Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 25 газет

07 сәуір 2026 ж.

№ 24 газет

04 сәуір 2026 ж.

№23 газет

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Сәуір жаңбыры – тіршіліктің тынысы

Сәуір жаңбыры – тіршіліктің тынысы

Сәуір айы – көктемнің шынайы келбеті айқындалатын кезең. Бұл уақытта табиғат қыстың салқынынан толық арылып, жаңа тіршілікке бет бұрады. Алайда сәуірдің басты ерекшелігі – жиі жауатын жаңбыр. Бір қарағанда қарапайым құбылыс сияқты көрінгенімен, оның табиғат пен адам өміріндегі маңызы зор.

Сәуір жаңбыры – жердің нәрі. Қыстан кейін құрғап қалған топырақ ылғалға қанып, өсімдіктердің өсуіне жағдай жасайды. Дәл осы кезеңде ағаштар бүршік жарып, көк шығып, айнала жасыл түске боялады. Көктемгі жауын – болашақ көркемдіктің бастауы. Сонымен қатар сәуірдегі жауын-шашын ауа тазалығына да оң әсер етеді. Қалалардағы шаң-тозаң басылып, ауа сергіп қалады. Бұл адам денсаулығына да пайдалы. Табиғаттағы осындай өзгерістер адамдардың көңіл-күйіне әсер етіп, сергектік сыйлайды. Дегенмен сәуір айының ауа райы құбылмалы келеді. Күннің күрт жылып, қайта суытуы, жаңбыр мен желдің алмасуы – осы айға тән құбылыс. Кейде тіпті қар аралас жаңбыр да жауады. Бірақ мұның бәрі – табиғаттың заңдылығы, көктемнің қалыпты көрінісі.

Бұл ретте сәуір жаңбыры – тек жауын емес, ол – тіршіліктің бастауы, табиғаттың жаңаруының белгісі. Әр тамшы жаңбыр – болашақ гүлдердің, жасыл желектің, жаңа өмірдің негізі. Сондықтан сәуір жаңбырын табиғаттың мейірімі деп қабылдаған жөн. Сәуір – тек табиғаттың емес, адам жанының да жаңару кезеңі. Бұл айда әрбір жан өткенге көз жүгіртіп, болашаққа жаңа үмітпен қарайды. Табиғаттағы әрбір өзгеріс адамға өмірдің жалғасып жатқанын, әр күннің қадірін түсінуді еске салады.

– Жаңбыр – Алланың рахымы. Жаңбыр жауғанда Пайғамбарымыз: «Аллаһым, бұл жаңбырды пайдалы әрі берекелі ете көр», – деп дұға еткен. Исламда жаңбыр қай мезгілде жауса да, ол – Алланың мейірімі. Сәуір жаңбырына қатысты айтылатын кейбір түсініктерді міндетті діни үкім емес, халықтық тәжірибе мен береке тілеу ретінде қабылдаған дұрыс. Өз кезегінде табиғат пен ауыл шаруашылығының арасындағы берік байланыс – адам мен жердің өзара үйлесімінің айнасы. Сәуір жаңбыры – жай ғана ауа райының құбылысы емес, ол тіршіліктің, өсімнің, молшылық пен берекенің бастауы. Сондықтан әрбір диқан, әрбір табиғат жанашыры сәуір жаңбырының қадірін түсініп, оны сақтап, жерді дұрыс пайдалану керектігін білуі маңызды, – дейді Қалжан ахун мешітінің имамы Марат Әби.

Ата-бабамыз да сәуірдің алғашқы жаңбырын ерекше қадірлеген. Алғашқы тамшысын ырымдап жинап, оны тек су емес, береке мен молшылықтың нышаны деп есептеген.

Жерге түскен әр тамшы – өсімдіктің көктеуіне, егістік пен бақшаға өмір сыйлайды. Сол сияқты адамдар да осы кезеңде үмітпен, жаңа жоспарлармен алға қадам басады. Табиғаттағы жаңару – адамның жан дүниесіне де серпін береді. Сәуір жаңбыры – тек су ғана емес, ол – жаңарудың, өмірдің жаңа кезеңінің бастауы. Халық дәстүрінде сәуірдің алғашқы жаңбырын ерекше бағалау – ежелден келе жатқан ғұрып. Ата-бабамыз «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деп бекер айтпаған. Бұл – табиғаттың заңдылығын терең түсінген даналық сөз.

Сәуірдің жауыны мен құбылмалы ауа райы – болашақтың берекесі. Жер нәр алып, көк қаулап өсіп, тіршілік жанданады. Қиындығы мен құбылмалылығы болса да, сәуір – жақсылықтың бастауы. Өмір де дәл солай: кей кезеңдері сынаққа толы болғанымен, оның артында әрдайым жақсылық жатады.

Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
07 сәуір 2026 ж. 45 0