Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Дариға домбыра

Аудандық өнер мектебінің ұстаздары талай жылдан бері еңбек етіп, ұлттық дәстүрді, мол мұраны өскелең ұрпаққа өнеге етіп, киелі өнерді жалғап келеді. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» десек, қазақ күй өнерін өскелең ұрпақ бойына сіңіріп, руханиятымызды дәріптеу маңызды. Осы жолда мәдениет қызметкерлері елеулі еңбек етуде. Сондай-ақ өзінен озар шәкірт тәрбиелеп, жас өнерпаздар аудан намысын түрлі деңгейдегі байқауларда асқақтатып келеді.

Жақында Қызылорда қаласында халықаралық «Дариға домбыра» өнер байқауының республикалық кезеңі өтіп, онда №137 орта мектеп оқушылары Нұрсат пен Нұрдәулет гран-приді жеңіп алды. Сүйінші жаңалықты аудандық редакцияға өнерпаздарды күй өнеріне баулып, дүбірлі додаға қосқан ұстаздары жеткізді.

Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп жанынан аудандық өнер мектебінің арнайы филиалы жұмыс жасап келе жатқанына үш жылдай уақыт болды. Бұнда балалар қазақтың қасиетті күй өнеріне машықтанып, белгілі мерзім аралығында емтихан тапсырады. Тәртіп пен талап, талант пен ынтаның нәтижесінде жас домбырашылар талай тартысты додада топ жарып жүр.

Республикалық байқауда мектеп оқушылары Нұрсат Кеңесбай мен Нұрдәулет Бердібеков «Әуен» дуэетін құрып, Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйін нақышына келтіре орындаған. Жас өнерпаздардың үлкен талабы мен орындаушылық шеберлігі қазылар алқасының көңілінен шығып, гран при мен арнайы сертификатты жеңіп алған. Нұрсат пен Нұрдәулеттің өнер қоржындарында бұдан басқа танымал күйшілердің күйлері бар.

– Аудандық өнер мектебінің филиалы ауыл мектебі жанынан құрылғаны оқушылар үшін өте тиімді болды. Ауылда талантты, өнерге жақын жастар жетерлік. Бұған дейін де оқушыларымыз биік белестерді бағындырып, жүлделі орындарға ие болып жүр. «Дариға домбыра» байқауына жас ұстаз Бауыржан Үсенов екеуіміз оқушы дайындап, бәйгеге қостық. Еңбегіміз еселеніп, жеңіс төрінен көрінген күйшілеріміздің қуанышында шек жоқ. Қазақ өнерін дамытып, келешек ұрпақ бойына дарыту жолында еңбек ете бермекпіз, – дейді балғындарды өнерге баулып жүрген ұстазы Әсемкүл Құлтайбаева.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
27 ақпан 2023 ж. 482 0