Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 450 мыңға жуық оқушы қаржылай көмекпен қамтылады

450 мыңға жуық оқушы қаржылай көмекпен қамтылады

Елімізде жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы отбасыдан шыққан балаға қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі түрде қаржылай көмек беріледі. Осы жылы да 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жалпыға міндетті білім беру қоры аясында оқушылардың мектепке қажетті құрал-жабдығының сатып алуы­на материалдық қолдау көрсетіледі. Аталған көмек баланың жаңа оқу жылына толыққанды дайындалып, қажетті мектеп формасы, аяқ киім және оқу құралымен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2026-2027 оқу жылының аясында аталған қолдауға еліміз бойынша 450 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарлануда. Баланың мектепке дайындығына бағытталған бұл іс-шара әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыға түсетін қаржылық салмақты азайтып, әр баланың сапалы білім алуға қажетті жағдайын жасауға бағытталған. Осы мақсатқа жергілікті бюд­­жет­терден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Биыл бір оқушыға көрсетілетін қаржылай көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Межелі көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқан. Дегенмен нақты төлем көлемі барлық өңірде бірдей болмауы мүмкін. Себебі жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай жекелеген облыс пен қалада белгіленген ең төменгі қаржыдан жоғары мөлшерде қаржылай көмек қарастырылуы ықтимал. Мұндай қолдау отбасыға бала­ның мектепке қажетті негізгі бірнеше затын алуға жұмсалатын шығынды өтеуге сеп­тігін тигізеді.
Қаржылай көмек ең алдымен әлеу­меттік тұрғыдан қорғалуға мұқтаж балаға бағытталған. Оның ішінде, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасыда тәрбиеленіп жат­қан, атаулы әлеуметтік көмек алатын отба­сының баласы және өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушы қамтылады. Осы санатқа жататын баланың білім алуына кедергі келтіретін материалдық мәселені азайту – мемлекеттік қолдаудың негізгі бағытының бірі.

Мектеп­ке дайын­дық кезінде отбасы бюджетіне түсе­тін салмақ айтарлықтай болуы мүмкін. Оқу жылы бас­та­лар алдында мек­теп формасын, спорт­тық киім, аяқ киім, сөмке, кеңсе тауа­ры, дәптер және басқа да оқу құралын сатып алуға қомақты қаражат қажет. Әсіресе бірнеше баласы мектепте оқитын немесе тұрақты табысы төмен отбасы үшін бұл шығын елеулі қаржылық қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан мемлекет тарапынан берілетін қар­жы­лай көмек баланың қажеттігін өтеуге және олардың оқу жылын алаңсыз бастауына жағдай жасауға бағытталған.

Қолдауға ие болу үшін ата-ана немесе баланың заңды өкілі қажетті құжатты оқушы білім алатын білім беру ұйымына тапсыруы қажет. Өтінішті қабылдау және тиісті рәсімдерді жүргізу мектеп арқылы жүзеге асырылады. Сол себепті әлеуметтік санатқа жататын ата-ана баласының білім алатын мектебіне хабарласып, қаржылай көмек алу үшін қандай құжаттар қажет екенін алдын ала нақтылап, белгіленген мерзім ішінде тапсыруы маңызды.

Өз кезегінде Сырдария ауданы бойынша аталған мәселеге байланысты жоспарлы міндеттерді саралап, білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып айтып берді.

– Балаға жасалған әрбір қолдау – оның сапалы білім алуына, өзіне деген сенімін арттыруға және болашаққа нық қадам басуына жасалған инвестиция. Осы тұрғыдан алғанда, жалпыға міндетті білім беру қоры аясында оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықты сатып алуға көрсетілетін материалдық көмек – әлеуметтік маңызы зор игі бастама. Жаңа оқу жылы басталар тұста әрбір отбасы үшін баланы мектепке дайындау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, дәптер, кеңсе тауарлары және басқа да оқу құралдарының барлығы белгілі бір қаржылық шығынға әкеледі. Әсіресе көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан қолдауды керек қылатын отбасы үшін бұл мәселе айтарлықтай салмақ салуы мүмкін. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай көмек ата-анаға қолдау болып қана қоймай, оқушының оқу жылын алаңсыз әрі толыққанды бас­тауына мүмкіндік береді. Сырдария ауданында аталған бағыт бойынша нақты жұмыс жүргізіліп келеді. Жоспарға сәйкес 2450 балаға материалдық қолдау көрсету көзделсе, қазіргі таңда 2208 балаға қаржы аударылған. Айта кетейік, қаржылай қолдау алуы тиіс баланың шамамен 90 пайызына қаражат аударылған, – деді бөлім басшысы.

Тың бастама тек мектепке қажетті затты сатып алуға қаржылай мүмкіндік беріп қана қоймай, әлеуметтік жағдайына қарамастан әр баланың білім алуы­на тең мүмкіндік қалыптастыруға ық­пал етеді. Баланың мектеп формасы мен оқу құралдарының толық болуы оның оқу үдерісіне еркін араласуына, қатар­ластарынан өзін кем сезінбеуіне және жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бас­тауына да әсерін тигізеді. Жалпыға міндетті білім беру қоры аясындағы мұндай көмек әлеуметтік қолдаудың маңызды тетігінің бірі саналады. Мемлекет пен жергілікті атқарушы органның бірлескен қолдауы нәтижесінде жүздеген мың оқушы жаңа оқу жылына қажетті затпен қамтылады.

Б.ОРДАБЕКОВ
Фото:ашық дереккөз
18 тамыз 2026 ж. 46 0