Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенім мен сезімнің жемісі–сәби

Сенім мен сезімнің жемісі–сәби

Он жыл… Біреулер үшін жай ғана күнтізбедегі сан шығар. Ал мен үшін – әр таңы үмітпен атқан, әр кеші көз жасымен батқан он жыл. Әркімнің «қашан сүйіншілейсің?» деген сұрағы жүрегімді тырнап өтті. Күлген болып құтылғаныммен, ішімде бір үн үнсіз жылады. Дәрігердің табалдырығын тоздырдым, тағдырдың есігін қақтым, дұғаның әр жолына жанымды қостым. «Сабыр ет» деді бәрі. Мен сабыр еттім… Бірақ кей түндері сабыр да шаршайды екен. Қайтпек керек?! Десе де, өзіммен күрестім. Тағдырыммен тайталастым. Бір қызығы, мен декреттік демалысыма шығып барамын. Басылымның «Оймақтай ой» айдарын үзбей оқып жүремін. Бұл ретте, он жылдағы ішкі күрсінісімді сыртқа шығару мақсатында қолыма қалам алдым.

Жұмыс орнымдағы жеке зат­­тарымды жинастырып жатыр едім. Кенет өзіммен тетелес әріптесім келіп, менің іс-қи­мылымды ба­қы­лап тұр екен. Сондағы зат­тарым­­ның арасындағы қуыр­шақ, шыл­дырмақ, ойыншық секіл­ді зат­­тарды көріп:

– Құдай-ау, мына заттың бар­лығын тастамай жинаған­бы­сың?!

– Енді ше, көп адам ақ та адал ниеті­мен ырымдап әкеліп береді. Алмасаң, көңіліне қарайсың, ал­саң – осы енді. Үйде қаншамасы бар мұндай заттың.

– Жарайсың! Бірақ барлық қиындықты жеңдің.


Расында, әріптесімнің олай дейтін себебі бар. Тұрмыс құр­ғаныма биыл 11 жыл толады. Он жыл дегенде, әупірімдеп жүріп әрең дегенде құрсақ көтердім. Ал осы жылдар аралығында әйел үшін де, ері үшін де оңай емес. Кейде көпшілік тарапынан ар-ұятты ысырып қоятынын аңғарып жатамыз. Жан жарамыздың үс­ті­не тұз сепкендей сан түрлі сауал таусылмай жатады.

Бұл жерде ең алдымен шыдам­дылық және екі жастың бір-біріне, Алла тағалаға деген үміті үзілмеуі керек деп ойлаймын. Иә, мұндайда ағайын-туыстан, жұбың тарапынан қолдау керек ең алдымен. Және кім болса да, қан­шалықты жаныңыз ашыса да, өзгенің шекарасына өтіп, бұл сынағы туралы сөз етпеген абзал. Сәбисіз өткен соңғы 6 жылда Рамазан айында ауыз бекітіп, перзентті болуымды дұға-тілегіме қостым.
Өзім ЭКҰ бағдарламасы арқы­лы құрсақ көтердім. Бұл – Алла тағаланың бізге берген шапағаты болар. Өзім секілді көп­те­ген құрбымның жан күйзелісін сезе­мін. Оларға айтарым – Алла тағаладан үмітін үзбеу керек. Ал ер азаматтар жан-жарына қолдау көрсетіп, үнемі демеу болғаны жөн. Ерлі-зайыптының бір-біріне берік сезімі мен сенімі бұл тығырықтан алып шығады.

Мен ана болуға дайындалып жүрмін. Несін жасырайын, құрсағыңа сәби біткендегі се­зім тым бөлек екен. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін бұл сезімді айтып жеткізу мүмкін емес секілді. Қуаныш дейтін себебім – баршаңызға белгілі шығар, айналаңда қандай оқиға болып жатса да, сені қызықтырмайды. Тек жүре­гіңнің астында соғып тұрған жүректі сезіну, оның әрбір қимылын бақылау – әлемнің сегізін­ші кереметі десем, артық емес. Кейде баласына жекіп, қарғыс сөзін аямай айтып жататын ата-ананы көргенде іштей қын­жыламын.

Арасында айналада болып жатқан сан түрлі сұмдықты көр­ген кезімде «мен қандай анамын, балама қалай тәрбие беремін?» деген сансыз ой мазалайды. Ата-ана атану оңай. Бірақ нағыз әке мен ана деген атқа лайық болу қиын.

Сөз соңында айтарым, әрбір ша­ңырақта сәбидің үні шықса, бақыт орнайды. Айналамдағы сә­би­лердің күлкісі – бірде үміт, бірде сынақ болды. Біреулер ана атануды оңай қабылдады, ал мен үшін ол арманға айналған болатын. Құшағым бос болса да, жүрегімде орын дайын еді. Ана болу – тек баланы бесікке салу емес, ол – жүрекпен өмір сүру. Менің жүрегім әлдеқашан ана болатын. Тек тағдыр соны кешік­тірді ме, әлде сынады ма – білмеймін. Ендігі жерде менің ана, өмірлік серігімнің әке атанатын уақыты жетті. Тілегі бір екі адамның жүрегі – күтуге де, кешіруге де, сенуге де жаралған.

Гүлжауһар ЖАЛҒАСОВА

17 ақпан 2026 ж. 56 0