Тағылымды тағдыр, тегеурінді қалам
Дәметкүл Құмақбай есімі аудан жұртшылығына, оның ішінде әдебиетке құштар қауым арасында кеңінен белгілі. «Тұмардай таққан гауһарым» атпен жарыққа шыққан кітабы оқырман жүрегінен орын тапқан кейіпкеріміздің, бұған дейін әңгіме, очерк, мақалалары аудандық газет бетінде ұдайы жарияланады. Көбіне әйел-аналар тақырыбын ойына арқау, тақырыпқа тұздық ететін Дәметкүл Қонысбайқызы туралы қалам тербеуді жөн санадық.Сөз басында, Дәметкүл апайды көпшілік Дәмеш деп атайтынын басын ашып айта кетуді жөн санадым. Айтулы мереке, туған күн болсын, Дәмеш апай туған-туыс, дос-жаран, замандастарға естелік-әңгіме арнайды. Бастан өткен оқиға желісінде жазылған мәтін жұп-жұмыр, оқырманын елітіп әкетеді. «Қайран, біздің аналар, арды ойлаған», «Орамал», «Анашым, сені ойласам», «Апайымның айналайыны», «Керемет жан», «Әпке», «Апажан», «Ләззат», «Әдемілік», «Рыскүл апа», «Рахима», «Бір түнде пальто тіккен», «Гүлістан», «Бота», «Тойдағы би», «Бағыттаушы болған қазақ қызы», «Конькиші Кенжеш», «Ардақ», «Тілекші жан», «Таняның әңгімесі», «Әжемнің бармағы» сияқты әңгімелері оқырман тарапынан жоғары бағаланған. Айтпағымыз, Дәмеш апай бұған дейін қаншама қыз-келіншектің сөзсуретін әңгімеге арқау етті. Ендігі кезекте біз аудандық газеттің түлегі Дәметкүл Құмақбайдың өзі туралы жазғымыз келеді.
Табалдырығы – төр, төрі – тұғырға айналған аудандық газет редакциясы – қарашаңырақ, киелі орда. Ұлылардың ізі қалған, мықтылардың қолтаңбасы бар газет редакциясы талай майталман мамандарды тәрбиелеп, қияға қанат қаққызды. Айтып өткенімдей, Дәмеш апай да өзінің еңбек жолын осы қарашаңырақтан бастаған. Ендеше кейіпкеріміздің өміржолына тоқталсақ.
1966 жылы дүниеге келген ол кент орталығындағы №35 мектепті бітіргеннен кейін, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Жастайынан жазуға, шығармашылыққа жақын болғандықтан, қағаз бен қаламды серік етеді. Алғашқы еңбек жолын аудандық «Еңбек туы» газетінен бастап, он екі жыл редакция жұмысының жандануына ықпал еткен. Кейін газет атауы «Тіршілік тынысы» болып ауысып, өзгерістерге толы жылдары да газеттің сапалы шығуына, бүгінгі күнге дейін оқырманымен қауышуына зор үлес қосқан. Сол кездерде ардақты ағалардан, тәжірибелі мамандардан тәлім-тәрбие алып өскенін әркез кейінгі буынға айтып отырады.
– Әр адамның өмір баспалдағында ерекше әсер ететін, кісі болып қалыптасуына әке-шешеңнен, мектебіңнен басқа да ықпал ететін адамдар болады. Менің де негізгі университетім – бұл менің өскен ортам, негізгі жұмысым деп ойлаймын. Редакцияда алғашқыда стажер, кейін радиохабарлары бөлімінің меңгерушісі, сектор меңгерушісі, жауапты хатшы болсам, кейін аудандық газет редакторының міндетін атқардым. Сұлтан әке, Абызбай, Болатбек, Мұхтар, Келдібай, Балашбек ағайлар мен редакциядағы апайларымнан қызметте ғана емес, адами қарым-қатынас, сыйластық тұрғысында өмірлік те сабақ алдым. Сондықтан редакцияның менің өмірімде алар орны зор, – дейді Дәметкүл Қонысбайқызы.
Дәмеш апай міне, жиырма бес жылдан асты, Астана қаласының тұрғыны. Бас шаһардағы қызметі негізінен спорт және туризм саласымен, соның ішінде спорт саласына мемлекеттік тілді енгізу, терминологияны қалыптастырумен тығыз байланысты. Осындай жауапты жұмысқа қарамастан, оның қолынан қағаз бен қаламы түскен емес. Ол туралы кейіпкеріміз сұхбат барысында да айтып өтті.
– Әрбір қалам ұстаған адамның өзіне жақын тақырыбы болады. Жылдар өтсе де, соған қайта-қайта орала бересің. Менің әйелдер, аналар, ұстаздар, қыз-келіншектер, құрбылар туралы жазған мақалаларым да, әңгімелерім де өте көп екен. Оқырмандарым да сол туындыларымды парақшамнан жиі-жиі оқып, жақсы пікірлерін, алған әсерлерін қалдырып отырады. Сондай-ақ, ұрпақ қамы, баласы үшін шыр-пыр болып, өмірдегі бүкіл ауыртпалыққа көнетін аналар мен тағдыры әрқилы әйелдер, қыздар жайындағы «Бір қап жаңғақ», «Түс», «Жаңбырдың биі», «Тамұқ», «Ваза», «Манты», «Ана жүрегі», «Скарлетт», «Құдайы қонақ», «Апамның көзі» және басқа да әңгіме-новеллаларым газет арқылы, әлеуметтік желідегі жеке парақшам арқылы оқырманға жетті. Оны оқырмандар жақсы қабылдады. Мен ұзақ жылдан бері түрлі тақырыпта мақала, очерктер жазып келемін. Бірақ, түсінгенім, өмірдегі барлық мәселе әйелге келіп тіреледі және әйелдер арқылы шешімін табады. Себебі әйел – осы өмірдің айнасы. Әйелі бақытты үй, қоғам, түптеп келгенде, мемлекет – нағыз бақытты, – дейді кейіпкерім сыр шертіп.
– «Тұмардай таққан гаухарым» кітабын үлкен қызығушылықпен, бірдемде оқып шықтым. Шығармалардың тілдік қолданысы жатық, мазмұны мейлінше терең әрі түсінікті. Бұл туындыларды тек әдеби еңбек емес, қазақи құндылықтардың қайнар көзіне тұнып тұрған рухани қазына деп бағалар едім. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың бойына ұлттық кодты сіңіруде мұндай дидактикалық маңызы жоғары, қысқа да нұсқа туындылардың орны ерекше. Тілі жеңіл болғанымен, көтерген жүгі ауыр бұл шығармалар – балаларды адами және рухани құндылықтарға баулуда таптырмас құрал, – дейді апайдың төл туындысы туралы пікір білдірген оқырман, ұстаз Жанар Тұрлыбекова.
Айтпақшы, Дәмеш апайдың аударма саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. К.Паустовскийдің «Шілтерші Настя», Л.Петрушевскаяның «Жоғалған қыз», тәжік жазушысы Саттар Тұрсынның «Домбыра», «Өгей шеше», әзірбайжан жазушысы Анар Рзаевтің «Мен, сен, ол және телефон», «Жаңғақтың қабығы» әңгімелерін тәржімалады. Сәтті аудармалары оқырман жүрегінен орын тапты.
Дәметкүл Қонысбайқызының ел спортын дамытуға қосқан ең үлкен жұмысы – 2008 жылы жарық көрген Ө.Жолымбетов пен А.Құлназаровтың «Спорт атауларының қазақша-орысша сөздігі» және 2009 жылғы «Спорт терминдерінің түсіндірме сөздігі», сондай-ақ Е.Никитинскийдің «Қазақстанның туристік құқығы» тағы басқа да кітаптарды әзірлеуге атсалысып, ізденімпаздық пен жауапкершілік танытқандығы. Бұл сөздіктер мен кітаптарды сала мамандары өз жұмыстарында қазір де кеңінен қолданып келеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Туризм және спорт агенттігінде жұмыс атқарған жылдары елімізде «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның, салалық мемлекеттік бағдарламалардың және көптеген нормативтік-құқықтық актілердің әзірленуіне өзіндік үлесін қосқан. Туризм және спорт саласындағы терминологияны қалыптастыруға қосқан үлесі, осы салада мемлекеттік тілді енгізудегі абыройлы жұмысы үшін ол 2009 жылы «Тіл жанашыры», 2018 жылы «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мерейтойлық медалімен, сондай-ақ «Қамқор» ЖШС-нің «Даңқты еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстанның велосипед спорты федерациясы» РҚБ-нің Алғыс хаттарымен марапатталғанын үлкен мақтанышпен айтып, кейінгі буынға үлгі етеміз.
Бүгінде редакциямен тығыз байланыс орнатқан кейіпкеріміздің 2022 жылы «Тұмардай таққан гауһарым» атты кітабы жарық көріп, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Кітаптың тұсаукесері өзі білім алған білім ордасында өтіп, салтанатты кешке біз де куә болған едік. Сондай-ақ Дәметкүл Қонысбайқызы қармақшылық көпбалалы ана, пошта қызметкері Аққатша Қуанышқызы туралы «Ғибратты ғұмыр», кейін жылқышы, Сырдария ауданының құрметті азаматы Рысбай Мырзатаев туралы «Бақыттың кілті – еңбекте», теміржолшы Жақыпбек Алпысбайұлы туралы «Жапырағын жайған бәйтерек» атты өмірбаяндық кітаптардың шығуына да атсалысты. Қарапайым еңбек адамдары туралы әр жылдары оқырманға жеткен бұл туындылардың көпшілік көңілінен шыққанын айта кеткен жөн.
Дәмеш апайдың әкесін де, анасын да өз көзімізбен көрдік. Біз ол кезде кішкентай болсақ та, жайдары жүзді жандардың келбеті көз алдымда. Әкесі Қонысбай ата бір тыным таппайтын еңбеккеш кісі еді. Жұмысты да істеп, малды да бағып, бақшаны да жайнататын. Ал анасы Ақтеңге қолы ашық, жомарт жан еді. Біз секілді кішкентайларды көрсе, қалтасынан түрлі тәттіні, құрт пен тиындарды шығарып, уысымызды толтырып жіберетін. Біз осындай қасиетіне қарап ол кісіні «Аяз ата әже» деп атайтын едік.
Журналист, аудармашы Дәметкүл Құмақбай асқаралы алпыс жасқа толды. Бүгінде өзі де әкесі мен анасының жолын жалғап, даналық жасқа бағыт алды. Адам баласы бұрылып, жүрген ізіне көз салғанда, «өмірде не тындырдым?» деген сұраққа жауап іздейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өмірдің әр белесінде өзінің игілікті ісін қалдыра білген жан. Алпыс жас – асу ғана емес, артта қалған жылдардың мағынасы мен мәнін таразылайтын кемел шақ. Саналы ғұмырын сөз өнеріне, ел руханиятына арнап келе жатқан кейіпкеріміз – қоғамның шамшырағы. Оның өнегелі өмір жолы, ұлтқа қалтқысыз қызмет етуі – кейінгі буынға үлгі, адал еңбектің, табандылықтың және рухани дамудың жарқын көрінісі.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ








