Мал ұрлығы үшін жаза қатаң
Соңғы жылдары мал ұрлығы еселеп өсіп, негізгі күнкөрісі болып отырған малынан ажырау жоқ іздеушілерге оңай соқпауда.
Ұрланған малының табылмауы, барымташылардың қолға түспеуі мал иелерін ашындырды. Бұрындары барымташылар табылған күннің өзінде малдың, не оның өтемін қайтара алмайтын, керісінше «оңай олжаға» кенеліп жүріп, жәбірленушімен татуласып, жазадан құтылу жағдайлары орын алып отырды. Ал өтемін төлеп, жазадан құтылып кету ұрыларды есіртіп жіберді. Мысалы, 2018 жылы Сырдария аудандық сотында Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігінің 1), 2) тармақтарында көзделген қылмысты жасағандары үшін айыпталған 4 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот құжаттарына сәйкес, сотталушылар алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет мал ұрлығын жасаған. Олар бірінші күріштік алқабында жайылып жүрген 1 бас қара ала сиыр малын ұрлап, жәбірленушіге 200 мың теңге мүліктік залал келтірген. Мұнан соң сотталушылар қылмыстық іс-әрекеттерін одан әрі жалғастырып, 2 бас қызыл түсті сиыр малын ұрлаған. Салдарынан жәбірленушіге жалпы құны 550 000 теңге мүліктік залал келтірілген. Сотталушылар мұнымен ұрлығын қоймай, өрісте жүрген 3 бас сиыр мен 1 бас бұқаны ұрлап, көлікке тиеп алып келе жатқанда полиция қызметкерлері тоқтатып, 1 бас бұқа мен 3 бас сиырдың ұрлық екені анықталған.
Сот талқылауында сотталушылар жәбірленушілермен өздерінің араларындағы істі «Медиация туралы» Заңының тәртібімен шешу мақсатында кәсіпқой емес медиаторға жүгініп, өзара ымыраға келіп, татуласты. Келтірілген мүліктік залалдарын жәбірленушілерге толық өтеп, өзара татуласқандарын, осыған байланысты істі «Медиация туралы» Заңына сәйкес қысқарту үшін араларында жасалған «Дауды (дау-шарды) реттеу туралы» келісімді сотқа ұсынатындарын көрсетті. Сот қаулысымен айыпталған сотталушылар жәбірленушілермен медиация тәртібімен татуласуына байланысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс сот өндірісінен тоқтатылды. Бірнеше рет мал ұрлығын жасаған олардың осыдан кейін «бұл кәсіптерін» қайта жалғастырмайтына ешкім кепілдік бермейді.
Сондай-ақ тағы да бір қылмыстық іс жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, сот өндірісінен тоқтатылды. Қылмыс былайша өрбіген. Төрт жігіт оңай жолмен ақша табу мақсатында мал ұрлығын жасау жөнінде өзара келіседі. Осы қылмыстық ниеттерін іске асыру үшін Сырдария ауданына қарасты бір ауылға келеді. Елді мекен сыртындағы мал шаруашылығымен айналысатын үйлерді іздестіріп жүрген. Ауыл тұрғыны азаматша Г.-ның мал қорасына көздері түсіп, аталған үй маңында бөгде адамдардың жоқ екеніне толықтай көздерін жеткізеді. Содан олар түннің қараңғылығын пайдаланып, қора ішінен әрқайсысының құны 35 000 теңгелік 3 бас қойын ұрлап, жәбірленушіге жалпы құны 105 000 теңге мүліктік залал келтірген. Бұл қылмыстық іс те сот өндірісінен тоқтатылды.
Ал 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында мал ұрлығына қатысты жаза барынша қатаңдатылды. Мал ұрлығы жеке бап болып енгізіліп, төрт түлікке қырғидай тиетіндер бұрынғыдай жеңіл жазамен құтылмайтын болды. Бүгінгі күні соттарда мал ұрлаушылардың қылмысы жалпы ұрлыққа кірмей, арнайы баппен қаралуда. Бұл бап ауыр санатқа жатады және сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Заңдағы 188-1-бапта бөтеннің малын ұрлағандардың мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген. Мәселен, Сырдария аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағандары үшін айыпталған сотталушылар К., Ы. және О.-ға қатысты қаралған қылмыстық істі айтуға болады. Сотталушылар бірнеше мәрте жылқы ұрлап, оларды аңшы мылтығымен атып алып, барлығын сойып сатқан. Сотталушылар бұл қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттерінен жәбірленушілерге 3100000 теңге мүліктік шығын келтірген. Сот үкімімен соттталушыларға 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Статистикалық деректер бойынша 2018 жылы аудандық соттың өндірісінде мал ұрлығына қатысты 15 адамға қатысты 6 қылмыстық іс қаралды. Сотталушылардың жәбірленушілерге келтірілген залалдың орнын толтырып, татуласуына байланысты тоқтатылды. Ал 2020 жылы 7 адамға қатысты 6 қылмыстық іс, 2021 жылы 5 адамға қатысты 3 қылмыстық іс қаралып, айыптау үкім шығарумен аяқталды.
Бұл жерде жәбірленуші кешірім берсе де, заңмен жаза тағайындалатыны назарға салынады. 2018 жылғы сот тәжірибиесінде қаралған істерді мысалға келтірілгендей, енді қылмыс жасаған адам жазасын тиісті түрде өтемей, жазадан босатылмайды.
Мал ұрлығын басқа қылмыстармен салыстырмау керек. Себебі мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл халқының төрт түлігіне қол сұғу табыс көзінен айырумен тең.
Р.Алдамбергенов,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы
Сырдария аудандық
сотының төрағасы