Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 25 газет

07 сәуір 2026 ж.

№ 24 газет

04 сәуір 2026 ж.

№23 газет

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Тәжірибе алаңы: жаңашыл ұстаз – сапалы білім кепілі

Тәжірибе алаңы: жаңашыл ұстаз – сапалы білім кепілі

Білім саласы күн санап жаңалықтармен толығып келеді. Кейінгі ұрпаққа саналы тәрбие беру жолында ұстаздар қауымы ұдайы ізденісті серік етеді. Бұл ретте бір-бірімен тәжірибе алмасу, білгенін өзгеге көрсету, солай ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етудің маңызы зор. Осындай міндеттерді алға қойған аудандық тәжірибе алаңы кең көлемде өткізілді. «Мектеп басқарудағы тиімді модельдер» тақырыбын арқау еткен іс-шаралар легі екі күнге созылып, идея, тәжірибе, нәтиже үштігі көрініс берді.

Ең алдымен іс-шараның салтанатты ашылуы №36 мек­теп-лицей базасында өтті. Мұнда ауданға қарасты барлық мектеп директорлары мен командалар бас қосты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, әріптестеріне сәттілік тіледі.

– «Мектеп – кеме, білім – теңіз» десек, сол кеменің бағытын айқындап, дауылда жол табатын – мектеп әкімшілігі, яғни сіздерсіздер. Бүгінгі іс-шарамызға заманауи мектептің менеджерлері мен көшбасшылары қатысып отыр. Қазіргі заман мектеп директорынан тек педагог болуды емес, сонымен бірге мықты стратег, қаржыгер және HR-менеджер болуды талап етеді. Біздің «Тәжірибе алаңымыз» – осы бағыттағы үздік кейстерді ортаға салып, тиімді басқару модельдерін талқылайтын бірегей платформа. Бүгінгі алғаш рет өткізілгелі отырған тәжірибе алаңының негізгі мақсаты – әрбір мектептің тәжірибесін ортаға салып, бір-біріңізден үйрену, тәжірибе алмасу. Алдағы екі күнде біз тек тыңдаушы емес, белсенді ізденуші боламыз. Іс-шара екі күнге жоспарланып отыр. «Бәйгеге ат қоссаң, бағың шабады, Білімге бас қоссаң, бағың жанады» демекші, жаңашыл идеяларыңыз бен ерен еңбектеріңізге сәттілік серік болсын, – деді Еркебұлан Төлепбергенұлы.

ҰСТАЗДАР ШЕБЕРЛІГІ СЫНАЛДЫ

Іс-шара легі «Руханият орталығында» жалғасты. Ұстаздар интеллектуалды сайыс алаңында бақ сынады. Әр мектептен құрылған топтар стратегиялық жоспарлау, заманауи менеджмент және білім сапасын арттыру бағытында өздерінің біліктіліктері мен терең білімдерін сарапқа салды.
«SmartSana» интеллектуалды командалық сайысы мектеп әкімшілігінің интеллектуалды қабілетін дамыту, логикалық, танымдық ойлау дағдыларын шыңдау, аудандық деңгейде үздік команданы анықтау мақсаттарын алға қойды. Әр мектептен әріптестік негізде бір командадан қатыстырылды. Команда құрамында мектеп директоры, оқу, тәрбие және бағдарлы орынбасарлардың, педагог-психологтың қатыстырылуы шарт болды. Әр командаға бір жетекші бекітіліп, сайыс қызу деңгейде өтті.
Ең алдымен командалар өздерін таныстырып өтті. Одан кейін кезек сұрақ-жауап бөліміне беріліп, логикалық, танымдық, қызықты сұрақтар қойылды. Бұл өз кезегінде ұрпақ тәрбиелеуші ұстаздардың таным деңгейін арттырып, біліктіліктерін ортаға салды. Сайыс барысында ұстаздар тек білімдерін дәлелдеп қана қоймай, командалық жұмыс пен ұйымшылдықтың маңызын көрсетті. Қызықты әрі тартысты өткен додада үздік командалар анықталды. Аталған сайыс ұстаздардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттері мен тапқырлығын арттыруға бағытталды. «SmartSana» интеллектуалды са­йы­сы ұстаздар арасында тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және білімге деген қызығушылықты арттыруға үлкен мүмкіндік берді.

БІРЛІК БАРДА – ЖЕҢІС БАР

Осы күні сайыстың келесі кезеңі – эстафеталық жарыста командалар оймен бірге бой сергітіп, спорттық сайыстарда тартысқа түсті. Әр командада мектеп әкімшілігінен құралған бес ойыншы қатысып, тартысты ойын көрсетті. Бұл кезең қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлап, зияткерлік сайыстың серпінін арттыра түсті. Ұстаздар тек білімді ғана емес, шапшаңдық пен ептілікті де қатар алып жүретіндіктерін дәлелдеді.

Эстафеталық жарыс барысында командалар түрлі қызықты әрі жылдамдықты талап ететін тапсырмаларды орындап, бір-бірімен бәсекеге түсті. Қатысушылардың ұйымшылдығы мен өзара қолдауы айқын көрініс тапты. Әр команда жеңіске деген жігерін көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бірінші жарыс түрі – теннис шарын алып жүру. Бұл ретте ұстаздар қауымы өз ептіліктерін көрсете алды. Ереже бойынша үстел теннисі ракеткасымен шарикті соғып, кедергілер арасымен белгіленген жерге дейін апарып, кері қайтады. Жарыс соңында команданың жалпы уақыты есепке алынып, ең аз уақытта орындаған команда жеңіске жетті.

Келесі кезең «Кім мерген?» деп аталды. Сайыс талабына сай қатысушылар кедергілер арасымен баскетбол добын еденге соғып, белгіленген межеге дейін алып жүрді. Белгіленген межеден дротиктердің бірін алып, дартс нысанасына дәлдеп лақтырды. Қайтар жолда баскетбол добын еденге соғып, кедергілер арасымен алып жүріп, допты келесі ойыншыға береді. Осылай ептілік пен дәлдікті анықтауды мақсат еткен сайыс қорытындысында ең көп ұпай жинаған команда жеңіске жетті.

Одан кейін «Кім епті?», «Кім жылдам?», «Тіркемелер сайысы» алдын ала белгіленген шарт бойынша жүзеге асты. Жарысқа қатысушы командалар жылдамдық пен ептілікті серік етіп, ойын үлгісін көрсетті. Алғашқы күн осылай көтеріңкі көңіл-күйде қорытындыланды.

БІЛІМ МЕН ИДЕЯ ТОҒЫСЫ

Тәжірибе алаңының келесі күні «Педагогикалық идеялар аукционымен» басталды. Бұл ретте мектеп әкімшілігінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, тиімді педагогикалық идеяларды анықтау мақсат етілді. Бұл күн қатысушылардың жаңашыл ойлары мен креативті көзқарастарын айқын көрсеткен ерекше кезең болды.

Тәжірибе алаңының екінші күніне «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғам филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Қ.Абдраманова, Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласы филиал директоры С.Камалова, Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласы филиалының аға менеджері Б.Дильманов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері А.Оразымбетова, N44 орта мектептің химия-биология пәнінің мұғалімі, ПШО Қызылорда қаласы филиалының химия пәні бойынша тренері Л.Медетова қатысты.

Алдымен «Педагогикалық идеялар аукционы» ұйымдастырылып, мектеп әкімшіліктері өздерінің тың бастамалары мен тиімді басқару шешімдерін ортаға салды. Әр идея – тәжірибеден туған, нақты нәтижеге бағытталған құнды ұсыныс ретінде бағаланып, қатысушылар арасында қызу пікір алмасу алаңына айналды. Аукцион барысында қатысушылар өздерінің тың бастамалары мен инновациялық жобаларын ұсынып, оларды қорғады. Әрбір идеяның мазмұны, жаңа­шылдығы және білім беру үдерісіне енгізу мүмкіндігі сарапқа салынды. Ұсынылған жобалар оқу сапасын арттыру, оқушылардың қызығушылығын ояту және заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға бағытталды. Қатысушылар бір-бірінің тәжірибесімен танысып, пікір алмасу арқылы өзара кәсіби дамуға мүмкіндік алды. Әсіресе, цифрлық технологияларды қолдану, оқытудағы жаңа форматтар мен оқушыға бағытталған әдістер көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Тәжірибе алаңының қорытынды сайысы – «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты театрландырылған көрініс. Бұл ретте ұстаздар өздерінің жан-жақты екенін тағы бір дәлелдеді. Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін театр өнері арқылы дамыту, ұлттық тәрбие құндылықтарын насихаттауды мақсат еткен сайысқа барлық мектеп ұжымы қатысты. Аудандық мәдениет үйінде кең көлемде өткен сайысқа «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғам филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Қызжібек Абдраманова, Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласы филиал директоры София Камалова, Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласы филиалының аға менеджері Бауыржан Дильманов, аудандық мәдениет үйі басшысының орынбасары Азиз Садықов төрелік етті.

«Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы» жобасы аясында өткен сайыста мұғалімдер түрлі бағыттағы театрландырылған қойылымды сахналады. Көрерменді бір күлдіріп, бір жылатқан сахналық қойылымдар бірінен бірі өтті деуге болады. Қазылар алқасы тақырыптың ашылу деңгейін, сахна мәдениетін, актерлік шеберлік, ұжымдық үйлесім, шығармашылық шешімді бағалады. Сайыс соңында қазылар алқасы ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, оң пікір білдірді.

МАЗМҰНДЫ АЛАҢ НӘТИЖЕСІ

Екі күнге созылған тәжірибе алаңы аудандық мәдениет үйінде қорытындыланды. Эмоцияларға толы салтанатты жабылу кешінде оқ бойы озық шыққан мектептер марапат төрінен көрінді.


– Бұл тәжірибе алаңы – білім беру ұйымдарын басқарудағы жаңа көзқарастар мен тиімді шешімдердің тоғысқан ордасына айналды. «Идеялар аукционында» ұсынылған тың бастамалар, «Smart Sana» интеллектуалды сайысындағы терең білім мен ұтқыр ой, сондай-ақ «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» театрландырылған мәдени іс-шарасындағы тәрбиелік мазмұн – барлығы да сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің айқын көрінісі болды. Біз таңертеңнен кешке дейін бірқатар іс-шараға қатысып, өзімізге жаңа ой, идея алдық. Сырдариялық ұстаздардың жан-жақты екеніне тағы да көзіміз жетіп отыр, – деді шынайы пікірін білдірген Қызжібек Абдраманова.

– Тәжірибе алаңы негізгі мақсатына жетті деп ойлаймыз. Бұл іс-шара 2008 жылдан басталған болатын. Биыл жас ұстаздарымыз Жаңақорған ауданында өткен облыстық тәжірибе алаңында бірінші орынды жеңіп алған болатын. Аудандық деңгейдегі тәжірибе алаңы биыл біздің ауданда бірінші рет өтіп отыр. Өздеріңіз куә болғандай, ұстаздарымыздың бәрі де мықты. Дегенмен сайыс болған соң, жеңімпаз болады. Бұл алаң педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, тәжірибе алмасуға және жаңа идеяларды ортаға салуға үлкен мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде жаңашылдық пен тиімді әдіс-тәсілдерді енгізу – уақыт талабы. Осы тұрғыда тәжірибе алаңы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, сапалы білім беруге бағытталған нақты қадамдардың бірі болды деп сеніммен айта аламын. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды шаралар өз жалғасын тауып, ұстаздардың тәжірибе алмасу алаңы кеңейе береді деп сенемін. Барша қатысушыға алғысымды білдіріп, шығармашылық табыс пен кәсіби жетістік тілеймін, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып.

Өз кезегінде облыстан арнайы қатысқан қонақтар мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар пікір білдіріп, марапат иелерін құттықтады.

Екі күнге созылған тәжірибе алаңының жалпы қорытындысы бойынша, командалық есепте І орынды №129 мектеп-лицей жеңіп алды. ІІ орынға №36 және №42 мектеп-лицейлері лайық деп танылды. Ал жүлделі үшінші орынға №210 және №126 орта мектеп командасы жайғасты.

Жеке дара сайыстар бойынша да жүлдегерлер анықталды. Атап айтқанда интеллектуалды идеялар сайысында І орынды №44 мектеп, ІІ орынды №126, №191 мектеп, ІІІ орынды №131 мектеп жеңіп алды. Ал эстафеталық ойындар өрнегін үздік көрсеткен №42 мектеп-лицей І орынды жеңіп алды. Ал №126 орта мектебі мен №129 мектеп-лицей ІІ орынды, №36 мектеп-лицейі ІІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар педагогикалық идеялар байқауы қорытындысына сәйкес, І орынды №174 орта мектебі, ІІ орынды №42 және №129 мектеп-лицейлері, ІІІ орынды №130 орта мектеп пен №36 мектеп-лицей жеңіп алды. Ал театрландырылған қойылым бойынша І орынды №210 орта мектеп қанжығаға байлады. ІІ орынға №35 мектеп-лицейі мен №147, №139 орта мектептері, ІІІ орынға №36 мектеп-лицей және №135, №137 орта мектептері лайық деп танылды.

Қорытындылай келе, тәжірибе алаңы аясында қа­тысу­шылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа идеялармен толықты, заманауи білім беру үрдісінің тиімді жолдарын қарастырды. Әр кезең ұстаздардың білімділігімен қатар, ұйымшылдығы мен шығармашылығын да айқын көрсетті. Осындай тағылымы мол кездесулер білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби өсуіне және өзара ынтымақтастықтың нығаюына ықпал ететіні сөзсіз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 сәуір 2026 ж. 84 0