Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыс адамды өзі табады

Жұмыс адамды өзі табады

Қазақстанда ресми тіркелген жұмыссыз жастардың саны 117,7 мың адамға жетті. Аталған мәлімет 2026 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша 15 пен 34 жас аралығындағы азаматтарды қамтитын көрсеткіш. Еңбек нарығында өз орнын таба алмай жүрген жастар үшін жұмыспен қамтудың жаңа цифрлық форматы үлкен мүмкіндік болмақ. Елімізде жұмыспен қамтудың цифрлық форматы енгізілуде.

Жастарға жаңа мүмкіндік

Жаңа модельдің негізгі қағидаты – «адам жұмысты ізде­мейді, жұмыс адамды өзі табады». Жүйе жұмыс берушілердің өтініші негізінде жұмысқа мұқтаж азаматтарды автоматты түрде анықтап, оларға сәйкес келетін бос жұмыс орындары туралы хабарлама жібереді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

«Жасанды интеллект азаматтың жеке ерекшелігін ескеріп, өңір ішінде де, одан тыс жерде де жұмыс орындарын іріктейді. Сонымен қатар, азаматтарға оқыту курсынан өту және қайта даярлау, қоныс аудару мүмкіндігін ұсынады. Нәтижесінде азамат тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін көмек көрсетіледі» деп жазылған хабарламада.

Ақпарат азаматтарға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен келеді. Осылайша жұмыс іздеушіге ондаған вакансияны өз бетінше қарап, әр жұмыс берушіге хабарласудың қажеті азаяды.

Сервис шілде айында Павлодар облысында іске қосылды. Өңірде жұмысқа орналастыру бойынша 39 мың хабарлама жіберіліп, оның нәтижесінде 962 адам жұмысқа орналасқан.

Жаңа жүйені қыркүйек айында Маңғыстау облысында енгізу жоспарлануда. Ал жыл соңына дейін сервис еліміздің барлық 20 өңірінде жұмыс жасайтын болады.

Тың бастама әсіресе жұмыс тәжірибесі аз немесе еңбек нарығында өзіне лайықты қызмет таба алмай жүрген жастар үшін маңызды. Цифрлық жүйе азамат пен жұмыс берушіні жылдам байланыстырып, бос жұмыс орындары туралы ақпаратты тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.

Жаңа сервис – тұрақты жұмысқа орналасып, тәжірибе жинауға және кәсіби жолын бастауға берілген нақты мүмкіндік. Сондықтан жастар eGov пен Enbek.kz платфор­масындағы дерегін жаңартып, келіп түсетін жұмыс ұсынысына назар аудар­ғаны маңызды.

Жаңа модельдің басты мақсаты – жұмыссыздықты азай­­тып қана қоймай, еңбек нары­­ғындағы мүмкіндікті аза­маттарға барынша жа­қын­дату. Енді жұмыс ізде­ген адамға мүмкіндік іздеп жүрудің орнына, жұмыс­тың өзі адамды табатын жүйе қалып­тасуда.

Б.ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз
18 тамыз 2026 ж. 46 0