«АҢЫЗ БОЛҒАН АБЫСЫНДАР»
Әдебиет әлемінде қылықты қыз, бұрымды ару, ардақты ана, салиқалы бәйбіше тақырыбында қалам тербеген жазушы аз емес. Ал, абысын-ажын тақырыбын жазуға көпшілік сараңдық танытатыны және рас. отбасындағы шаруаның бел ортасынан табылып, бір-біріне қолғабыс болар әулеттің келіндері хақындағы өмір шындығын суреттеу ерекше тебіреніс сыйлайды.
Бұл жерде тұрмыстағы сан түрлі оқиға желісі бірінен соң бірі жалғасын тауып шынайы көрініс анық байқалады. Бүгінгі мақалаға арқау болғалы отырған оқиға желісі өткен ғасырдың шеңберінде еліміздің батыс аймағында орын алған деседі. Былтыр белгілі жазушы Дариға Мұштанова сол уақытта талай қиындықты бастан өткерген бір шаңырақтың үш келіні жайында «Аңыз болған абысындар» атты кітапты жарыққа шығарған болатын. Алғаш редакцияға мәдениет саласының ардагері Жантемір Айсин кітапты алып келгенде редакция қызметкерлері қолдан-қолға тигізбей жарыса оқыдық. Шығарманың бойынан таза іңкәрлікті аңғарғандай болдым. Танысып шыққаннан кейін әр қазақ қызына тән адалдық, үлкенді сыйлау, құрметтеу секілді ерекше қасиетерді байқадық. Жазушы күрделі сөзден көрі көркем тілді стильді қолданыпты.
Мазмұны ерекше кітаптың мағынасы тереңде жатыр. Танымдылығы жағынан көркем суретке толы туындыда қазақы дәстүрдің мәйегін сақтаған үш абысынның бастан өткерген ауыртпалығы мен тауқыметі, сүргелең жылдар сүреңсіздігі, табиғатынан жаратылысы әр түрлі сипаттағы олардың өмірі бейнеленеді. Тың тақырыпқа тұңғыш түрен салған шығарма өзегінде кейіпкерлердің кәдуілгі тұрмыс-тіршілігі, өзара татулығы, табандылық танытуы жатыр. Өзара шиеленіскен сан алуан тауқыметке төтеп беру абысынды-келінді үшеудің айтарлықтай қайраткерлігі секілді. Қиын да, күрделі ғұмырды қағаз бетінде өрнектеу барасында тарихтан тағылым алған жазушының шеберлігі ерекше. Алтын құрсақты аналардың тағдыр ауыртпалығына қарсы тұрып, жеңіп шыққаны керемет. Тебірінеске толы шығарма желісінде қатарласа ғұмыр кешкен үшеуінің мінезі, адами болмысы, аналық келбеті, шынайы қасиеті қазақ әйеліне тән барлық құндылықты көрсетеді. Кітаптан Сақыпжамал, Сақып, Ділдә есімді абысынның ғұмырлық шежіресіне қанығасыз. Сол кездегі ағайынның арасындағы мызғымас бірлік пен ынтымақтың үлгісіне айрықша басымдық беріледі.
Осы ретте аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Сырдария әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Абысын тату болса…» тақырыбында оқырманмен сұхбаттасу кеші өткізілді. Алғаш аталмыш ұйым төрайымы Ұ.Жанәлиева сөз алып, кітап мазмұны төңірегінде сөз қозғады. Аудандық орталықтандырылған кітапханаға қарасты №1 филиал кітапханасының кітапханашысы Л.Серікбаева туынды жайлы баяндап берді. Бұдан кейін кеш қонақтары өзара пікір алмасып, тағылымға толы шығарманың өзегін ақтарды. Жалпы қоғамдағы әйел болмысын аша отырып, үлгі-өнеге алатын тұстарын жеткізді. Кітаптағы кейіпкерлер негізінен Жантемір Айсин әулетіне қатысты. Шығарманың жанды кейіпкерлерінің бірі ретінде Ж.Айсин кітаптың жазылу барысын айтып берді. Орал қаласында үлкен тұсаукесер рәсімі өткізіліп, шығарманың мазмұнына құрастырылған сахналық қойылым көрсетілгенін айтты. Екі мыңға жуық данамен басылған кітап бүгінгі таңда оқырман арасында сұранысқа ие.
Шараның екінші бөлімінде аудан көлемінде, татулығы жарасқан әулет келіндері сөз алды. Бұлар өзара тығыз байланысын арқау етіп, көпшлікке үлгі көрсетті. Бір-бірінен ажырамаған ағайындылардың тұрмыс-тіршілігі дәріптелді. Сонымен қатар бірнеше сан жылдар бойы қатар шаңырақты шайқалтпай ұстап келе жатқан абысынды-келіндер марапатталды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ