Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Көркемөнер – ұлттың темірқазығы» тақырыбында қолөнер шеберлерінің аудандық фестивалі өтті

«Көркемөнер – ұлттың темірқазығы» тақырыбында қолөнер шеберлерінің аудандық фестивалі өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Көркемөнер – ұлттың темірқазығы» тақырыбындағы қолөнер шеберлерінің аудандық фестиваліне қатысты. Іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, өнер және мәдениет майталмандары қатысып, ұлттық құндылықтарды тамашалады.

Алдымен, аудан басшысы аудандық мәдениет үйінің фоесіндегі темір, ағаш ұсталарының, тоқыма, тігін шеберлерінің, суретші, мүсіншілердің, жалпы 50-ден аса қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысты.


Мәдени іс-шарада аудан әкімі қолөнер ата-бабадан мирас болған асыл қазына екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлт өнері – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті ел тұрғындарының рухы әрқашан биік болуы үшін қолөнерімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деп атап өтті. Сондықтан елдің өнері өркендеп дамыса, рухымыз асқақ болады. Сыр өңірі – ұлт мәдениетінің ұлы көшін жасаған өлке. Сыр бойында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, аймақ басшысының бастамасымен Сыр өңірінде биыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Аталған жыл аясында клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Орталықта балалар мен жасөспірімдер қосымша біліммен қамтылуда. Өңіріміздегі барлық ауданда «Руханият» орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Орталық жұмысы аға буын мен жас ұрпақты байланыстыратын рухани орынға айналмақ. Облыс орталығында жаңадан 1000 орындық Өнер орталығы ашылды. Бүгінде музыкалық колледждің жаңа ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатса, балалар шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы» салынуда. Құны 2,3 млрд. теңгеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Айтулы жыл аясында ауданда барлық елді мекендерде мәдениетті дамыту мақсатында өнер фестивальдері ұйымдастырылды. Іс-шараның қорытындысы ретінде бүгін қолөнершілеріміз бен мәдениет майталмандары аудан орталығында бас қосып отыр. Дарынды қолөнершілер Жәнібек Маханбетов, Роза Әлбатырова, Сайділда Садуақасов, мүсінші Жаркен Исмағұлов, суретші Шахмұрат Сейтмұратов және басқа да өнер майталмандарының туындылары өзінің лайықты бағасын алған. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды, өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген қолөнер шеберлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Іс-шара барысында ауданның рухани-мәдени дамуына үлес қосып жүрген қолөнер шеберлері мен суретшілер аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Аудандық фестиваль барысында облыстың, ауданның өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
20 қараша 2024 ж. 62 0