Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 51 газет

12 шілде 2025 ж.

№ 50 газет

09 шілде 2025 ж.

№ 49 газет

05 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Еңбегі көпке үлгі ардагер

Еңбегі көпке үлгі ардагер

Заманауи технология мен диагностикалық әдісті жетілдіре білген ветеринария саласы – адамзатқа қызмет ететін жауапкершілігі мол мамандық. Тереңөзектік Қайырбек Жүсіпов қырық жылдық еңбек өтілінде ветеринария саласын тереңнен меңгеруге тырысқан. Бүгінде 77 жасқа келген ел ағасы үй жануарларының ғана емес, ауыл шаруашылығындағы ірі қара, ұсақ мал, құстардың денсаулығына жауапты атанған. Сұраныс пен талап бар жерде, жұмыс жүреді деген қағиданы ұстанатын Қайырбек Тұрсынбайұлы өткен мен бүгінді салыстыруға келмейтіндігін алға тартады.

Қараөзек станциясына қарасты Ақиін ауылында балалық шағы өткен Қайырбек Жүсіпов мал дәрігері қызметіне қызығушылық танытады. Осыдан 60 жыл бұрын 17 жастағы жігіт Алматы қаласына арман қуып барады. Елімізде тұңғыш ауыл шаруашылығы бағытында ашылған жоғарғы оқу орны – Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтынан мал дәрігері мамандығын меңгеріп шығады. Оқу бітіргеннен кейін туған жерге оралып, аудандық ветеринариялық станцияға мал дәрігері қызметіне орналасады.

– Ауыртпалығы мол салада талай жыл табанды еңбек еттік. 1975 жылы ауданда Сәкен Сейфуллин совхозы құрылып, сан саладан маман тартыла бас­тады. Сол уақытта мені совхоздың бас мал дәрігері қызметіне тағайындады. Ауылда мал дәрігері қызметінде жүріп, кәсіби біліктілікті шыңдадық. Біздің жұмысымыз таңғы 5.00-ден басталады. Ел-жұрттың малын тексеріп, вакцина саламыз. Денсаулық жағдайын бақылаймыз. Жылдың төрт мезгілінде дамылсыз жүре білген азамат ретінде айтайын, мал дәрігері қызметі оңай, қарапайым мамандықтың қатарына жатқызылмайды. Сәкен Сейфуллин ауылында 1987 жылға дейін қызмет етіп, кейіннен, аудандық ветеринариялық станция бастығының орынбасары қызметін атқарған болатынмын. Әрине, өзіме жүктелген міндетті абыроймен орындауға тырыстым, – дейді Қайырбек Жүсіпов.

Әр ісіне байыппен қарайтын Қайырбек ақсақал төрт түлік пен жануарларда кездесетін сан түрлі аурудың алдын алуға байланысты іс-шараны жүргізуге атсалысқан. 2011 жылы зейнетке шығамын дегенше, Қайырбек Тұрсынбайұлы аудан аумақтық инспекциясының инспекторы болып жұмыс жасайған.

– Биыл облыстық «Үздік мал дәрігері» жоғары марапатын жеңіп алғаныма 40 жыл толыпты. Еңселі еңбектің жемісі болар, Мәскеу қаласында өткізілген ветеринариялық көрмеге барған едік. Он күн бойы жалғасқан көрмеге қатысып, бүкіл Одақ бойынша мал дәрігерлермен тәжірибе алмастық. Сол жылдары маманның жұмысына сұраныс жоғары еді. Әр ай сайын малдың шығыны, жағдайы, атқарылған қызмет жөнінде басшылыққа есеп береміз. Жауапкершіліктің ауыр екенін сезініп, белгілі бір елді мекеннен ауру шыққан жағдайда алдын алу үшін дайындықты қатаң жүргіземіз. Вакцинаның артық қоры қоймада сақталады. Мысалы, қасқыр бір отар қойға шапқан жағдайда құтыру дертінің өршімеуіне орай жұмыс жасаймыз, – дейді сала ардагері.

Ең алғаш ауданның бас мал дәрігері Әбжан Ибраев 1971 жылы жұмысқа қабылдаған Қайырбек Жүсіпов басшылық артқан сенім үдесінен шыға білді. Кемшілік пен олқылықты дер кезінде жойып, малдың жағдайын саралады. Әрбір ауылға қона жатып, мал арқылы жұғатын ауруды болдырмауға барын салды. Теория мен тәжірибенің айырмашылығын жіктей білетін ел ағасы – қашанда абырой биігінде. Білімді азамат дерттің таралуы өршитін, бәсеңдейтін уақытын зерделеп, көптеген іс-шара жүргізуге ықпал етеді. Тәжірибелік тұрғыдан бұрынғы кезеңде жұмыс жасаған мамандардың жұмыс үлгісі әлі күнге сұранысқа ие екендігін кейіпкеріміз айтады. Жарылқасын Нұртаев, Қожабек Жаппасбаев, Сәт Қашақбаев, Жорабек Жүнісов, Шакизат Нарболдиев, Тасболат Токманов секілді азаматтармен иық теңестіре жұмыс жасаған арда азамат жастарға жол көрсетуден жалықпайды.

Қайырбек ағаның зайыбы Күміскүл Искакова аудандық ауруханада медбике болып қызмет атқарған. Қос қария 2 перзентті дүниеге әкелген. Кіші ұл Ғалымжан әке жолын қуып, ветеринария ғылымдарының кандидаты. Жылқының сақау ауруынан арнайы ғылыми диссертация қорғаған.

– Осы күні ветеринария саласында қызмет ететін мамандардың кәсіби мерекесі тойлануда. Өзім осы саланың ыстық-суығына көнгендіктен, мамандардың әлеуметтік жағдайын жасауға көңіл бөлінгенін қалаймыз. Өзге салаға қарағанда, қытымыр аязда, жауында, аптап ыстықта дамыл көрмейтін әріптестерімнің еңбегі ерекше, – дейді ардақты азамат.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 шілде 2025 ж. 52 0