Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық бұзушылықтың алдын алу – басты міндет

Құқық бұзушылықтың алдын алу – басты міндет

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың өсуіне жол бермеу мәселелері талқыланды.

Бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Оспанов Азамат «Отбасы жағдайындағы зорлық-зомбылық сипатында жасалған қылмыстардың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар» туралы баяндама жасап, тұрмыстық қарым-қатынастағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданған және қабылданатын шараларға тоқталды.
Сонымен қатар, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша А.Тоқмағанбетов ауылдық округі әкімі Алданазаров Ғабдолла «Ауылдық округте құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу, оларды жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі қабылданған шаралар» туралы баяндады.

Жиында көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, зорлық-зомбылық қаупінде тұрған және оған ұшыраған тұлғаларды анықтап, қажетті шаралар қабылдау, елді мекендегі жайсыз отбасыларынан шыққан балаларды қосымша білімге, спорттық секцияларға және түрлі үйірмелерге барынша тарту, қылмыстық жазадан босатылғандарды жұмыспен қамту тәсілдерін қайта қарау, шаруа қожалықтарының меншігіндегі өз бетінше жайылып жүрген ірі қара және жылқы малдарының жол бойларын кесіп өту жағдайларын болдырмас үшін жайылымдық жерлерді белгілеп, оны торлармен қоршалау мүмкіндігін қарастыру және басқа да мәселелер бойынша тапсырмалар берді.
29 наурыз 2024 ж. 234 0