Мемлекеттік саясаттың басым бағыты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табысты елге айналудың басты кілті деп «Адал азамат» ұғымын ұсынды. Бұл ұғым халық қолдаған «Әділетті Қазақстан» идеясымен үндесіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам өзгеріп, жаңа құндылықтарды халық санасына орнықтыруымыз керек. Осы орайда сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру – әр азаматтың басты парызы екені анық.Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру үшін әр азамат адал болуы керек. Ал, әр азаматтың адал болуы тәрбиеге, жеке жауапкершілікке, санасының ғана емес, жан-жүрегінің таза болуына тікелей байланысты.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы заңнама мен іс-шаралар жоспары бірнеше принципке негізделген деп айтуға болады. Оның ішінде азаматтық жауапкершілік және әділетті мемлекеттің негізін құру принциптерін сақтау маңызды. Еліміздегі соңғы 10-15 жылдағы ішкі қоғамдық-саяси дамуға назар аударсақ, қоғам әділ, адал азаматты құрметтейтініне көз жеткіземіз. Саясаттанушылардың сөзінше, біз бұл мақсатты жұмысты нәтижемен түйіндеуіміз үшін барлық салада заңға бағыну мен қоғамдық бақылау мәдениетін қалыптастыруымыз қажет екен. Ол үшін саяси тұлғалардың да атқарар рөлі зор. Құқықтық мемлекеттілік принципін де ұмытпағанымыз абзал. Демократиялық мемлекеттерді мысалға келтіргенді ұнатамыз, оларда саяси мәдениет жоғары екенін айтамыз, ол құқықтық сауатты қажет етеді. Құқықтық тәртіп орнату, оны нығайту билік институттарына деген сенімді арттыруға және әділетті мемлекет құрудың алғышарттарын жасауға ықпал етеді. Бізде заң жұмыс істесе, әрбір азамат заң жүзіндегі іс-әрекетке мүдделі болса, заңға бағыну мәдениеті қалыптасады. Сондай-ақ мемлекеттік деңгейдегі ірі шешімдер бақылануы керек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын азаматтық институттарының рөлі күшеюі қажет. Міне, осындай алғышарт жасалса, Әділетті Қазақстан да, адал азамат та, сыбайлас жемқорлықсыз қоғам да қалыптасады.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру үшін, бір емес бірқатар салаларды қамтитын реформаларды жүзеге асыру керек. Патриотизм мен жеке жауапкершілікті терең түсінуге тәрбиелеу арқылы тұрақты, саналы азаматтық ұстанымдағы адал азаматты қалыптастыра аламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту де маңызды. Мысалы, соңғы зерттеулер көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық дамуға кедергі келтіреді. Ең бастысы, билікке деген сенім жойылады. Сыбайлас жемқорлықпен істі болғандарға жазаны қатаңдатпай, олардың ісін ашық сот жүйесінде көрсетпей, күрестің нақты нәтижеcін барынша әр тарапқа түсіндіріп, жарияламай, бұл кеселді толыққанды жеңе алмаймыз. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. «Адал азамат» ұғымы, ұстанымы еліміздегі әрбір санатқа тиесілі болуы керек. Биліктегі азаматтар, тұлғалар адалдық, адамгершілік принциптерін ұстанбаса, этикалық стандарттарды өздері көрсетпесе, басқалар да адал азамат атануға ынталы болмайды.
Маңызды идеологиялық тұжырымдар мен негізгі бағыттар: еркіндік, отаншылдық, бірлік, ынтымақ, әділдік, жауапкершілік, заң, тәртіп, еңбекқорлық, кәсібилік, жасампаздық, жаңашылдық. Әділдік – ізгіліктің өзегі екенін ескерсек, әділдік жоқ жерде береке болмайтынын да ұғуға болады. Себебі қоғамдағы сыбайластық салдарынан болатын қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш – әділдік, адалдық, тазалық. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. Сонымен қатар адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Жастардың заманға сай рухани тәрбие деңгейін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгінің өзекті мәселесі. Қорыта келе, сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру – әр азаматтың басты парызы екенін баса айтқым келеді.
Гүлзат АМАНКЕЛДИЕВА
Фото: Ашық дереккөзден









