Ағашқа жан бітірген: өнер мен өнегені ұштастырған ұстаз
Талант деген – қызық дүние. Қай жаста, қандай қызметте болсаң да, бойыңда өнер болса, кез келген уақытта ұшқын алады. Ұстаздық ұлы жолда ұрпақ тәрбиелеу ісімен айналысып жүрген нағилық Қуанышбек Бисембаевтың ағаш ұстасы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Жақында «Руханият орталығында» тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен кездесуде көпшілік нағилық ұстаздың жаңа қырына қанықты.Қуанышбек ағайдың талантын көпшілік білмейді деуден аулақпыз. Шебердің туындылары нағыз ағаш ұстасының қолтаңбасын береді. «Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат» тақырыбын арқау еткен кездесу, шынында да кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Көрмеге негізделе ұйымдастырылған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлермен қатар мектеп оқушылары қатысып, қызықты ақпараттар алды.
Ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық өнерді ұлықтаған іс-шараны ауданның Құрметті азаматы Ұлмекен Жанәлиева ашып берді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, Ұлмекен апай кеш қонағының ұстазы екенін тілге тиек етіп, сәттілік тіледі. Өз кезегінде Қуанышбек Мұхамбетұлы бұл өнердің өзіне қалай дарығанын жеткізді.
– Өнер – жұтамас байлық. Талант ұдайы шыңдауды талап етеді. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары. Дәл ағаш ұстасы, қолөнер шебері болмаса да, әкем қолынан іс келетін жан еді. Сол кісіден дарыса керек. Бір қызығы, мен бұл талантымды бала кезімнен дамытқан жоқпын. Осыдан 7-8 жыл бұрын әлде қызығушылықтың, әлде шабыттың арқасында дүниеге келді. Әдеттегідей спортпен шұғылданып яки шаруамен далада жүрген едім. Жерден ағаш сынығын тауып алып, оны ерекше бір бейнеге ұқсаттым. Барлап қарасам, ағаш бұтасына тіл бітіп, сөйлеп тұрғандай. Өзі біздің жақта сексеуіл, қарабарақ, шеңгел көптеп кездеседі ғой. Көше бойынан болмаса да далалық жерде сынған бұталарды тауып алуға болады. Үйге әкеліп, өңдеп, үйлеспей тұрған жерін ойға алған бейнеге ұқсатып, жонып келтіріп аламын, – дейді шебер.
Ұстаздың күнделікті мектеп ішіндегі жұмысы, әрине, жеткілікті. Бірақ адам өзіне ұнаған дүниемен айналысқанда, жан дүниесі тынышталып, бұл өз кезегінде ұзақ өмірге сеп болатыны ғылымда дәлелденген. Сол сияқты Қуанышбек ағай да ағаш өңдеуге отырғанда бүкіл мәселесін, жұмысын ұмытып, ерекше әлемге бой алдыратынын айтады. Әрбір тапқан дүниесін қызықтап, Құдайдың шеберлігіне тәнті болады. «Ағаштан түрлі бейнені Алла Тағала жасап қояды, тек мен соны сезінемін, көремін» дейді ол. Әкесінің бұндай қасиеттеріне балалары таң қалысын жасырмайды екен.
Шынымен, өнерден хабары жоқ адам жай көшеде сынған ағаш бұтағынан бұндай өнер туындысын жасап шығара алмас еді. «Сұлулықты көруге сұлу көз қажет» демекші, ондай ерекшелікті байқауға жан дүниенің нәзіктігі мен шығармашылық шабыт керек екені сөзсіз.
– Бұл – нәзік жұмыс. Ең қиыны да сол. Бір бейнеге ұқсаған ағашты тауып алып, өңдеймін. Бірі адам, бірі жануар бейнесіне ұқсайды. Өңдеу барысында өткір, жіңішке жүзді құрал пайдаланамын. Сол кезде артық жонып жіберу қаупі бар. Тапқан ағаш мендегі жалғыз дана шикізат болғандықтан, оған бірдеңе жалғап, жасап шығару мүмкін болмайды. Және жасаған дүниемді сатқым келмейді. Себебі ол тек бір дана. Дәл сол бейнені табиғаттан қайта кездестіру мүмкін емес. Десе де өнер туындысы болғандықтан, көңілі қалап, сұраған адамға сыйға тартатыным бар, – деді оқушылар сұрағына жауап берген ұстаз.
Қуанышбек Бисембаевтың қолынан шыққан туындыларға негізделген шағын көрмеге «Керуен. Ана мен бала», «Бүркіт», «Арыстан», «Қасқыр», «Қарға», «Тырна», «Балапандарға жем беру», «Аңыз-ертегілердегі Біркөзді дәу» сияқты туындылары қойылды. Ағаш шебері бұл туындылардың ішінде халқымыздың ежелгі ғұмыр салтын насихаттайтын «Керуен. Ана мен бала» туындысы алғашқы әрі өзіне ең ұнайтын туындысы екенін айтып өтті. Бұл ретте Қуанышбек ағайдың туындылары кең көлемде ұйымдастырылған көрмелерде қойылып, жұртшылықтың қызығушылығын туғызып жүргенін айта кету орынды.
Айтпақшы, бұл Қуанышбек ағайдың бойындағы жалғыз талант емес. Сегіз қырлы деуге болатын кейіпкеріміз түрлі аспаптарда ойнап, спортпен шұғылданады. Жұбайы Гүлшат Махантаева да ұлағатты ұстаз, отағасының әр ісіне қолдау білдіріп отырады. Мұғалімдер отбасында дүниеге келген 1 ұл, 2 қыздан тараған 6 немересі де өнерге, білімге жақын. «Тәрбие – тал бесіктен» десек, ұрпақтар сабақтастығы деген көркем сөз осындай жарасымды жанұяны көргенде ойға оралып тұрады.
Өз кезегінде тағылымы мол кездесуде ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, мәдениет саласының ардагері Жантемір Айсин, сондай-ақ Марат Омаров пен Әділбек Бәйменов сөз сөйлеп, тілектестік білдірді. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өнерге деген қызығушылықтары артты. Кездесу соңында тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова кеш қонағына аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен сый-сияпатын табыстады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ












