Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүз мыңға жуық телефон жөндеген

Жүз мыңға жуық телефон жөндеген

Қазір ұялы телефонсыз іс бітпейді. Тиісті төлемдер, қажетті құжаттар, тіпті жұмыс, туған-туыс – бәрі сол ұялының ішінде. Ал телефоныңыз бір сәт істен шықса, құлағыңыз кесулі, қолыңыз қысқарғандай күйге түсесіз. Сондықтан заман талабына сәйкес телефон жөндеу қызметі үлкен сұранысқа ие. Бүгінде маңызды кәсіпті кент орталығында жас кәсіпкер Әсет Бектемісов қолға алып отыр.

Кейіпкеріміз негізінен Бай­қоңыр қаласының тумасы. Ба­лалық шағы, өмірінің бір бөлігі Ақтөбе қаласында өткен. Қазір тағдыр жолы Сыр өңірімен жолықтырған азамат он алты жылдан бері телефон жөндеу қызметін халыққа ұсынып келеді. Сұраныс өте жоғары. Осыдан жиырма жылдай бұрын қолданысқа енген Nokia брендінен бастап, қазіргі атауы көп түрлі шығарылымдардың ақауын жөндеу, бұғатталған телефонды қалпына келтіру сияқты жұмысты шыр айналдырады. Кейіпкерімізбен сұх­баттасу барысында жұмыстың қауырт әрі сұраныстың жоғары екенін маманның жұмыс үстеліндегі ретсіздіктен анық байқадық.

Ол – өзгерістен, жаңашылдықтан, тәуекелге бел буудан қорықпайды. Нағыз кәсіп­керге керек қасиет те сол. Бұған дейін өзге қалаларда, сондай-ақ Қызылорда қаласында, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарында осындай орталық ашып, кәсібін дөңгелеткен. Қолынан келген қыз­метті үйренуге ниетті жандарға көрсетіп беріп, біраз жастың өз бағытын табуына да жәрдем еткен. Бүгінде бірнеше аудандағы орталықтар жұмысын тоқтатқан жоқ, Әсеттің шәкірттері бастаманы лайықты жал­ғастыруда.

– Телефон жөндеуді кішкентай кезімнен өз қызығушылығыммен бастадым. Ізденіп, сұрап, көріп тәжірибе жинадым. Жалпы ұялы телефондар үлкен эволюциядан өтіп келеді деуге болады. Түймешіктері бар кішкентай телефоннан бастап қазіргі таңда өте көп түрлері қолданыста. Әрине, өзіндік ерекшеліктері бар. Соған сай барлығын зерттеп, жан-жақты ізденісте болу маңыз­ды. Бұған дейін 30 шақты жас буынға қолымнан келген қызмет түрлерін үйреттім. Бұл жердегі менің мақсатым – басқалар да үйренсе, білсе, кәсібін ашып, жұмысын, бағытын тапса деймін. Ынтасы, ниеті бар адам бірден үйреніп кетеді. Тіпті үйренуге ниет танытқан қыз балалар да, мектеп оқушылары да болған. Қазір Қармақшы, Жалағаш, қаладағы орталықтарымыз жұмысын жалғастырып тұр. Бір команда ретінде әрекет етіп, тәжірибе алмасып отырамыз, – дейді жас кәсіпкер.

Ал Тереңөзекке келіп, осы кәсіпті бастауына бұл ауданда аталған қыз­меттің жоқтығы себеп болған. Қазір бұл қолжетімді. Аудан орталығынан ашылған кәсіптік нысан халыққа пайдалы қызметін ұсынуда, сұраныс та көп.

– Қарап отырсам, осы кәсіпті қол еткеніме он алты жыл уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде әр­түрлі қала, аудандарда жұмыс істедім. Шамамен жүз мыңға жуық телефонға «жаңа өмір» сыйлаппын. Қазір техникалық құрылғының бағасы да едәуір. Бұзылса, жаңасын ала бермей-ақ, сыр берген жерін өңдеп, ұзақ уақыт пайдалануға болады. Өз қаражатым негізінде қызметімді үйлестіріп отырмын. Алдағы уақытта жас кәсіпкерлерге қолдау болатын мемлекеттік бағ­дарламаларға қатысып, зерттеп көрсем деген ойым бар. Жөндеуге қажетті заттарды көбіне Қытайдан алғызамыз, өзімізде де сон­дай өндіріс болса ғой дейміз. Болашақта Астанаға, солтүстік өңірлерге де барып, тәжірибе алмасқым келеді. Ол болашақ еншісіндегі шаруа. Бастысы, кәсібім өзіме ұнайды, – дейді Әсет Бектемісов.

Бұл кәсіп қазіргі қоғам үшін маңызы зор қызметтің бірі. Себебі бүгінде ұялы телефон адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлі­гіне айналды. Осы құрылғылардың үздіксіз жұмыс істеуіне өз еңбегімен үлес қосып жүрген жас кәсіпкердің еңбегі ерекше баға­лауға лайық. Жастайынан техниканың қыр-сырын меңгеріп, өз кәсібін бастаған кейіп­керіміз бүгінде отбасылы. Ізденіс пен еңбектің, табандылық пен талаптың үлгісін көрсетіп жүрген кәсіпкердің қызметі тек табыс көзі ғана емес, өз қызығушылығын кәсіпке айналдыруға ынталы жастарға тиімді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөз
18 тамыз 2026 ж. 45 0