Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал ұрлығын болдырмаудың тиімді жолы

Мал ұрлығын болдырмаудың тиімді жолы

Мал ұрлығы қылмыстарының соңғы жылдары көбейгені белгілі. Тіп­­­ті қорасындағы соңғы малын ұрлатып, сан соққан талайды көрдік. Осы ретте Сырдария аудандық прокуратурасы пада ұйымдастыру жөнінде бастама көтерді. Расында да бұл мал ұрлығын болдырмаудың тиімді жолы.

Пада ұйымдастыру біздің бала күнімізде қалыптасқан жұмыс еді. Ауылдағы бірнеше өріске жайылатын малды үлкен кісілер реттеп, кезектесіп бағуды ұйымдастыратын. Сонда әкелерімізден мал ұрлығы тиылғанын еститінбіз. Әр үй бір күнді белгілеп, сол күні өріске шығатын малды таңертеңнен кешке дейін бағатын.

Қарапайым тілмен айтқанда, қорадағы мал – ақша. Ақшаны кім ұрлатқысы келеді? Сондықтан әркім өз малына жауапты екенін ұмытпауы қажет. Малды өріске жібере салып, алаңсыз отыруға болмайды. Ниеті арам ұрылардан бәрін күтуге болады. Осыны ескерген аудандық прокуратура аудан әкімдігімен және аудандық полиция бөлімімен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Мал ұрлығының қылмыстық жауапкершілікке әке­ле­тіні де түсіндірілді.

Игі бастаманы ардагерлер де қолдауда. Қоғамдық кеңестерде бұл мәселе талқыланды. Ардагерлер пада ұйымдастыру мал ұрлығын болдырмау мен алдын алудың ең төте жолы екенін айтуда. Сондықтан қадағалаушы органның бастамасын жекелеген азаматтар қолдауы қажет. Бұл қоғам үшін керек.

Гүлсім Әлжанова
06 маусым 2020 ж. 638 0