Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Барымташыларға кешірім берілмейді

Барымташыларға кешірім берілмейді

Соңғы жылдары елімізде мал ұрлығы көбейді. Тіпті бұл кәсіпке айналып кеткендей. Әсіресе ауыл­дық жерлерде осы қылмыс тү­рі тиы­лар емес. осыған орай жаңа жылдан бастап заң талаптары күшейтілді. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процес­тік заң­наманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорға­луын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарас­ты­рылды.
Атап өтерлігі, енді мал ұрлығымен ұс­талған адам бас бостандығынан айыры­лады. Яғни мал ұрлығы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды.
Мал ұрлығына қатысты заңның қатайғаны соншалық, талқыға түскен қылмыстық ко­декс жобасында мал ұрлығы деген жеке бап енгізілді.
– Мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызмет­тік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға, көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды. Бұдан бө­лек енді мал ұрлағандар мен малынан айы­рылғандар ымыраға келе алмайды. Тыйым салынды. Қылмыстық кодекстің 68 бабына түзету енгізілген, – дейді ҚР ІІМ Тергеу де­партаментінің басшысы Санжар Әділов.
Демек, ендігі жерде мал ұрлығымен ұс­талған адам бірден темір торға тоғытылады. Бұрындары елді мекендерде ағайыншылыққа салынып, мал ұрлығы болғанда екі жақты келісімге келу болған. Жаңа Заңға сәйкес енді оған жол жоқ.
Заңға енгізілген «Мал ұрлығы» бабының 1-тармағы бойынша аталған қылмыс үшін жүктелетін айыппұл мөлшері 3 мың АЕК-ке (7 миллион 575 мың теңгеге) дейін өсіп отыр. Ал бас бостандығынан айыру немесе оны шектеу мерзімі 5 жылға дейін жеткізіліп, қылмыскердің мүлкі міндетті түрде тәркілеп алынатын болған. Яғни егер мал ұрлығына қатысы бар кінәлі адамдар 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. Ал егер олар ұйымдасқан түрде топ болып қылмыс жасаса 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.
Жалпы мал ұрлығы бойынша мал тасы­малдайтын автокөліктерге бақылау күшей­тіліп келеді. Яғни үлкен автокөліктер жіті тексеріледі. Өйткені мал тасымалы кезінде анықталатын заң бұзушылықтарға да жауап­кершілік қатаңдатылды. Мәселен, та­сы­мал кезінде малдың санын дұрыс көр­сетпеген жағдайлар болса, азаматтарға 20-дан 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Жалпы айтқанда, еліміздегі мал ұрлы­ғының өршуі қоғам наразылығын тудырып отыр. Осыған орай Заң талаптары қатаң­датылып, ендігі жерде аталған қылмыс бо­йынша ұсталғандар ауыр жазаға кесіледі. Заң талаптарының күшейгені – мал ұрлығына қатысты қылмысты болдырмауға жасалған маңызды қадам.

Е.БЕРКІНБАЕВ
21 қаңтар 2020 ж. 1 186 0