Ынтымағы жарасқан көше
Басылымның «Кент көшелері» деген айдары оқырманға жақсы таныс. Тереңөзек кентінің көшелерін кеңінен насихаттайтын айдарда тарихы, инфрақұрылымы, көршілердің ынтымағы жазылады. Жақында «Жаңа қоныстану» аймағындағы Бақтияр Жақыпов атындағы көше тұрғындары ұлық мерекені жоғары деңгейде атап өтті. Салт-дәстүрді жаңғыртып, жыл сайынғы үрдіс бойынша мерекенің мән-мағынасын арттыра түсті. Кенттегі Бақтияр Жақыпов көшесінің тұрғындары көршілер арасындағы татулық тек екі үйдің арасындағы қарым-қатынас емес, ол – тұтас қоғамның бірлігін нығайтатын құндылық екенін алға тартады. Олар әз-Наурыз мерекесінің бір ай бойы тойланатынын, бір үйде той болса, бүкіл көрші жұмыла кететінін көрсете білді. Бұл ретте басылым ардагері, осы көшенің тұрғыны Шаһарбек Нұрсейіт көршілердің ортақ бірлігінің арқасында жүзеге асқан ұлық мерекенің тойлануы жөнінде пікірін білдірді.
– Ынтымағы жарасқан көше тұрғындары бұл күні тайлы-тұяғы қалмай бір үйге жиналып, жеті түрлі дәннен пісірілген наурыз көжеден дәм татты. Ұлттық мереке болғандықтан, қазақтың салт-дәстүрі кеңінен насихатталды. Дастарқан басында ұлттық құндылықтар туралы сұрақтар қойылып, оған тұшымды жауаптар берілді. Сондай-ақ арқан тарту, қол күрес, асық ату ойыны ұйымдастырылып, үй ішінде көшенің жас тұрғындары Александр мен Мақпалдың бүлдіршін ұлының тұсауы кесілді. Көшенің қарт тұрғыны, сыйлы ардагер Серік Жақия әз-Наурызда бүлдіршін ұлдың тұсауын кесіп, батасын берді. Ардагерге тұсаукесер жасатқан отбасы тарапынан шапан жауып, сыйлықтар ұсынылды. Халқымыздың салт-дәстүрі жарқын көрініс тауып, жас ұрпақтың ата дәстүрге деген шынайы сезімін қалыптастыруға негіз қаланды. Бұл сонымен қатар көше тұрғындарының ынтымағы мен татулығын паш етті. Бұл ретте урбанизация мен қарбалас тіршілік адамдар арасындағы қарым-қатынасты біршама әлсіреткені рас. Көпқабатты үйлерде жылдар бойы тұрып, көршісін танымайтын адамдар да кездеседі. Бұл – қоғамдағы рухани байланыстың әлсіреуінің белгісі. Сондықтан бүгінгі таңда көршілік мәдениетті қайта жаңғырту – маңызды міндеттердің бірі. Көршілер арасындағы татулық қарапайым істерден басталады. Амандасу, хал-жағдай сұрасу, қажет кезде көмектесу – осының бәрі сенім мен сыйластықты қалыптастырады. Бір-біріне түсіністікпен қарап, сабыр сақтай білу де өте маңызды. Кішкентай ғана келіспеушіліктердің үлкен жанжалға айналмауы үшін әр адам өз мәдениеті мен тәрбиесін көрсетуі керек, – дейді көше тұрғыны Шаһарбек Балтабайұлы.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ









