Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Әбірәштің әлемі


Қалтай Мұхамеджанов пен ӘбірӘш Жәмішев қазақ әде­биетінің шоқтығы биік қа­ламгерлері. Шіркейліден шық­қан қос алып исі қазақтың мақтанышы. Аудандық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ауданның, қос алыптың 90 жылдығына орай облыстық қоғамдық іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қазақ өлеңінің сыншысы Әбіраш» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Байқауда кент пен ауылдардан 14 пен 29 жас аралығындағы 7 талапкер ақын бақ сынады. Олар қос алыпқа арнаған балауса өлеңдерін шабыттана оқыды. Мүшәйра қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ә.Жәмішевке арналғандықтан оның ақындығымен қатар ғалымдығы, сыншылығы жас ақындардың жырларына арқау болды. «Әдебиет – ардың ісі» дейтін болсақ, сын оны дамытудың басты құралы. Жас ақындар шеберлігі жеткенше тақырыпты кеңінен ашуға талпынды.
Мүшәйрада шұрайлы тіл, оралымды ұйқасымен дараланған қоғалыкөлдік Ержан Мұхиятдинов жүлделі І орынды жеңіп алды. Екінші орынды шіркейлілік Рахметтолла Мұстапаев иеленді. Ал, қос үшінші орынды кент мәдениет үйінен қатысқан Ербол Сағынбайұлы мен кент клубынан сынға түскен Ақтолқын Абылаева өзара бөлісті.
***
Осы күні Қазақ елінің бас қаласы Астананың 20 жылдығына арналған облыстық «Нұрлы Астана» көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық іріктеу кезеңі өтті. Оған ауданнан 13 талапкер қатысты. Сайыс қорытындысында сәкендік Байжан Әбіров, нағилық Назерке Ғабдуллаева және айдарлылық Бақытжан Әлтаев облыстық байқауға жолдама алды. Жас өрендерге сәттілік тілейміз.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

19 маусым 2018 ж. 1 564 0