Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал ұрлығының жазасы қатаң

Мал ұрлығының жазасы қатаң

«Мал-жан аман ба» деп амандасатын халқымыз үшін төрт-түлік малдың орны ерекше. Ежелден малмен күн көрген ата-бабамыз төрт түлікті қасиет тұтқан. Үй жануарын күтіп, баптап, отбасының қажетіне жаратып отырған тұрғындар қиын жағдайға тап болуда. Әп-сәтте қорасындағы малынан айырылып қалатын оқиғаның соңғы кезде жиілеп кетуі қоғамның басты мәселесі болып тұр. Сондықтан мал ұрлығы – жазасы қатаң қылмыс түріне айналуы бекер емес. Себебі мал ұрлығын кәсіпке айналдыратындардың қарасы көбейген.

Нақтырақ айтқанда, қылмыстық кәсіпке айналды деуге негіз бар. Яғни мал ұрлығын ұйымдастырудан бастап, орындаушылар мен тасымалдаушылар, сатушылардан құралатын топтың әрбір ауыл-аймақта бар болуы мүмкін. Өрістен үйір-үйір жылқыға қол сұғып, қорадағы жалғыз малын да үптеп кететін әккі ұрылардың көбеюі қарапайым халықтың жағдайына әсерін тигізуде. Тұрмысына жарап, нәпахасын малдан көріп отырғандарды барынан айырып, қан қақсататындарға заңмен жаза қатаңдатылды. Осы уақытқа дейін татуласу деген болған. Шығынды өтеп берсе, татуласуға жол берілетін. Енді ауыр қылмыс түріне ауыстырылғаннан соң жазадан құтылмайды. Мал ұрлығына бірнеше рет барса, бас бостандығынан айыру 10 жылдан 12 жылға дейін белгіленген.

«Малым – жанымның, жаным – арымның сада­қасы» деп отырған ауылдағы ағайынның қорадағы малына қол сұғу – күнкөріс көзінен айырумен бірдей. Сондықтан да мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында Қазақстан Рес­публикасының Қылмыстық Кодексіне мал ұрлығына қатысты жаңа бап енгізілген. Мал ұр­лығы үшін тағайындалатын жаза басқа ұр­лықтарға қарағанда қатаң.

– Аудан көлемінде осы жылдың 6-10 сәуір аралығында «Мал ұрлығына жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат – мал ұрлығының алдын алу, қылмыстың жолын кесу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы іс-шара барысында аудан көлемінде рейд жұмысы күшейтіліп, мал тасымалдайтын автокөліктер тексерілді. Мал базарлары мен қасапханаларға бақылау жүргізіліп, құжатсыз мал тасымалдау деректерінің алдын алу бағытында жұмыстар атқарылды.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға малды қараусыз қалдырмау, тиісті құжаттарын реттеу және күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға хабарлау қажеттігін ескертеді. «Мал ұрлығына жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасының 3 күнінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің №408 бабы бойын­ша 9 азамат анықталып, арнайы шара көрілді.Осы кодекстің №406 бабы бойыншада әкімшілік құқық бұзушылық орын алған. Ветеринариялық талаптарды бұзған жандар тәртіптік шараға тартылды. Бүгінде аудан әкімдігі, полиция бөлімі, ветстанса мекемесі арасында үшжақты меморандум жүргізіліп, тиісті жұмыс жасалуда. Сырдария аудандық полиция бөлімі құ­қық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады, – дейді полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Фото: gov.kz
11 сәуір 2026 ж. 106 0