Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жалын» сауықтыру лагерінің жазғы маусымы ашылды

«Жалын» сауықтыру лагерінің жазғы маусымы ашылды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Жалын» тынығу лагерінің жазғы маусымының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Салтанатты жиында аудан басшысы жиналған қауымды лагерьдің басталуымен құттықтап, өскелең ұрпақтың сапалы демалысын ұйымдастыру мен олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпақтың жақсы өмір сүруі мемлекеттің басты міндеті екенін атап көрсетті. Сондықтан елімізде балаларға барлық жағдай жасалып келеді. Бүгінде білім беру саласын дамыту, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, заманауи технологияларды енгізу, балалар спорты мен шығармашылығын қолдау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде жаңа білім беру нысандары бой көтеріп, заманауи мектептер мен балабақшалар ашылуда. Соңғы жылдары аймағымызда білім беру саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып,  45 жаңа заманауи білім беру нысаны ел игілігіне берілді. Президентіміздің бастамасымен облысымызда «Келешек мектептері», физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты, «Оқушылар сарайы» «Сыр жұлдыздары» академиясы және «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы, ботаникалық бақ ашылды. Бұл – балалардың болашағын жарқын етудегі нақты жұмыстар. Жазғы маусымда балалардың демалысын ұтымды ұйымдастыру үшін аудан орталығындағы «Жалын» тынығу лагерінде 791 бала, мектеп жанындағы лагерьлерде 3306 бала қамтылады. «Жалын» тынығу лагерінде уақыттарыңды көңілді өткізу үшін мәдени-спорттық, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Мұның барлығы Сіздердің бос уақыттарыңызды тиімді ұйымдастырып, жақсы демалуларыңызға мүмкіндік береді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шара тынығушылардың қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
04 маусым 2026 ж. 48 0