Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мектепке жол» акциясы – айрықша қолдау

«Мектепке жол» акциясы – айрықша қолдау

Осы күні ел аумағында «Мектепке жол» акциясы басталды. Ал ауданда «Мектепке жол» акциясы аясында ауқымды жұмыс атқарылуда. Акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көрсетіп, олардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуына жағдай жасау екені мәлім.

Аталған республикалық акция аудандағы 17 білім беру ұйымын толықтай қамтиды. Осы бағыт­та оқушылардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жүргізіліп, көмекке мұқтаж отбасыларға қол­дау көрсетілуде. Аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақыптың айтуынша, акция аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

– Баланың сапалы білім алуы үшін ең алдымен оның мектепке еш алаңсыз келуіне жағдай жасауы­мыз қажет. «Мектепке жол» акциясы – әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, оқушыға нақты қолдау көрсетудің маңызды тетігі. Бүгінде ауданымыздағы 17 білім беру ұйымында бұл бағытта тиісті іс-шара жүргізілуде. Қазіргі уақытқа дейін 40 балаға жалпы көлемі 610 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Бұл – нақты нәтижеге бағытталған игі істің көрінісі. Акция аясында көрсетілетін көмектің көлемі алдағы уақытта да ұлғаяды деп жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз – әлеуметтік жағдайына байланысты мектепке дайындалуда қиындық көретін бірде-бір баланы назардан тыс қалдырмау, – деді Еркебұлан Жақып.

Акция шеңберінде демеушілердің, кәсіпкерлердің, мемлекеттік мекеме мен білім беру ұйымының, ата-аналар қауымдастығының әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға да басымдық берілуде. Көрсетілетін көмек көлемі баланың қажеттілігіне қарай белгіленіп, оқу құралдары және басқа да қажетті заттармен қамтуға бағытталады.

«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы қыр­күйек айының соңына дейін жалғасады. Осы кезең­де көмекке мұқтаж оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету жұмыстары одан әрі күшейтіледі.

Сондықтан «Мектепке жол» акциясы аясындағы игі бастамаға қоғам болып қолдау көрсету – ортақ міндет. Аудан бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж әрбір оқушыға қажетті көмек көрсетіледі.

Б.ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден
18 тамыз 2026 ж. 47 0