Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

17 қаңтар 2026 ж.

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Көрмейін десем, көзім бар

Көрмейін десем, көзім бар

Әрбір үйдің төрінде өмір­дің іргесін бекіткен бір бесік тұрады. Қазынаны құр­меттеген қазақ бесіктің киесі баласын жамандықтан сақтайды деп ұққан. Шын мәнінде, ол – жай ғана ағаш емес, әке мен ананың ті­леуімен жеткен перзенттің белін түзеген қасиетті бұйым. Үй мен жұмыстың екі ортасында жүріп, қар­балас тіршілікке байланамыз. Осындай сәттің бірінде көшенің бойынан ағаш бесіктің жатқанын көріп, сол үйдің ырысы мен берекесі кеткенін аңғардым.

Ұрпағына қиянат жасаған қоғам­да кие мен қасиеттің байыбына бара алмаудың ақыры осы. Бұрын үлкендер: «Бесікті далаға тастаған – берекесін бірге тастайды» деп күрсініп отыратын. Тәрбиені баласына бесіктен берген ата-баба аманаты елеусіз қалып отыр. Бос бесікті тербетпеген ұлтымыздың құндылығы құлдырымаса игі.

Бесікті жасаудың сіз бен біз білмейтін машақатын шебер біледі. Көз майын тауысып жасаған бұйым­ның адамға керексіз болуы – адал еңбекке жасалған қиянат. Кез келген ауылда бір шебер тұрады. Оның қолынан шыққан дүние үнсіз болса да, өз тілінде сөйлеп тұрады. Әрбір іске кіріскенде шебер ағашты емес, болашаққа аманатты табыстап отырмын деп ойлайтын. Бесік жасалғанда шебер ең алдымен қолындағы ағашты түземестен бұрын, шынайы ниетін жақсартады. Баланың болашағы баянды болуы­на тілегін білдіріп, әр түйінді сабырмен байлайды. Мұнда бір күндік емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибенің жемісін көресің.

Қазір жаңа үйге көшкенде ескіні тастау әдетке айналған. Үйдегі бала мен келін жиһаз біткенді жаңалап, ескі-құсқыдан арылуда. Бір уақытта көпті көрген ана баласы жатқан бесікті қымбат гарнитурдың қасына апарып қойды. Алғашында оны еш­кім қозғамады.
– Қазір бесік заманнан қалған емес пе? – деді келін.

Сонда ене жымиып тұрып:
– Заман өзгереді, бесіктің киесі өзгермейді, – деді.

Сол түні үйге тыныштық орнады. Бала алғаш рет бесікте ұйықтады. Әжесі бесік жырын айтып отырып, өз жүрегіндегі қорқынышын да тербеп басқандай болды.

Көрмейін десем, көзім бар. Бесік­ті далаға тастау арқылы үлкендер салған сара жол жоғалып бара жат­қандай көрінді. «Бесігі берік елдің болашағы нық», «Бесік – ұрпақтың ұясы», «Бесік жырымен мейірім сіңеді» деген тәрбиелі сөзден айны­маған қазақтың тектілігі салт-санасында болғаны дұрыс. Әйтсе де, төрде тұрар бесікті далаға лақ­тырған отбасының іс-әрекетін қалай ақтап аламыз? Сірә, ешбір дүниемен ақтауға келмейді.

Балтабай Ордабеков

17 қаңтар 2026 ж. 304 0