Тәртіпсіздік – бүлікке, тәртіп берекеге бастайды
Жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деуінде үлкен мән-мағына бар. Адамзат қоғамы – үлкен бір жүйе. Егер қоғамдағы рухани және әлеуметтік тәртіп, яғни әділдік, заңға бағыну мен әдеп бұзылса, ол қоғам рухани тұрғыдан күйрейді. Тәртіп бұзылған жерде бүлік басталады. Ал бүлік – берекенің қас жауы. Күн мен Айдың тәртібінің бұзылуы – физикалық әлемнің соңы болса, адамдар арасындағы тәртіптің бұзылуы – адамгершілік пен берекенің тоқтауы деген сөз.Хакім Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» дейді. Надандық – ақиқаттан қашу. Надан адам өз ісінің салдарын аңғармай, өзіне де, өзгеге де зиян шектіреді.
Еріншектік – жауапкершіліктен қашу. Ол адамды қоғам алдындағы міндеттерінен алыстатады. Залымдық – осы екеуінің шегіне жеткен тұсы. Өз мүддесі үшін өзгеге қиянат жасау – қоғам тыныштығын бұзатын ең ауыр кесел. Зұлымдық алдымен адамның ішкі ниетінен басталады. Сондықтан хакім Абай адам баласын өз ішкі дүниесін таразылауға шақырған.
Нағыз тәртіп – өз еркіндігін өзгелердің құқығы басталған жерде аяқталатынын түсіну. Қоғамдық орындарда, көшеде, тіпті көршілермен қарым-қатынаста белгіленген ережелерді сақтау – бұл тұлғалық әдеп.
Қорыта айтқанда, тәртіп бар жерде – береке, тәртіпсіздік бар жерде – қасірет бар. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген. Егер әрбіріміз өз нәпсімізді тізгіндеп, аманатқа адал болып, заң мен әдеп шеңберінен шықпасақ, қоғам тыныштықтың мекеніне, берекенің ұясына айналады.
«Әлемді өзгертуді өзіңді өзгертуден баста» демекші, әркім өз-өзін тәртіп пен әдепке баулыса, өз құқығы мен өзгелердің құқығын пайымдай алса, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамға келтірген ең үлкен пайдамыз деп білейік.
Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария ауданының
Бас имамы










