Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 25 газет

07 сәуір 2026 ж.

№ 24 газет

04 сәуір 2026 ж.

№23 газет

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Өлеңімен өмір сүрген тұлға

Өлеңімен өмір сүрген тұлға

Ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтапов осыдан қырық күн бұрын бақилыққа бет түзегенде жергілікті халық еңсесін тіктей алмағаны рас. Саналы ғұмырын жазу-сызуға арнап, журналистика мен поэзияда өзіндік орнын қалыптастырған ардақты азамат биыл тоқсанның төріне шыққан болатын. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Мұхтар Сақтаповтың қаламынан туған өлеңдерді оқырман назарына ұсынамыз.

ЖАЙЛАУДА

Күлімдеп таң атқанда арайланып,
Көк аспан күн дидарын қарайды алып.
Жайлауда жаңа түлек бастау алар
Жан-жақтан өріс жаққа мал айдалып.

Әйелдер көңіл кілтін кілт бұрасып,
Түндіктен түтін кетер бұлтқа ұласып.
Баж-бұж боп тыста жеңешем жүгіреді,
–Қарасан кетті-ау, тағы құртты басып.

Қалғандай жайлаудағы от кейде ұнап,
Қалмайды көп ешкіден қоңыр лақ.
Ошақтың отын қозғап әжем отыр,
Қазанның ауық-ауық көбігін ап.

Көп тірлік келіндердің күнде есінде,
Керіліп келі түйер күн бесінде.
Көміліп күн шуаққа кәрі төбет,
Қозғалмай жатыр үйдің іргесінде.

Кешегі келген қонақ сөзі балдай,
Шырайлы шіркін жігіт өзі қандай.
Жас ару керегенің арасынан,
Қарайды көрші үй жақтан көзін алмай.

Қалдырған жайлауға өмір мол мұрасын,
Кеудеңе нелер тәтті ой қондырасың.
Тал түсте тостақ толы шалапты ішіп,
Қарт әкем шертеді жәй домбырасын.

НЕ ПАЙДА?

Сөзіңде айтқан тұрмасаң,
Ерлігіңнен не пайда?
Ұрандас болып жүрмесең
Елдігіңнен не пайда?

Жоғалтсаң дәстүр барыңды,
Қазақтығыңнан не пайда?
Қорғай алмасаң арыңды
Азаттығыңнан не пайда?

Алмасаң мұңнан құтқарып,
Достарым, сенен не пайда?
Арақ болса жұтқаның
Жастарым, сенен не пайда?

Халқы үшін терлеп-тоңбаса,
Басшылардан не пайда?
Аранда бірлік болмаса,
Қандастығыңнан не пайда?

Кішіге үлгі айтпасаң,
Үлкендігіңнен не пайда?
Тіліңді дауда тартпасаң,
Білгендігіңнен не пайда?

Жаратпасаң орнына,
Мамандығыңнан не пайда?
Бас имесең ұстаз алдында,
Адамдығыңнан не пайда?

Қарындасты қорғамаса,
Ағалығыңнан не пайда?
Тереңіне ғылым бойламасаң,
Даналығыңнан не пайда?

Білмесең жардың қадірін,
Сүйгеніңнен не пайда?
Түсінбесең сөздің әлібін,
Түйгеніңнен не пайда?

Ұмытсаң ана тіліңді,
Ұландығыңнан не пайда?
Қумасаң арман тым ірі,
Қиялдығыңнан не пайда?

Көршілер

Қиындықтын бір көтерген ауырын,
Көршіменен шалқиды екен дәуірің.
Ағайыннан артық дейді көршіні,
Осында улкен шындық жатыр бауырым.

Жаратылған жандары оның асылдан,
Күлім қағып күндей нұрлы ашылған.
Қуанышты бір бөлісіп, бір тойлап,
Қиын сәтте табылады қасыңнан.

Әжелерім ұлтық киім киінген,
Мейір төккен жүзі таза пейілден.
Қарсы алдыңнан шыға келсе келіңдер,
Тұра қалып сәлем беріп, иілген.

Кілең жайсаң қыздары мен ұлдары,
Қызыл гүлдей құлпырады қырдағы
Көрші үйіне кірсең болды жадырап,
Дастарханды жайып, күтіп тұрғаны.

Абдулла мен Мұхтар, Шәкен, Асылбек,
Нұрлан отыр мынау жақсы ғасыр деп.
Мұрат, Бақыт, Бұхарбай да жүр әне,
Айбұжық та сипайды әлсін басын кеп.

Адик жатыр жаңа құрылыс тұрғызып,
Мараттың да мінезі бар бір қызық.
Ащы судан ақысы бар Өмеш те,
Таңертеңнен кешке дейін жүр қызып.

Алдымыздан соқпасын тек дүлей күн,
Шалынбасын құлақтарға үрейлі үн.
Көршілердің бірлігі мен тірлігі,
Бұзылмасын деп тәңірден тілеймін.

АҚЫН КИЕСІ

Ақын жаны асыл да,
Демеймін мен ірімін.
Дастарханның басында,
Мен де көптің бірімін.

Ашып көңіл сарайын,
Ақын мықты демес кім.
Айналайын, ағайын,
Сенен мықты емеспін.

Өрлегенмен өнерім,
Сенен асып кетпеймін.
Өнбей жатса өлеңім,
Саған міндет етпеймін.

Деме асқан ақылды,
Нұр төгілсе сөзімнен.
Бала көңіл ақынды,
Қатар сана өзіңмен.

Бұл дәуірдің иесі,
Халқым бар деп есепте.
Ақынның бар киесі,
Ақын жолын кесе өтпе.

ТЕРЕҢӨЗЕК

Балалықтың балдай тәтті кезінен,
Бел ауыртпай өтем өмір тезінен.
Сенде туып, сенде өскенді, туған жер,
Мен өзімді шын бақытты сезінем.

Сен дарытқан бойыма бар күш-ағын,
Сағынғанда саған құстай ұшамын.
Анамдайсың, алаңдайсыз мені іздеп,
Қандай ыстық қасиетті құшағың.

Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – Сырдың сұлу еркесі.
Тереңөзек – ән мен жырдың отауы,
Тереңөзек – таланттардың өлкесі.

ШАТТЫҚ СЫРЫ

Жария етіп жанымыздың пәктігін,
Жүректерде жалын атқан жатты ұғым.
Бостандық пен әділдікті паш еткен,
Мерейі үстем мерекеміз тап бүгін.

Шұғыласын шашып көктен арай күн,
Кеудемізге күй оралып талай мың.
Жарқын күлкі, әсем үнге құлақ сап,
Жан-жағыма қызыға кеп қараймын.

Далам менің бар байлығын төгіпті,
Қалам менің қандай сұлу көрікті.
Космосқа жатыр күнде аттанып,
Азаматтар абзал жанды ерікті.

Туған елдің көріп мына кеңдігін,
Көрдім тағы парасат пен теңдігін.
Сайлануға, сайлауға да еркім бар,
Ең бақытты адаммын ғой мен бүгін.

Аймалайды, ашық аспан таң нұры,
Естіледі сәбилердің балды үні.
Тегін оқып, тегін тағы демалсам,
Алтын заңның арқасында барлығы.

Жақсылықты жанымызға жиып кеп,
Туған елді өсудеміз сүйіп тек.
Күннен күнге беделіміз сан артып,
Мәртебеміз бара жатыр биіктеп.

Мұхтар САҚТАПОВ,
ақын


07 сәуір 2026 ж. 52 0