Мал ұрлығы үшін жаза қатаң
2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында мал ұрлығына қатысты жаза барынша қатаңдатылды. Мал ұрлығы жеке бап болып енгізіліп, төрт түлікке қырғидай тиетіндер бұрынғыдай жеңіл жазамен құтылмайтын болды. Бүгінгі күні соттарда мал ұрлаушылардың қылмысы жалпы ұрлыққа кірмей, арнайы баппен қаралуда. Бұл бап ауыр санатқа жатады және сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Заңдағы 188-1-бапта бөтеннің малын ұрлағандардың мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.
Ал енді алдын ала сөз байласу арқылы мал ұрлаған қылмыстық топтың, ірі мөлшерде мал ұрлаушылардың жазасы бұдан да ауыр. Олардың да мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болса, тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен, бірнеше рет, аса ірі мөлшерде және қылмыстық топ жасаған мал ұрлау бойынша жаза одан әрі қатаңдатылған. Жалпы мал ұрлағандарды табу, ұстау қандай қиын болса, қылмысты дәлелдеу мен жоғалған тұяқты орнына қою одан да күрделі. Біреудің қорасындағы малды болмашы ақшаға сата салатын қылмыскерлер өз қателігін мойындап, кешірім сұрап, көбінесе ұрлағанын орнына қойып береді. Бірақ жоғалғаны табылған жәбірленуші енді «Қайтқан малда береке бар» деп дау қумай мәселені жылы жауып қоя алмайтынын ескеру керек. Себебі, шығынды өтеп, істі болған қылмыскерлер жәбірленушілермен келісімге келе алмайды.
Мал ұрлығына қатысы бар күдікті Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің Мал ұрлау 188-1-бабы бойынша жазаланады. Бұл ретте, Сырдария аудандық сотында мал ұрлығына байланысты іс қаралған болатын. Сот отырысы барысында Ү. І. есімді азаматтарға сот үкімі шықты. Өз кезегінде жәбірленуші тараптың уәжін тыңдаған сот отырысының төрағасы күдіктілерге жаза тағайындады. Яғни, аталған азаматтар бірнеше жылға бас бостандығынан айырылды.
Қай кезде де қылмыстың өтеуі – жаза. «Дәніккен құныққаннан жаман» деген қазақта сөз бар. Сондықтан қылмыс жасаған адам жазасын өтеу барысында қатесін түсінсе дейміз. Аудандық сотта көбіне мал ұрлығына байланысты істер қаралады. Жұмыс процесінде сан түрлі азаматтың уәжін тыңдауға тура келеді. Бірнеше малынан айырылған көпшіліктің шығыны өтеліп, қылмыскерге әділ жаза тағайындау маңызды рөл ойнайды.
Мал ұрлығын басқа қылмыстармен салыстырмау керек. Себебі, мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл халқының төрт түлігіне қол сұғу – табыс көзінен айырумен тең.
Руслан Алдамбергенов,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы
Сырдария аудандық
сотының төрағасы