Қойнында халық ер жеткен, қазақы бесік, ән бесік
Түгел ғұмырды «тал бесік пен жер бесіктің арасы» деп бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған дана халқымыз үшін тіршіліктің бастауына балама ұғымдай қолданылатын бесіктің қадірі мен қасиеті ерекше. Тазалық пен саламатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен рөл ойнайтын бесіктің «тал бесік» аталуы да тегіннен тегін емес. Себебі баланың алғашқы отауы қайың яки талдан иіліп жасалады.
Ғылым мен білім дамымай тұрып-ақ, адам денсаулығы үшін ненің дұрыс, ненің зиян екенін тереңінен білген дана халқымыз бесіктің материалы мен құрылымына ерекше мән берген. Кіндігі түсіп, бесікке бөленген сәби жылы әрі жұмсақ жерде жатса, бір жағынан ана мен бала арасында тығыз байланыс орнай түседі. Мысалы анасы бесік жырын айтып, бесік тербетсе, сәби анасын жан-дүниесімен сезініп, ана даусынан қуат алады. Сондай-ақ бесік – тазалықтың кепілі.
Бәрін айт та, бірін айт, бесіктің қазақ қоғамында аса қадірлі, киелі дүние екені бұрыннан белгілі. Тіпті атасы, әкесі жатқан бесікті сақтап қойып, баласын, немересін сол бесікке бөлейтін жағдай да ұлттық құндылықты ұлықтаған әр отбасыда кездесіп жататын дәстүр. Былайынша айтқанда, атадан балаға мұра болып қалатын бірден бір мүлік. Сондай-ақ халқымыз бос бесіктің өзін биікке, таза жерге қойып, қастерлейтін болған. Бесікке қатысты ырымдар мен тыйымдар да жетерлік.
Десек те, бүгінде осындай киелі дүниенің құтын қашырып жүргендер бар. Бесікті көшеге яки қоқыс тастайтын аймаққа лақтырып кеткен жағдай бір емес, талай рет кезігіп жүр. Әлеуметтік желі мен ақпарат жылдам тарайтын қазіргі қоғамда ондай ыңғайсыз «жаңалықтар» жерде жатпайды. Періште сәбиді бөлейтін, сондай киелі деп түгел халық қадір тұтатын бесікті кім, қалай дәті барып, қоқысқа тастайды екен? Бірақ... Бесік тұрмақ, жатырын жарып шыққан бауыр еті баласын саудалап, көшеге тастаған безбүйректерді де көрген біздің қоғамға ол да таңсық бола қоймады. Жақында әлеуметтік желіге жарияланған қоқысқа тасталған бесік суретін көріп, жаға ұстадық. «Біреу тоңып, біреу тойып секіреді» деген осы.
Мәселені неден бастап, тіпті қалай уәж айтарымызды білмедік. Ардақты ана, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолында аянбай тер төгіп жүрген Алтын Нұртаева апайдан пікір сұрадық. Ол кісі де мәселеден хабардар екенін айтып, тақырып төңірегінде қалам толғауымыздың жөн екенін жеткізді.
– Ұлы жүздің Төле биі «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деген емес пе. Жаңа дүниеге келген сәби мен оның жарқын болашағын жалғайтын алтын көпір іспетті киелі құндылық қой бесік деген. Бесіктің иесі – нәресте, ал қазіргі қоғам бесіктің иесі нәресте екенін, бесіктің киесінің барын да ұмытуға сәл қалды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп өткен ғасырда айтып кеткен сөзі дәл осы кезге керек болып тұрған секілді. Бесіктің қадірін де, қасиетін де ұмытуға айналдық. Бір үйде бірнеше бесік, ашық-шашық қоқыста жатқанын да көріп жүрміз, – деген ардақты әже қазіргі таңда дәстүрден бұрын, дүниежарысқа айналған бесік әкелу, бесікке салу дәстүрінің орындалуына да қатысты пікір білдірді.
– Бұрын ата-анамыздың қолы тиген, сол үйдің тұңғышы жатқан бесікті қадірлеп, қастерлеп, үкілеп алып қойып, сол үйде дүниеге келген бүкіл ұрпақ сол бесікте жататын. Қазір бір үйде бес келін болса, бес бесік келіп жатыр. Содан кейін қоқысқа тастамай қайтсін?! Керек десе, ол кезде нағашылар бесік әкелмейтін, себебі қызы сол елдің, сол рудың ұрпағын дүниеге әкелді, бесік өздеріне тән болатын. Бесікке салу дәстүрі, салты бары рас. Бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бірақ, «нағашылары әкелсін» деген кейінірек ойлап табылған дүние. Баланың алғашқы тойларының бірі, бесікке салу тойы жақсы ғой. Бірақ оны да қазір құдалықтан кем қылмай, баланың болашағы үшін емес, өзінің арзан атақ, абыройы үшін жасайтындар көп. Тіпті, біреуден кем түспеу үшін несие алып та, бесік апаратын халге жеттік. Бесік салу дәстүріміз де осындайлардың кесірінен берекесіздеу болып барады. Бесікке кез келген адам салмайды, ардақты ана, елге сыйлы дана әже салады. Кейінгі кезде бесік зиян екен деген сөзді желеу етіп, бесіктен безініп жатқандарды да көріп жатырмыз. Атам заманнан сәбидің жайлы отауы болған бесік – баланың ұясы, тазалықтың бастауы, денсаулықтың жаршысы. Бесікте ауа бір қалыпты болып, дәреті бойға жиналмай, қолы-аяғы ербеңдемей, сәбидің ұйқысы тыныш болады. Бесікке қатысты «бос бесікті тербетпе, ашық қалдырма, түнде бесікті далада қалдырма» деген ырым-тыйымдар да тұнып тұрған тәрбие көзі. Ал бесікті қоқысқа тастау деген барып тұрған сорақылық. Баласы тұрмай, шетіней берген жандар ғана амалсыз бейіттің басына бесік апарып қойған. Жастарға жарқын болашақты ойласа, бесіктің қадір-қасиетін біле түсіңдер дегім келеді, – дейді көпті көрген ана.
Кезінде халқымыз көшіп-қонып жүргенде баланы бесікпен жылқыға не түйеге байлап, алып жүретін болған. Бұл бір жағынан қауіпсіз әрі жайлы. Мынадай бір әңгіме бар. Кезінде Іле жақта көшіп бара жатқан топ бесікте жатқан баланы түйеге байлап жолға шыққан. Содан жолда түйенің аяғы тайып, құздан құлап кетіпті. Нәрестенің аман қалмағанына сенімді болған атасы «ең болмаса періштені қарға-құзғынға жем қылмай, жер қойнына тапсырайық» деп қарулы жігіттерді құзға жұмсайды. Сәбиді алып келуге барғандар таңғажайып жайға куә болған екен. Түйенің мойыны қайырылып өлі жатса, бесік дін аман, бала ұйықтап жатыр екен. Баланы әкеліп, тойларын жасап, кейін сол құздан құлап, аман қалған ұл бір рулы ел болып Іле жақты мекенеткен екен. Міне, бұл – бесіктің қасиеті мен киесі.
Айта кетерлік мәселе, қазақ бесікті сатпаған. Қазіргі әркімдер ойлап тапқан «дәстүрге» сай бесікті сату белең алып барады. Ұлтымыз үшін құнды дүниені халық сатпаған. Шеберге ақысын береді әрине, бірақ саудаласуға болмайды. Бірақ, қолданылған бесікті «сату бөліміне» салып яки бесік салар тойда жасап жүрген «бесік сату» қазаққа мүлде жат нәрсе.
Сонымен қатар, қазір электр қуаты арқылы баяу қозғалып тұратын бесіктер қолданысқа енген. Бағасы да әжептәуір. «Таяқтың екі ұшы бар» деген, ғылым мен білімнің дамығаны жақсы, бірақ электр қуаты жүріп тұрған төсектің бала денсаулығына қалай зиян әкелетінін ойладық па? Оған қанша жыл жер астында жатса шірімей, ауаға у бөліп шығаратын пластиктен жасалғанын және қосыңыз. Ондай бесікте ән айту қызметі және барын қоссақ, бесік жырын айтпаған ана не тәлім береді, бесік жырын тыңдап өспеген бала болашақта анасына жақын болады ма? Бауыржан Момышұлы «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын» деген. Электронды бесік тал бесікті қолданыстан ығыстыру үшін арнайы шығарылған дүние ме әлде? «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегенді жан-жақты ұғынатын болсақ, міне бізге ойланарлық мәселе.
Айтпақшы, бесіктің тозығы жетіп, жарамсыз болып қалса не істеу керек деген сұраққа да жауап іздеп көрдік. Ондай жағдайда бесікке ақ тамызып өртеп, күлін адам аяғы баспайтын жерге тастайды екен.
Халқымыз бесікке үлкен мән беріп, қасиетті мүлік деп санаған. Дана жұртымыз қастерлеген ұлттық құндылығымыз аяқ асты болмаса екен. Қалам тербеп, мән-жайды зерделеуіміз де осы ойдан туған еді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ