«Стоп, кредит!» қарыздан бас тарт, қауіптен сақтан!

Қарыз мәселесін сөз еткенде шымбайды шымшып өтетін өзекті тақырып – микроқаржы ұйымдары. Неге десеңіз, ондай ұйымдар адамның табысына, жасына, несие тарихына қарамастан қарыз тарата береді. Яғни, микроқаржы ұйымы арқылы несие рәсімдеу оңай әрі әп сәтте жүзеге асады. Бірақ оның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары әрі төленбеген әр мерзім үшін неше есе болып көбейіп, бірнеше жылдың ішінде үлкен қарызға айналуы мүмкін. Кей-кейде қысылтаяң шақта несие алу да жақсы бір жағынан. Ал бірақ микроқаржы ұйымдары қоғамға, әсіресе жасөпірімдерге қауіпті болып тұр. Сондай-ақ бұл алаяқтар үшін де нағыз «майлы орта» деуге болады.
«Стоп, кредит» деп аталатын сервис бар. Бұл қызмет қарыз алудан ерікті түрде бас тартуға жәрдем береді. Аталған сервис 2023 жылғы наурыздан бастап қолжетімді. Десек те бұл туралы біреу білсе, көпшілік біле бермейді. Аталған мемлекеттік қызмет eGov порталында және е-Gov mobile қосымшасында авторландырылған, оны ЭЦҚ көмегімен жазылу арқылы алуға болады.
Қазір қаржы саласында алаяқтық кеңінен етек алған. Сырттағы жауды былай қойғанда, үйіндегі үлкен кісілерге «қастық» қылатындар ақшаның буына алаңсыз мастанған. Өзім осындай жағдайды бірнеше рет естіп, куә болдым. Жаға ұстатарлық жағдай көбіне электронды қызметті түсіне бермейтін егде кісілерге қатысты орын алып жатады. Үйдегі ата-әжесінің яки ата-анасының ұялы телефоны арқылы несие рәсімдеп, ішкіліккі, құмар ойынға салып жібергендер туралы қылмыстық істер де қозғалғаны есімізде. Ал кәнігі алаяқтар қашықтан-ақ атыңыздан несие рәсімдей береді. «Стоп, кредит» сервисі осындай жағдайдың алдын алуға бағытталған.
Азаматтарды құйтұрқылықтардан қорғау мақсатында өз-өзіне қарыз алуға тыйым салу қызметі қарастырылған. Бұл өте тиімді. Тіпті қауіпсіз деген жағдайда да бағдарламаны қосып қою қажет. Ал алда-жалда несие рәсімдеу қажет болса, бұл сервистен жеке тұлғаның өтінішімен оңай бас тартуға болады.
Қызметті қалай қоса аламыз? Ең алдымен egov.kz сайтына логин мен арнайы парольді енгізіп, ЭЦҚ көмегімен жеке деректерге қолжетімділікті растайсыз. Одан кейін сайттың басты бетіндегі «Сервистер», «6 ай мерзімге банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту», «Қызметке онлайн тапсырыс беру» бөлімін таңдау қажет. Содан кейін толтыру қажет құжаттар ашылады. Барлық міндетті жолдарды толтыру және өтінімге ЭЦҚ көмегімен қол қойғаннан кейін сіздің атыңыздан өзіңіз де, өзгелер де несие рәсімдей алмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл қызметтің қажет болған жағдайда өз келісіміңізбен күшін жою қиын емес. Ескерте кететін жайт, жеке кілтті (ЭЦҚ) екінші тұлғаға хабарлауға, көрсетуге болмайды. «Стоп, кредит» сервисін пайдалану арқылы сіз өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды қорғап қана қоймай, несие рәсімдегіңіз келмейтіні жөнінде банктерге ескерте аласыз.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 19 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кредитті ресімдеуден ерікті түрде бас тартуы болған кезде қарыз алушы кредиттік ұйым берген несиені өтеуден босатылады деп айқындалған. Егер азамат кредит алудан ерікті түрде бас тартса, бірақ осы кезеңде оның атына кредит заңсыз ресімделген болса, онда кредит беруші банк немесе МҚҰ қарызды есептен шығаруға міндетті болады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Н.Нұржаубай