Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық қолөнерді ұлықтаушы

Ұлттық қолөнерді ұлықтаушы

«Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Сөзге де іске де шебер халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатын бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиыннан қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұратын өнер туындысы. Қолөнер шебері Гүлдана Бисембаева ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылының клубында ауыл балаларын ұлттық қолөнерге баулып, оның қыр-сырын үйретіп келеді.

Қолөнердің хас шебері Гүлдана Арыстанқызы – бұрынғы Қызылдихан, қазіргі Мәлібаев елді мекенінің тумасы. Мектепті ойдағыдай аяқтап, техникалық училищеде білім алған өз ісінің шебері алғашқы еңбек жолын 1988 жылы аудандық тігін цехынан бастаған. Он саусағынан өнер тамған ісмер мемлекеттік қайтарымсыз гранттың көмегімен қыз жасауы, құрақ құрау, көрпе тігу сынды түрлі сәндік қолөнер түрлерін жасап, жеке кәсіпкер ретінде өз кәсібін де ашқан. Ұлттық қолөнерді ұлықтап, саусағын біріктіріп, инесін іліктіре білген жекелеген қолөнер шеберінің туын­дылары ерекше үйлесім тапқан. Дәстүрлі өнерді жанына серік етіп, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері 2021 жылдан бастап Сәкен Сейфуллин ауылдық клубында тынымсыз еңбек етіп келеді. Ісмер ауылдық клуб жанынан ашылған қолөнер үйірмесін соңғы 1 жылдан бері жүргізу үстінде.

– Жалпы үйірме аптасына 2 мәрте жүргізіледі. Үйірмеге әзірше 10 оқушы қатысады. Алдағы уақытта үйрмеге қатысуға, қолөнерге қызығушылығы бар қыздарымыздың қатарын толықтырмақпыз. Са­бақ барысында қолөнерге деген қызығушылығы бар оқушы қыздарыма үйлесімді, адам көркін ашатын туынды жасауды үйретемін. Әрине, баламен жұмыс жасауда қауіпсіздікке көңіл бөлеміз. Әр қыз баласы әсемдікті, әдемілікті жақсы көреді. Олар өздерінің қиялына ерік беріп, керемет, мән-мағынасы зор бұйым өрнектеуге барын салады. Шәкірттеріме тігін өнерін үйретуде, болашақта өз қажеттерін әдемілеп тігіп алатындай және тағы да басқа қажеттіліктеріне жарап, пайдам тисе, сол менің жетістігім деп ойлаймын. Шығармашылық байқауларда топ жара білген барлық өнерпазбен әрдайым мақтанамыз. Алдағы уақытта ісмер, қолөнер майталмандары ауылымыздан шығатынына сенеміз, – дейді үйірме жетекшісі.

Қолөнер шеберінің жұбайы – шаруа адамы. Дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүрген Гүлдана Бисембаева өмірлік жарымен 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде сол немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты, көпке үлгі жанұялардың бірі. Қолөнер майталманының басты жетістігі – төл өнерімізді, ұлттық құндылығымызды жастарға жетік меңгерту, ауыл балаларының қызығушылын арттырып, қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын үйрету. «Қолөнер – сырлы өнер» демекші, осы ұлттық өнердің қыр-сырын жас ұрпаққа дәріптеп, үйретіп жүрген жанның еңбегі өлшеусіз, әркез бағалы.

Алтынай Қайратқызы
17 қыркүйек 2024 ж. 217 0