Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғылым мойындамаған шипа: сынықшы феномені

Ғылым мойындамаған шипа: сынықшы феномені

Қырғи тілді ақын, сатираның сардары Асқар Тоқмағамбетов ауылында тұратын Бақыткүл Қашақованың есімі облыс көлеміне таныс. Сүйекті дәл тауып жіпсіз байлайтын саусағы ине секілді ананың бойына ерекше қасиет қонған. Ауырды да, жеңілді де байқатпай емдейтін сынықшының көзі рентген бе дерсіз?! Адам денесіндегі сынықты дәл тауып, қолының табымен жанды тыныштандырады.

Ғылым мойындамаған шипаның бізге бей­мәлім тұсы жетерлік. Көп адамға беріле бер­мейтін қасиетінің арқасында көптен алғыс арқалаған Бақыткүл Қашақова отыз жылға жуық уақытта сынықшы ретінде жақын маңдағы көпшілікке таныл­ған. Білегі болаттай берік сынық­шының алақаны мамықтай жұмсақ. Үнемі ауыртпай, білдіртпей емдейтін сынықшы өзіне келетін адамды алдын ала сезіп отырады екен. Күнделікті 4-5 адамға ем жүргізетін ардақты ана өзіне берілген бұл ерекшелікті жоғары бағалайды. Дертіне шипа іздеп келген әрбір адамды орнынан тұрғызуға күш салады.

– Сынықшы болу – оңай дүние емес. Ұстай білген адамға қонады. Ең алғаш жас келіншек кезімде құрдасымыздың шынтағы шығып кетіп, заматында орнына салып бердім. Өзімнің атам Қашақ – әруақты кісі болған. Мүмкін сол кісіден дарыған болар. Сынықшылыққа бет бұрғанымды естіген аудан халқымен қатар, Жалағаш, Қызылорда қаласынан жанына дәру іздеген жандар келе бастады. Бұған дейін екі мәрте жамбас сүйек пен бұғананы орнына салып бердім. Мені іздеп адам келе жатқанда жүрегім сезеді. Бір түрлі қалыпқа түсемін. Көбіне маған аяқ-қолы шыққан жандар келеді. Сүйекті ұстап отырып, қалпына келтіремін. Сынған, шыққан сүйіктің орны ұстағанда бірден білінеді, – дейді Бақыткүл Қашақова.

Дене мүшесіне зақым келген әрбір жанның дертіне алтын қолымен ем дарытқан Бақыт секілді ауданда бірнеше сынықшы бар. Жылдар бойы босағасынан аттаған сынықтан немесе шығып кетуден зәбір көрген кісіні кері қайтармаған ол сабырлы мінезінен айныған емес. Сынықтың кез келген түрін қолынан келгенше салып беретін Бақыткүл ауырған баланы ұшықтап, көз тиген жағдайда емдеп жазады. Оның бойында сынықшылықтан бөлек, көтерілген тамақты басатын шипагерлік қасиет те бар.

– Күнделікті аяқ-қолы шыққан жандарға шипа дарытып қана қоймай, балаларға ем-шара жасаймын. Қазақы емнің құдіретін сезінген жекелеген ата-ана баласын маған әкеледі. Еңсесін көтере алмай отырған балаға жер ұшық беріп, суға түсіремін. Тамақ басу нағашы әжемнен келген дүние. Адамның көзіне шаң-топырақ, қоқым түсіп кетіп жатады. Мұндайда көзге тіл салатын қасиетім бар. Көзін аша алмай келген жұртшылықтың талай алғысын арқаладым, – дейді сынықшы ана.

Бақыткүл Қашақова – үш перзенттің анасы. Жолдасы Әбжан екеуі баянды ғұмыр кешіп, ақын ауылындағы Асқар Тоқмағамбетов көшесінің байырғы тұрғынына айналды. Қазіргі уақытта сынық пен көзге тіл салдыруға, баланы ұшықтатуға келетін кісінің көбісі өзге ауылдан немесе ауданнан екен. Бір бойына бірнеше қасиетті дарытқан сынықшының көп жыл бойы шыңдалған тәжірибесі – дертке дауа.


Балтабай ОРДАБЕКОВ

26 тамыз 2025 ж. 257 0