Заң және тәртіп – бейбіт өмірдің кепілі

Заң – бұл мемлекет қабылдаған және барлық азаматтар үшін міндетті болып табылатын нормалар жиынтығы. Ол адамның құқығын қорғайды, қоғамдағы әділдікті сақтайды және азаматтар арасындағы қарым-қатынасты реттейді. Әділ заң – қоғамның арқауы, азаматтардың сенімінің негізі.
Құқықтық мемлекетте әр адам заң алдында тең. Мұндай елде адамдар өз құқықтары мен бостандықтарын еркін пайдаланып, өзіне жүктелген міндеттерін адал орындайды. Заң үстемдік еткен қоғамда әділетсіздікке, жемқорлыққа, құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Бұл – кез келген елдің тұрақты дамуына, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
Тәртіп – заңның іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ететін әлеуметтік құбылыс. Қоғамдағы тәртіптілік – әрбір азаматтың ережеге сай әрекет етуі, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы. Адамдар арасында өзара түсіністік, сыйластық, мәдениеттілік тәртіпке негізделеді.
Тәртіп орнамаған қоғамда қылмыс көбейіп, адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төнеді. Мұндай жағдайда әлеуметтік тұрақсыздық белең алып, елдің ішкі бірлігіне сызат түседі. Ал керісінше, тәртіп бар жерде тыныштық, еңбек өнімділігі, рухани келісім артады. Тәртіп – қоғамдағы тәрбие мен мәдениеттің айнасы.
Бейбіт өмірдің негізі – қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік. Ал бұл екі ұғым тікелей заң мен тәртіпке тәуелді. Мемлекет пен халық арасында сенімді қатынас орнауы үшін әділ заң жүйесі мен орындалатын тәртіп қажет.
Қазақстан – демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет. Конституцияда көрсетілгендей, еліміздің ең басты байлығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл құндылықтарды қорғау үшін елімізде түрлі заңдар қабылданып, құқық қорғау органдары жүйелі жұмыс жүргізуде.
Қазақстанда құқықтық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың борышы. Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға деген құрметті қалыптастыру – болашақта бейбіт қоғам құрудың кепілі. Ел болашағы – тәртіпке бағынып, заңды құрметтейтін жастардың қолында.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіп – бейбіт өмірдің негізі ғана емес, сонымен қатар әділетті қоғам мен тұрақты мемлекеттің басты тірегі. Әр азамат заңды біліп, оны сақтаса, қоғамда тәртіп те, тыныштық та орнайды.
Сырдария аудандық прокуратурасы