Алаяқтарға амал азайды: несие рәсімдеу қиындай түспек

Енді алаяқтарға несие рәсімдеу қиындамақ. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік және микроқаржылық қызмет саласына қатысты бақылауды күшейтетін жаңа қаулы жобасын дайындады. Жоба қазір ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Бұл бойынша елімізде онлайн несие рәсімдеуге жаңа шектеулер енгізіледі.
Аталған құжатқа сәйкес, бұдан әрі ғаламтор арқылы рәсімделген, кепілсіз тұтынушылық несие көлемі 150 АЕК-тен асса, қаражат келісімшартқа қол қойылғаннан кейін 24 сағат ішінде аударылмайды. Аталған қаржы тек қарыз алушы келісімді арнайы портал арқылы растағаннан кейін ғана қолға тиеді. Айта кетейік, 150 АЕК бүгінгі есеппен 690 мың теңгені құрайды.
Қарыз мәселесін сөз еткенде шымбайды шымшып өтетін өзекті тақырып – микроқаржы ұйымдары. Неге десеңіз, ондай ұйымдар адамның табысына, жасына, несие тарихына қарамастан қарыз тарата береді, яғни микроқаржы ұйымы арқылы несие рәсімдеу оңай әрі әп-сәтте жүзеге асады. Бірақ оның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары әрі төленбеген әр мерзім үшін неше есе болып көбейіп, бірнеше жылдың ішінде үлкен қарызға айналуы мүмкін. Бұл ретте микроқаржы ұйымдары қоғамға, әсіресе жасөспірімдерге қауіпті болып тұр. Сондай-ақ бұл алаяқтар үшін де нағыз «майлы орта» деуге болады.
Қоғамдық талқылауға ұсынылған жоба бойынша онлайн несие рәсімдеу бұрынғыдай оңай болмайды. Мұнда «кідіріс механизмін» іске қосу қарастырылған, яғни рәсімделген қаржы бірден шотқа түспейді. Бұл өз кезегінде алаяқтың жолын кесуге мүмкіндік бермек. Егер бір күн ішінде бірнеше микрокредит рәсімдеп, олардың жиынтық сомасы шекті белгіден асса, банк немесе микроқаржы ұйымы қосымша несие беруді тоқтатуға міндеттеледі.
Алғаш рет ірі көлемде несие рәсімдейтіндер мен 21 жасқа дейінгі немесе 55 жастан асқан азаматтар несие шартын тек банктің немесе қаржы ұйымының бөлімшесінде жеке өзі қатысып, жазбаша келісім берген соң ғана қол қоя алады. Сондай-ақ жаңа жобадан банктік немесе микроқаржылық омбудсмен лауазымына үміткерлерге де талаптар белгіленген. Енді бұл қызметке үміткерлер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілін В2 деңгейінен төмен меңгерген болса, жұмысқа қабылданбауы бек мүмкін.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден