Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара қойдың өкпесі туралы әңгіме

Қара қойдың өкпесі туралы әңгіме

Қара қойдың өкпесінің емдік қасиеті туралы мына әңгімені www.oinet.kz - тен оқысаңыз сізге де пайдасы тиер мүмкін.

Бала кезімде ойнап жүріп ағаштан құлап, шынтағымды шығарып алған болатынмын. Содан бері сол шыққан жер ойнамалы болып қалды. Ауыр зат көтерсем, кенеттен кілт қозғалыс жасай қалғанда тайқып кете береді. Абайсыздықты ұмытқан сайын ауырсынып, сынықшы іздеген кезім көп.

Бір күні жігіттер отырыс жасадық. Қызды-қыздымен түрлі ойындар ойнап жатқанбыз. Құрдасымды көтеріп, айналдыра жығамын деп жатқанда шынтағым тағы да тайқып кетті. Әуресін әбден көрген соң шаршағаным бар, ауырсынуға бойым үйреніп кеткен, оның үстіне жақсы отырысты қимай, сол күні сынықшы іздемедім. Ал ертеңіне күнделікті күйбең тіршілік деп тағы бір күнге кешіктім. Осы аралықта қолым қатты сыздап, мазаны ала бастады. Ісіп кетті. Ал сынықшыға барғанымда ол шыққан жерге сары су жиналып қалғанын айтты. Мазамды алып, сыздатып жатқан сол болды.

«Кешке қарай жаңа сойылған қойдың өкпесін жылы күйінде шыққан жеріңе орап таста. Ал таңертең орнына жұмыртқаның сарысын жақ. Үш күн осылай етсең жетеді», – деді Әлимаш апа. Оның айтуы бойынша қойдың шикі өкпесін алдырттық. Өкпені жұқалап кескен соң шынтағымды айналдыра орап тастадым. Таңертең қарасам әлгі өкпенің түсі өзгеріп кетіпті. Ал иісі адам төзгісіздей. Үш күн осылай еткенде бұрын кілт қозғалтсам шың етіп шаншып шыға келетін шынтағымның шынында да жазыла бастағанын сездім. Одан бері жарты жылдай уақыт өтті, қазір қолым үшін қорықпаймын, ауыр көтермейтін әдетімді қойдым.

Кейін білгенім, жаңа сойылған қойдың жылы күйіндегі өкпесін талай ауруға ем ретінде қолдануға болады екен. Оны бас сақинасында, буынға сары су жиналғанда, суықтан сүйек қақсағанда ауырған жерге таңып қойса ауруды сылып түсіреді екен. Әсіресе қара қойдың өкпесінің пайдасы көп көрінеді. Нағашы атамның буындары сырқырап ауыратын. Тізесін баса алмайтын. Қара қойдың өкпесін тізесіне таңу арқылы бұл ауруынан құлан-таза айықты. Ендеше мұндай қарапайым да оңай халық емдерін біле жүргеніміз жөн ғой.

Дәрмен МАҚҰЛБЕК


30 қаңтар 2020 ж. 879 0