Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын қолды шебер

Алтын қолды шебер

Қазақта «Бесікті саудаламайды, айтқан бағасына сатып алу керек» деген ұғым бар. Халқымыз бесікті, шаңырақты, табал­дырықты кие тұтқан. Бұл үш қасиетті затты ата-баба­ларымыз аяқпен басуға тыйым салған.
Иә, шын мәнінде бесік – ұлтымызға тән құнды мүлік. «Атасы жатқан бесікке баласын, немересін, шөбересін, тіпті шөпшегін де бө­леген. Сәбидің ағаш төсегі саналатын қасиетті бесікті қайың, қарағай, талдан иіп жасайды. Нәресте өсіп кеткен соң бесікті қастерлеп, орап, жоғарыға алып қояды» – дейді көнекөз қариялар.
Жақында кентте «Бесік жасаудың шебері бар» дегенді естіп, дереу ол кісімен жолығуға асық­тым. Бірақ шебермен жолығудың сәті түспе­генімен, оның көмекшісі әрі өмірлік серігі Жадыра Әбішбаймен жақсы әңгіме құрудың орайы келді. Замандасы жұбайының шеберханасындағы әрбір құралдың атын, қандай мақсатқа жұмса­латынын, бесік жасаудың қыр-сырын білетін болып шықты. Жадыра үнемі жолдасына көмек­тесіп жүретіндіктен, ұстаның жұмысын біршама меңгеріп алғанын байқатты.
Бесік жасаудың шебері Асылхан Наурызбаев – көп балалы отбасының отағасы. Алдыңғы екі қызы тұрмыста. Үйдегі төрт баланың үшеуі мектеп оқушысы болса, кенже бала Мұхамедәли – төрт жаста. Балаларының ата-анасы жұмыссыз болғандықтан, қол қусырып отыруды жөн көрмейді. Бұрыннан ойлап жүрген сүйікті ісіне отбасының арқасүйер азаматы осыдан 4-5 жыл бұрын кіріскен. Ұсталықты жандандыруды қолға алған Асылхан ағаштан түйін түйіп, оны кәсіпке ұластыруды мақсат етеді. Ең алдымен қажетті құрал-жабдықтарын алу үшін үйін кепілге қо­йып несие алады. Ұстаның жұмысына қажетті құралдарды сайлап алған соң, жаны қалаған іспен айналысуға кірісіп кетеді.
– Ең алғашқы бесікті үлкен қызымыз тұрмыс­қа шығып, нәрестелі болғанда жасады. Оның өз ойынан шыққаны сонша, бесіктің жасауын менің тіккенімді қалады. Қасымда кеңес бере отырып, жабдығын бірге тігіп шықтық. Құдалар риза болып, тапсырыс түсе бастады. Қазір отағасының қолынан шыққан бесіктің бірнешеуі Түркістан, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына кетті, – деді Жадыра алғашқы жасаған еңбектерін еске алып.
А.Наурызбаевтың ұсталығы – қанында бар қасиет. Оның ағасы да кезінде ұсталығымен аты шыққан шебер екен. Ол кісі ер-тұрман жасаумен қатар, қолынан үй өру де келетін, егінді де салатын ауылға белгілі кісі болыпты.
Әңгіме барысында ұстаның жары бесік жасаудың қыр-сырына тоқталды. Алдымен бесік жасайтын ағаштарды таңдап, базардан өзі сатып әкелетін ұста ағаштарды әбден кептіріп алады. Кейін кепкен ағашты жонып, кесіп, бесік жасауға кіріседі. Бірінші, бесіктің арқалығын немесе белағашты дайындайды. Оның ұзындығы 70-75 сантиметр болады. Сонан соң «бөген» деп аталатын бөлігі жасалады. Ол алдыңғы бас, артқы бас болады. Сонымен қатар жақтау, шабақ, сабау, жорға, тақтай сияқты бөліктері жасалады. Барлығы дайын болғанда әрқайсысын желімдеп, құрастырады. Бас-аяғы 10-15 күнде дайын болатын бесікті шебер оюмен айшықтайды. Мұнан соң ашық, әр беретін түспен сырланады. Бесік дайын болғанша шебердің зайыбы оның жабдығын жасауға кіріседі. Матаның ең төзімдісі – масаты. Ши, жөргек, кепіл, жастық, көрпе, таңғыш, қысқы және жазғы жапқыш сияқты жабдықтарын тігуге машықтанған тігінші әрбір бөлшекті ою-өрнекпен безендіреді. Қазір жасап жатқан бесіктің таңғышын құрақпен құрап тігуді жөн көріпті. Бұл тапсырыс берушінің сұранысына сай жасалып жатқан дүние.
Жадыра көп балалы ана болған­дықтан әрине, бірінші кезеккте балаларына қамқорлық жасайды. Оларды сабаққа жіберу, ас-суын дайындау, үй шаруасымен айналысу – күнделікті әдеті. Соның арасында бір мезгіл отағасына да қолғабыс етеді. Кәсіп етіп отырған соң күнделікті қажеттілікті шебердің тапқан табысымен өтейді.
Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік кө­мек­ке іліккен отбасы ай сайынғы қаражатты бесік жасауға қажетті ағашты, қала берді мата алуға жұмсайды. Жадыра кәсіпті ұлғайту үшін қайта даярлаудың 3 айлық курсынан өтіп, тігіншілікке маманданған. Кәсіпкерлік палатасына бизнес-жоспар ұсынып, қайтарымсыз 240 мың теңге көлемінде қаржы алған. Бұл қаражатқа ол соңғы үлгідегі тігін машинасын сатып алған. Электрмен жұмыс істейтін машинасымен түрлі тігісті қажет ететін бұйымдарды жылдам әрі әдемі етіп тігеді. Соңғы кезде Жадыраны арнайы іздеп келіп, тапсырыс беретіндердің де қатары көбейген. Олар құрақ көрпе, жастық, фэтр матасынан тігілген той-табаққа арналған бұйымдар жасауға тапсырыс береді.
– Маған ең бірінші тігіншілікті үйреткен бас киім тігудің шебері Катя апайға алғысым шексіз. Бір жыл бойы шеберден көп нәрсе үйрендім. Сонан соң тұрмысқа шығып, отағасы да бұл өнерден құр алақан емес екенін білдім. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей тігіншіге тән қасиетті естен шығарған емеспін, – дейді тәжірибелі маман.
«Қимылдаса қос шебер, қыруар-қыруар іс өнер» демекші, берекелі отбасындағы қолөнер шеберлерінің бүгінгі кәсібі сұранысқа ие.

Бибісара ЖАНӘЛІ

04 желтоқсан 2019 ж. 1 406 2

Мейрамбек от 20 қаңтар 2021 14:20
Осы бесік ұстасымен қалай байланыса аламыз?

Мейрамбек от 20 қаңтар 2021 14:21
87077471991 осы нөмерге хабарласыңызшы! Тапсырыс беремін.