Топ-баннер
Топ-баннер2
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

№16 газет

28 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Даналық қайдан десеңіз?

Даналық қайдан десеңіз?

Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 2026 жылдың 17 ақпандағы №13 санына «Оймақтай ой» атты айдар бойынша тұрақты оқырманның «Сенім мен сезімнің жемісі – сәби» деген тақырыптағы мақаласы жарық көрді. Бір жағынан «Мөлтек сыр» жанрына келетін мақаланың авторы – он жылдан астам уақыт отбасын құрып, бір балаға зар болған жас келіншек. Мақалада бала аңсаған келіншектің басынан өткізген отбасын сақтап қалудағы қиыншылығы мен ішкі ой толғанысы тереңнен жазылады. Ол – ЭКҰ бағдарламасы арқылы бала көтергенін, әйелге тән өткен қуанышты, бақытты сәттерін тебірене баяндайды.

Бір заманда, қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін автордың жазбасын оқи отырып, үлкендерден естіген мына бір ғибратты әңгімені оқыр­манға баяндау мақсатында қолыма қалам алдым.


Ілгеріде ағайынды екі жігіт болыпты. Екеуі екі ауылдың арқасүйер ауқаттысы болған екен. Күндердің бір күнінде үлкен астың үстінде екі ағайынның арасына болмашы дүниеден жік түсіпті. Інісінің асқа қалай болса солай киініп келгеніне намыстанған ағасы дастархан басында елдің көзінше «Дұрыстап киі­ніп жүруге осы саған не жетпейді» деп, ұрысып сөгіп тастайды. Уақыт өте дәл осындай жиынның үстінде інісі ағасына өткен жолғы киім туралы ұрысты есіне түсіріп, былай деп жауап қайтарған екен: «Өткен жолы дұрыс айттыңыз аға, Құдайға шүкір менде жоқ емес бәрі бар. Сіз сияқты жарқырап киініп жүру де ойымда, бірақ мына өзіммен бірге өсіп келе жатқан үйдегі бауырларыңыз керек кезде барымды киіп кетіп, ұятқа қалдырып жүргені болмаса» деп, баласының көптігін меңзеген екен. Ал жеңгем екеуіңіздің біз сияқты киім таңдап киюге мұрша бермейтін балаларыңыз жоқ бол­ғандықтан бұндай мәселе туындамайтыны анық» деп, қатты айтыпты. Көптің алдында інісінен бұндай сөз күтпеген ағасы отырған орнында жер шұқып ойланып қала беріпті.

Сол күннен бастап ағасы мен жеңгесі Құдайдан ұрпақ сұрап бар­маған әулие, көрінбеген ем­ші қалмайды. Күні-түні жетім-жесірге, кедей-кепшікке садақа беріп Алла тағаладан бір жапырақ бала тілейді. Күндердің күнінде бұлардың тілеген тілегі қабыл болып, жеңгесі құрсақ көтеріп ат шаптырып «Құрсақ той» жасайды. Елдің бәрін шақырып туған інісінің ауылы шақырылмай қалады. Алла тағаланың қалауымен, ағасы мен жең­гесінің Құдайдан жалбарынып сұрауының арқасы болу керек ақыры ұлды болады. Тағы да шақырылмай қалған інісі ұлды болған ағасының қуанышына бір үйір жылқы айдап келе жатқанын естіп ағасы «Кері қайтарыңдар» деп, жігіттерін жіберіп жолын бөгейді. Ауыл шетіне тоқтаған қонақ­­тарға бас болып келе жатқан ақсақал «Байекеңде бір ауыз сөзім бар» деп, хабаршы жігіттерге еріп келіп елдің көзінше мына әңгімені айтқан екен.

«Араларыңдағы түкке тұрмай­тын әңгіменің ақыры үлкен дауға айналуына тікелей себеп болған мен едім, шырағым. Сол астан ренжіп келген ініңе, мәселенің терең­де жатқанын түсініп, саған қалай жауап беру керектігін айтып, жағдайдың оң жағына қарай шешілуіне жол сілтеп жібергенмін. Ініңнің баласы көп екені рас. Үй шаруасындағы әйелдің кейде кү­йеуі­нің үстіндегі киіміне қарауға да шамасы келмей қалатыны да рас. Ол өзіміздің де басымызда бар.

Дүние, байлық, қызықшылық қуып жүрген саған ата аманаты – ұрпақ жалғастыру керектігін есіңе түсірдім. «Ақылды адам ертеңгі күнін ойлайды. Ақылсыз адам бүгіндікпен ойнайды» дегендей, адамның өмірінің мәні мен мағынасы дүниеге ұрпақ әкелу, соның қызығын көру. Адамға ол да уақытпен, ниетпен берілетін қуаныш. Кеш қалып жүрмесін дедім. Бауырыңның сол айтқан сөзі саған қозғау болды. Соның ар­қасында әйелің екеуің Алла тағаладан шындап күні-түні бала сұрадыңдар. Сондықтан жаратқан ием сендерді шексіз бақытқа бөледі. Ұлды болдыңдар. Ауыл шетінде қуанышыңды бөлісуге келген ініңді қарсы ал, оның еш кінәсі жоқ» деп, данышпан ақсақал екі бауырды қауыштырып татуластырып кеткен екен, жарықтық. Ескінің дәмін татқан ақсақалдарымыз ата дәстүрін ұстап, артынан ерген жас ұрпаққа осылай тәрбие беріп отырған.

Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

07 наурыз 2026 ж. 82 0