Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тоқсандағы тұрақты оқырман

Тоқсандағы тұрақты оқырман

Газет оқыр­маны­мен құнды. Қазіргі таңда «газет аз оқылады» деген пікір кездесіп жатады. Десек те, бізді әркез іздейтін ойлы оқыр­ман мен төл басы­лымның тұрақты жанашырлары барда, біз бұндай пікірді дұ­рыс деп ай­та алмаймыз.

Алдағы алты айға газетке жазылу науқаны басталғалы редакция қызметкерлері жан-жақты жұмыс істеп, басылым таралымын арттыруға күш салуда. Алыс-жақын ауылдардағы оқырманның келесі жылы да мазмұны бай аудандық газетті алуына барынша ықпал етуде. Осы орайда әріптестермен ақылдаса келе, үйді-үйге газетке жазылуға үндейтін хабарландыру таратуды құп көрдік. Басшылық тараптың қолдауымен шақырту есебіндегі бір парақ қағазды мерзімді басылымдармен қоса тараттық. Нәтижесінде, алыс-жақын ауылдардағы оқырмандармен таныстық.

Осындай бір кезекті қоңырау тоқсанға таяған аманкелділік ақсақал Садықбек Бекеевтен келіп түсті. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтін қария редакцияға қоңырау шалып, газетке онлайн түрде жазылуға болатынын естігенін айтты. Өзі газеттің тұрақты оқырманы екенін айтып, газеттің бір нөмірін жібермей оқитынын және қосты. Аузы дуалы, батагөй ақсақал редакция қызметкерлеріне алғыс айтып, ақ батасын беріп, жұмысымызға сәттілік тіледі. Осы орайда біз де тұрақты оқырманымызға газет төрінен орын беріп, кейінгі буынға үлгі етуді жөн санадық.

Садықбек ақсақал – Аманкелді ауылының тұрғыны. Айдарлы ауыл­ында дүниеге келіп, ауылдағы жетіжылдық мектепте білім алған. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, ерте бастан еңбекке араласқан азамат жастайынан мал бағып, еңбекке ысылады. Бала болса да ел ішіндегі бидай ору, тасу жұмыстарына күш салып, ірі қара мал бағады. Көп жыл мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосып, аянбай еңбек еткен азаматтың еңбегі еленіп, ауыл, аудан басшыларының арнайы марапатымен наградталған. Ауылда механизатор, одан кейін мердігер ретінде ірі қара мал бағып, адал еңбектің жемісін көріп отырған ақсақал 1991 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы Перуза Сәтбаевамен бірге 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, бүгінде немере-шөберенің қызығына бөленіп отырған жайы бар. Батагөй ақсақал зейнетке шықса да, құр қарап отыруды құп көрмейді. Еңбекпен есейген ардақты қарияның қимылы шалт, бойы сергек. Еңбек етіп жүріп, қолы қалт еткенде өлең де жазып, мүшәйраға қатысады екен.

– Мен өзім шаруа адамы бол­ғаныммен, шығармашылықтан қол үзбедім. Жаныңнан өлең шығару, әңгіме, мақала жаза алу – Құдайдың берген дарыны. Бүгінгі күнге дейін «Өлеңім – менің өмірім», «Қолыма қалам алдым жазғалы сөз», «Ұрпағыма арнау», «Жыр арнадым жүректен» атты өлең жинақтарым жарық көрді. Мен шығармашылықты сүйемін, шығармашылық адамының еңбегін бағалаймын. Мер­зімді басылым­дар – нағыз тарих, нағыз шығармашылық деп білемін. Әсіре­се, аудандық «Тіршілік тынысы» газетін үзбей оқимын. Аудан ай­насы күн сайын жаңаша кейіп алып келеді. Мақалалар мазмұны да тұшымды. Редакция жұмысына сәттілік тілеймін. Аудандық газеттің оқырманмен бірге жасасып келе жатқанына 85 жыл толған екен. Менің де өмірім осы газетпен бірге өріліп келеді. Көгеріп, көктей беріңдер, – деп батамен жалғады Садықбек ата әңгімесін.

Осындай ойлы оқырман пікірі біз үшін құнды. Төл газетті құрмет тұтып, тұрақты оқырманына айнал­ған тоқсан жастағы қарияға құрмет көрсетіп, кейінгі ұрпаққа үлгі етуді жөн көрдік. Айта кетейік, редакция мен газеттің жанашыр азаматтары және демеушілер есебінен тоқ­санның төріне озған Садықбек Бекеев ақсақалды келер жылдың алғашқы алты айына аудандық газетке жаздырып бердік.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
10 желтоқсан 2024 ж. 109 0