздей көріңіз!» деген қошемет белгісін көрсетеді. Осындай ақ тілектерді білдіретін ою түрлерін арнайы қыздардың ұзатылу тойына немесе сәбиге арналған жасауларына қолданады.

Осы күні Нағи Ілиясов ауылынан басқа да елді мекендерден, Қызылорда қаласынан Жұлдызайдың бұйымдарына тапсырыс келіп түседі. Сондықтан шебер әрбір бұйымды тапсырыс берушінің талабына сай, көркем әрі сапалы етіп жасауға аса мән береді. Ол үшін түрлі ою-өрнектерден басқа бүлдіршіндерді қызықтыратын сүреттерге жан бітіреді.

– Жұлдызайдың шеберлігіне тәнті болдым. Оның ізденісі мен қабілеті мықты. Жас болған соң, ізденуге де уақыт табады, талғамына сөз жоқ. Алғашқы тапсырыс берушінің бірі болдым десем болады. Балаларға арнап арнайы топтама тіккіздім. Құрақ көрпеше мен көрпесі, жастығы керемет болып шықты. Жұлдызай бұйымның матасына да аса мән береді. Түстердің үйлесімділігі өзінше бөлек. Сондықтан, Жұлдызайға сәттілік тілеймін. Көрмелерге шығып, өзін таныстыратын болса, мемлекет тарапынан қолдау білдірілсе аты танымал шебер болатынына сенемін. Жас келіншектер бос отырмай, осындай іспен айналысса, үйреніп, ізденсе, жұмыс та, табыс та болады, – дейді қызылордалық Наргиз Исламқұл.

Қазақ өнерінің болашағы жайында өз ой-пікірін айтқан жас шебер «Менің ойымша жастар қолөнерге өте қызығады, қазіргі кезде ұлттық нақыштағы өрнектелген киімдерді тігетін шеберлер көп. Мен әзірге тек үйренушімін. Болашақта елімізге осы қолөнерім арқылы танылғым келеді» дейді.

Жас шеберге шалқар шабыт, кәсібіне береке тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
09 қыркүйек 2023 ж. 247 0