Құқықтық тәртіп – басты назарда
Аудан әкімдігінде құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырыстары өтті. Жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев төрағалық етіп, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары, комиссия мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты.Алғашқы комиссия отырысы бойынша күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Жеке адамға қарсы жасалған қылмыстардың орын алу себептері мен оларды болдырмау мақсатында айқындалған міндеттер туралы, Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу, алдын алу мақсатында қабылданған шаралар туралы және Отбасы жағдайындағы зорлық-зомбылық сипатында жасалған қылмыстардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәселелер қозғалды.
– Конституциямызда «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп анық жазылған. Сондықтан адамның өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен бостандығына қол сұғатын кез келген қылмыс – бүкіл қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіреді. Сондай-ақ, бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін, адамгершілік негіздерін айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселе. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ә.Қанзадаев, білім бөлімінің басшысы Е.Жақып, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Есмағанбетова баяндама жасап, аталған мәселе төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар аудан әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияда маңызды мәселелер талқыланды. Бірінші мәселе «Аудандық қоғамдық даму бөлімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында қабылданған шаралар туралы» Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Б.Смайлов баяндама жасады. Екінші мәселе бойынша Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Қалдыбаева квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі комплаенс қызметтерінің атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттеріне тоқталды. Үшінші мәселе бойынша А.Тоқмағанбетов, Қоғалыкөл ауылдық округ әкімдерінің міндетін атқарушылар баяндама жасады.
Өз кезегінде аудан басшысы сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне кері әсер ететін қауіпті құбылыс екенін тілге тиек етіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, заңдылықты сақтау және қоғам сенімін нығайту басты міндет екенін атап өтті. Комиссия отырыстарының қорытындысы бойынша аудан басшысы тиісті тапсырмалар беріп, нақты міндеттер жүктеді.
«Тт» ақпарат
Фото: ашық дереккөзден










