Еңбек пен ел қызметін үйлестірген қария

Бұрынғы Калинин колхозында 1942 жылы дүниеге келген. Әбжан Оқасов отбасында 7 қыздан кейінгі жалғыз ер азамат. Әкесі мал шаруашылығымен айналысқан. Ес білгелі асқар тауының қасында қолғабыс етіп жүрген. Онжылдық білім алғаннан кейін колхозда комсомол бригадасы құрылып, ірі-қара бағуға бет бұрады. Екі жыл сиыр бағып, әкесінің жолын қуады.
– 1965 жылы отау құрдым. Бір жыл өтпестен әскер қатарына шақырылып, Ресей Федерациясының Ивановский облысы, Тиква қаласында Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерден келгеннен кейін құрылыс саласына араластым. Мал шаруашылығынан да алыс кетпедім. Отбасымызбен ірі қара бағуға бет бұрғанбыз. Ол кезде сиырды көбейтіп, сүтін, етін Үкіметке өткізетін едік. Қиындықты да көрдік, – дейді еңбек адамы.
Арада бірнеше жыл өткенде Әбжан Оқасовты жергілікті сайлау мамандары хатшы жұмысына шақырады. Мал бағып, ат үстінен түспеген азаматтың кеңсе жұмысына араласуында қызықты жағдайлар орын алғанын айтып өтті.
– Мен мектепте жақсы оқыдым. Содан болса керек, ауылдық әкімдікке хатшы керек болды. Ол кезде институт бітіргендер аз болатын. Менде тек онжылдық білім. Бірақ жазуыма қарап 1971 жылы жұмысқа қабылдады. Ат үстінен түспей, қолым қалт ете қалса көкпарға кететін әдетім бар. Солай жұмыс барысына әлі дағдылана алмай жүрген кезім. Ол кезде асып-тасыған жұмыс та жоқ. Арасында басшының рұқсатынсыз көкпарға қатысып жүрдім. Оны бастық біліп, маған бірнеше рет ескерту жасады. Бірақ, ауылда ұлан-асыр той болып, көкпар ұйымдастырылды. Құттықтайық деп бардым тойға, ас-ауқаттан алып, қайтуға ыңғайланып едім, соғыс ардагері Рысбай Құдайберген деген ақсақал «Әбжан қайда?» деп мені іздеп жүр екен. Мені көріп жақындап, қолыма қамшысын ұстатып, «көкпарға қатыс, мін мына көк жорғаға» деді. Сондағы мені баласындай көріп, сенім артқаны екен. Ол кезде қазіргідей барлық жағдай жасалмаған ғой. Сол жылдағы бар қызық көкпар еді. Содан көкпардан бірнеше рет салым салып, жеңіске жеткеніміз бар. Бірақ ұзын құлақтан басшылыққа жеткен. Сонымен хатшылық жұмысты істемеймін деп әкімнің бетін қайтарған кезім де болды. Бірақ араға ұзақ уақыт өтпей қайтадан жұмысқа оралуымды сұрап, шақырту жібергеннен кейін жұмысымды жалғастырдым. Анда-санда көкпарға да қатысып қоятыным тағы бар, – дейді ақсақал күліп.
Әр саланың өзіндік қыр-сыры бар екені белгілі. Оған жауапкершілікпен қарау да өнер. Қазіргі таңда да дәріптеліп, жас шабандоздардың арасында көкпар ұйымдастырылып, бәйге өтетіні қазақы салтымызды жандандырудың бір бөлігі. Бұл, әрине, өткен кезеңнің бізге қалдырған мұрасы. Осы ұлттық ойынның еш өзгеріссіз қалпында жетуіне Әбжан Оқасовтың да үлесі бары анық. Сексеннің төрінде болса да бақуатты ақсақал бір ұл, бір қызды жұбайы Сайлау Смағұловамен бірге тәрбиелеп өсірген. Бүгінде аяулы жарының өмірден озғанына 15 жылдың жүзі болыпты.
Хатшылық қызметте жүріп зейнетке шыққан Әбжан Оқасов қазіргі таңда немере-шөберелерін бағып, аталық мейірімін төгуде. Еңбек пен ел қызметін үйлестіріп, ұлттық спортқа да ден қойған ардақты жан – ауылға сыйлы ақсақал.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ