«Тұмардай таққан гаухарым»: жаңа кітап оқырманға жол тартты
Қазақ әдебиетінің қоржыны жаңа туындымен толықты. Апта ағымында №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде рухани әрі тағылымы мол іс-шара өткізілді. Сыр өңіріне ғана емес, республикаға белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Құмақбай Дәметкүл Қонысбайқызының «Тұмардай таққан гаухарым» атты тұңғыш туындысының тұсаукесеріне жиналған қауым тағылымды басқосудан рухани азық жинап қайтты.
Тақырыбының өзі оқырманды еріксіз елітіп, шақырып тұрған кітаптың таныстырылымына аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, ауданымыздың «Құрметті азаматы» атанған ардагерлер, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған ұстаздар, журналистика саласының ардагерлері, кітап авторының әріптестері мен замандас достары, туған-туыстары және редакция қызметкерлері қатысты. Маңызы мол, тағылымы зор іс-шараны Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы жүргізіп отырды.
Қазақ тілінің шын жанашыры, ауданымыздың тумасы, өмірі өнегеге толы алдыңғы буын, үлгі тұтар Дәметкүл Қонысбайқызының тұңғыш туындысының тұсауын туған жерде кеспекке ниет етуі қаламгердің туған жерге деген тағзымы мен құрметі екені анық. Оның үстіне, іс-шараның автордың өзі білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан қара шаңырағында өткізілуінің тағылымдық мәні зор.
– Елордамызда түрлі салада қажырлы еңбек етіп, қазақ тілінің болашағы үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген Сіз қай ортада болмасын білікті маман, адал әріптес, сыйлас жан, ақылшы ұстаз ретінде құрметке лайықсыз, – деген аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев туған жерге перзенттік ақ пейілімен келген тіл жанашырына аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың арнайы құттықтауы мен сый-сияпатын табыстады.
Адал еңбекті ту еткен ғибратты ғұмыр иесі Дәметкүл Қонысбайқызы тамыры терең Тереңөзек кентінде 1966 жылы 2 наурызда дүниеге келген. 1983 жылы кент орталығындағы №35 М.И.Калинин атындағы қазақ орта мектебін үздік бітірген. 1983-1988 жылдары Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. Кейін Тереңөзек аудандық «Еңбек туы», «Тіршілік тынысы» газетінің редакциясында стажер, кейін радиохабарлары бөлімінің меңгерушісі, сектор меңгерушісі, жауапты хатшы, 1995-1996 жылдары аудандық газет редакторының міндетін атқарған. Шығармалары қалың оқырман қауымның жүрегінен жол таба білген журналисттің әңгіме, новелла, естелік, очерктері аудандық басылыммен қатар, облыстық, республикалық газет-журналдарда басылған. 2000 жылдан бері қызмет бабымен Елордаға қоныс аударған Дәметкүл Қонысбайқызы Туризм және спорт саласындағы терминологияны қалыптастыруға және осы салада мемлекеттік тілді енгізуге қосқан үлесі үшін 2009 жылы «Тіл жанашыры», «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мерейтойлық медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт Министрлігінің, Мәдениет және спорт Министрлігінің «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттарымен» марапатталған.
«Тұмардай таққан гаухарым» кітабы – автордың қалың оқырманға жол тартқан алғашқы жинағы. Көркем тілмен жазылған бұл кітаптың тақырыбы-ақ оқырманын анадайдан қол бұлғап шақырып тұратындай. Жинақтан автордың балғын шақтан санасына сіңірген ауыл тәрбиесін өмір жолына арқау еткендігі анық аңғарылады. Сонымен қатар, кітапта естелік, очерктер, әр жылдары баспа бетінде жарияланған мақалалар мен өлеңдер, көркем аудармалар енген. Көпшілік қауымға арналған кітаптың алғы сөзінде автор «Бұл алғашқы кітабымды марқұм анам Ақтеңге Раманқызының, әкем Қонысбай Құмақбайұлының және бауырым Жұмабек Қонысбайұлының рухына бағыштадым» деп жазады. Кітап «Бала шақтан – болашаққа», «Мектебім – сүйікті мектебім», «Арман қанатында», «Журналистика – мәртебелі мамандық», «Әңгімелер, ФБ жазбалар, аудармалар» деп аталатын бес тараудан тұрып, онда мазмұнды, мағыналы туындылар, автордың анасы мен әкесіне, бауырларына арналған жан тебірентер жазбалары, замандас, достарымен есте қалған тәтті естеліктері, студенттік жылдардың естен кетпес сәттері, білім алған қарашаңырақ мектебі, ұстаздары мен ағайындары туралы жазған естеліктері мен шығармалары жинақталған.
Ойлы оқырманға олжа, қазақ әдебиетіның алтын қорына жаңа леп болып енген туындының лентасын аудан әкімінің орынбасары мен Дәметкүл апайдың ұстазы Анар Ізбасарова және еңбек ардагері Есентай Қозыбаев кесті. Одан соң кітап авторына сөз берілді. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп, осындай қуанышқа жеткен Дәметкүл апай шынайы сезімдерін жасыра алмай, жанашыр жандарына шексіз алғысын білдірді.
– Құрметті менің тілеулестерім, бүгінгі жиналған қауым. Ең алдымен, баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Кітабымыз қолдаушы бауырлар мен жақындарымыздың арқасында қалың оқырманға жол тартып отыр. Кітап шығару оңай шаруа емес. Тұңғыш туындымыз «ASU-баспа үйі» баспасының «Тұмар» баспасымен жарыққа шықты. Осы ретте аталған ұжым қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін, – деді автор. Сондай-ақ, қазақы танымға сай өзі білім алған қара шаңыраққа құр қол келмегенін айтып, өзі білім алған мектептің оқушыларына арнайы алған тартуын табыстады.
Іс-шарада ауданның мәдениет, білім саласының өкілдері ән мен жырдан шашу шашса, кеш иесінің шалғайдағы әріптестері онлайн түрде құттықтауларын жолдады. Сонымен қатар Ұ.Жаналиева, Т.Айсин, А.Ізбасарова, К.Әбілова, С.Ерімбет, М.Қалмұратұлы, Қ.Бекмағамбетова, М.Шілдебаев, Ұ.Бекмағамбетова бастаған ардагерлер жүрекжарды лебіздерін айтты.
Халқымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов «Адам кітап оқығанды тоқтатқанда ойлауды да тоқтатады» деген екен. Жаңа кітаптың тұсаукесер әрі таныстырылымына арналған кеште қатысушылар рухани байлыққа кенеліп, автордың қолтаңбасы қойылған кітаптарды сыйға алды. Сондай-ақ, көпшілік жаңа кітаптың әр оқырманның тұмардай жанында сақтап жүріп оқитын туындыға айналуына тілектестіктерін білдірді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ