Ғұмырын еңбекке арнаған

Бұрынғы Ленин колхозында 1948 жылы дүниеге келген Алтынбек ақсақал бала кезінен қой баққан. Төртжылдық білім алғаннан кейін әкесімен бірге мал бағып, шаруаға араласқан. Асқар тауы зейнетке шыққанда барлық мал шаруасы өзіне қалған. Күнделікті азанғылық ұсақ малдың жем-шөбін дайындап, жайылымға шығарып бағу, барлығын уақытылы түгендеп, бөлініп кеткен қойды қайта айдап қосу қарияның күн сайын қайталанатын жұмысы еді. 1969 жылы әскер қатарына шақырылып, алғашқы жылы Түрікменстан елінің астанасы Ашхабадта болып, келесі жылы Семей қаласындағы Аягөз ауданында борышын өтеген.
– 1964-1965 жылдары Сұлутөбедегі училищеде көлік жүргізушісі мамандығын оқып бітірдім. Қой да бақтым, машина да айдадым. Ол кездері совхоз деген бар. Сонда армияға дейін машинист болып қызмет атқардым. Комбайн да, трактор да, жеңіл машина да айдадым. Ол кезде «сенің жұмысың, менің жұмысым» деген болған жоқ. Қолымыздан не келеді, соны істей беретін едік, – дейді ақсақал.
Әскер қатарына шақырылмай тұрып, бір жыл бұрын шаңырақ көтерген Алтынбек Аманов жұбайы Жұмакүл Нұрмағанбетовамен екі ұл, бір қыз тәрбиелейді. Аяулы жар бола білген Жұмакүл үшінші баласын жарық дүниеге әкелгеннен кейін өмірден озған. Өмірдің қиындығы мен шырғалаңын көрген әке Алтынбек құндақтаған бөпесін өзі аяққа тұрғызады. Шаңырақта отана болмаса үй қажитыны белгілі ғой. Солай тағдырдың қалауымен Алтынбек Аманов Райхан Алмағанбетовамен қайта шаңырақ көтеріп, тағы бір қыздың әкесі атанады. Қазіргі таңда ұлдары бір-бір үйдің түтінін түтетіп, немере сүйіп отыр. Үлкен қызы бір шаңырақты гүлдендіріп отырған жас әже. Бүгінде ақсақалдың қолында кіші қызы Әсима тұрады. Әкесінің бабын тауып, бар жағдайын жасауда. Ал отана осыдан 8 жыл бұрын дүниеден озған.
Қартайған шағында да бақуатты Алтынбек қария шөбере сүйіп отыр.
– Зейнетке дейін үздіксіз машинист болып жұмыс істедім. Шөпті де ордық. Трактормен пресс қылып жинайтын едік. Егін жинап, қамыс орып, жоңышқа престеп совхозға өткіземіз. Әр жылымыз солай өтетін. Осы жұмыспен зейнетке де шықтым. Қазір жұмыс та, қызмет те көп қой, істеймін деген адамға. Біздің кезде тек екі аяқтың, білектің күшіне сеніп жұмыс істедік. Маңдайыңнан аққан терді сүртіп тапқан табыста нағыз береке бар. Соны қазіргі ұрпақ ұғынса дейміз, – дейді ардақты жан.
Өзі сексеннің төріне жақындаса да ауыл ақсақалдарымен елдің жайын ойлаған қария Аманкелді ауылының келбеті жылдан-жылға көркейіп келе жатқанын және де ауылдық амбулаторияның күрделі жөндеуден өткенін айтып қуануда. Сондай-ақ ауданның қашықтығына байланысты «амбулаторияның ішінен жатып, ем қабылдайтын бөлім ашылса» екен деп тілек білдірді. Ондай жағдайда біршама ауыл халқының жаны жайлылық тауып, ауырған шақта ауданға барып әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқтығын алға тартты.
Ауыл тұрғындарының тілегін жеткізуді өзіне міндет санаған ардақты жан нағыз еңбектің адамы. Оның мал шаруашылығына да, егіншілікке де қосқан үлесі орасан зор.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ