Маңдай термен келген мәртебе
Атқарған әр қызметі құрметке лайық жан – жұмысшы маман. Олардың кез келген салада түрлі қызмет атқаруы – нағыз шеберлік. Бүгінде еңбегі білектің күшімен шыңдалып, зейнетке шыққан жандар қатары аз емес. Соның бірі – Жетікөл ауылының тұрғыны Дастанбек Ержанов.Туған жерінде сегізжылдық білім алып, әрі қарайғы сыныпты аймақтың орталығында орналасқан мектепте жалғастырып, бітіріп шығады. Ауылының өркендеп дамуына куә болған көпті көрген жан қазіргі таңда зейнетте.
– Туған жердің топырағы да ыстық. Осы жерде өсіп-өркендедік, дамыдық, отбасын құрдық. Шағын елді мекен болса да, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылмыз. Негізі, Жетікөл ауылы 1957 жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған. Содан бері ауылдың басты күнкөрісі – мал шаруашылығы. Мектеп қабырғасын бітіргеннен кейін Қызылорда қаласында орналасқан ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түстім. Оқуда жүріп, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Екі жыл бойы әскер қатарында болып, ауылға қайта оралып, оқуымды жалғастырдым. Жұмыстың үлкені, кішісі демей істей бердім. Тек тапқан әр несібем адалынан болса болғаны, – дейді еңбек адамы.
«Еңбектеніп тапқан нан – тәтті» демекші, әр адал табыс отбасының несібесі мен берекесі. Шаңырағының ұйытқысы болып отырған отанасымен 1980 жылы бас қосқан. Дастанбек Ержанов жетпістен асса да бақуатты. Өмірлік серігі Гүлсім Жакеновамен бірге үш ұл тәрбиелеп, өсірген. Қазіргі таңда екі үлкен ұлы Қызылорда қаласында өз шаңырақтарының түтінін түтетіп отыр. Кіші ұлы тумысынан ата-анасының көмегіне зәру, сондықтан ауылда қара шаңырақта ата-анасымен бірге тұрады. Қарттық жасқа келсе де ұлының жағдайын жасап, отанасы да қарайласып отыр.
– 1991 жылдары тоқырау жылы болды. Ауылдағы барлық шаруашылық жабылып, отбасын асырап жүрген азаматтардың біразы жұмыссыз қалды. Сол жылдардың ең қиын кезеңдері ғой. Өмірлік серігім Гүлсім ол кезде ауылдың мектебінде сабақ беретін. Айлықты да 5-6 ай дегенде әрең алатын. Солай екі қолға бір күрек табылар деп үйден алшақтап, «Құмкөлге» жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Зейнет жасыма дейін сонда еңбек еттім, – дейді ауыл ардақтысы.
Ауылдың дамуына атсалысып, куә болған ел азаматы қарапайымдылығымен тұрғындарға сыйлы. Туған жерінің тарихын бес саусағындай білетін Дастанбек Ержанов бүгінде ауыл көркі жылдан жылға жайнап келе жатқанын да тілге тиек етті.
– Шалғай орналасқан елді мекен болғандықтан, тұрғындар саны да аз. Бірақ ұйымшылдығы мен берекесі тасыған ауыл жыл өткен сайын дамып келеді. Электр бағаналары ауыстырылып, көшелер жарықтандырылды. Жастарды қолдау мақсатында шағын кәсіпкерлікке ден қойылып, қайтарымсыз грант берілуде. Жас мамандарды жұмыспен қамту шаралары да жүзеге асып келе жатыр, – дейді Дастанбек Ержанов.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елді мекенде көпті көрген, сөзі қазыналы қария қатары аз емес. Соның бірі – ауылының дамуына үлес қосып келе жатқан еңбек адамы – Дастанбек Салмырзаұлы. Атқарған ісі қарапайым ғана жұмысшы болса да, ауыл шаруашылығының өркендеуіне атсалысқан жан. Отбасында жаны жайсаң әке, мейірімді ата бола білген шаңырғаның тірегі. Оның еткен еңбегі мен қарапайымдылығы көпке үлгі.
Гүлсезім ТАБЫНБАЙ









