Асылдандыруға атсалысқан ардагер
Ветеринария саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен, қазіргі таңда зейнет демалысына шыққан ардагер – Ерболат Жұмабеков. Ол өз қызмет жолында мал дәрігерлігі ісінің дамуына елеулі үлес қосты. Ардақты ардагер еңбек жолын аудандық инспекцияда бас дәрігерліктен бастап, түрлі өндірістік және ауыл шаруашылығы бағытында кәсіби біліктілігін көрсете білді.Қызмет еткен жылдары жануарлар денсаулығын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу, ветеринариялық-санитариялық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету бағытында жауапты жұмыс атқарды. Өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарап, әріптестері мен тұрғындар арасында құрметке ие болды.
40 жылдан астам еңбек тәжірибесі мол Ерболат Жұмабеков көп жылғы еңбегі үшін аудан әкімінен және тағы да басқа сала басшылығының алғыс хатымен марапатталды. Бүгінде сала ардагерінің жинаған мол тәжірибесі мен өмірлік ұстанымдары жас мамандарға үлгі.
Ерболат Мұсаханұлы 1955 жылы Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келді. Білімге құштар азамат Алматы қаласындағы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. Білімін жетілдіріп, алғашқы қызметтік жолын сол кездегі Сырдария ауданындағы аудандық инспекцияда мал дәрігері болып қызметке орналасады. Тәжірибелі мал дәрігері басшылық қызметін Амангелді ауылында жалғастырады. Қашанда ауыртпалығы мол салада тегеурінділік танытқан арда азамат мал дәрігерлік қызметтің бүге-шүгесіне барынша қанығады.
Негізінен, уақытпен санаспайтын саланың жұмысы қым-қуыт келеді. Малы ауырған көпшілік мезгілсіз уақытта шақырып, жәрдем сұрайды. Ветеринар «Алтын сұр» қаракөл тері илеу цехының басшысы қызметін атқарып, түрлі семинарларға қатысып, жүлдені қолдан бермеген.
Бүгінде зейнет демалысында жүріп, жастарға бар ақылын аямайтын Ерболат жұмыста жүрген кезде ірі қара мал тұқымын асылдандыру жұмысын жүргізген. Ауданға қарасты төрт елді мекеннің мал дәрігері болып, зейнетке шығады.
Қазіргі таңда жұбайы Қамарай Рамазанова екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, 20 немеренің ата-әжесі болып отыр.
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА









