Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Cынықшы әжей

Cынықшы әжей

Ғылым мен техника дамыған нарықтық заманда медицина саласы өзіндік әлеуетін арттырып келеді. Ұзақ уақыт бойы сан қырынан жетілген медицинамен қатар, адамның сырқатын халықтық ем де айықтыруда. Оның ішінде дене мүшелері сынған немесе шыққан жағдайда сынықшының көмегіне көп адам жүгінетіні рас. Бүгінде сексен жасқа келсе де, сынықты салуға машықтанған Забира Беркінбаева көпшіліктің алғысын арқалаған жан.
Соңғы жиырма жыл көлемінде Забира әжейді былайғы жұртшылық жиі іздеп келеді. Өзінің айтуынша, ол кісі бір күн бұрын өзіне келетін адамды іштей сезіп отырады екен. Адамның жанына батқан талай сынықты орнына қайта салып, бірнеше күн ішінде қалыпқа келуіне септігін тигізген. Сынықшылық қасиет әзиз анаға 32 жасында қонған. Анасынан дарыған ерекше күштің құдіреті бірнеше мәрте сынықшы болуға жол көрсетеді.
– Бір күні түсіме үш кісі кірді. Ақ сәлде киген олар маған қарама-қарсы отырды. Олар адамның қолын сындырып, ұстауымды өтінді. Сосын сынған қолды салуға бұйырды. Өздігінен сынған жерді байлап салған кезімде орнына қайта түсті. Сол күннен бастап, сынықшылықпен айналыстым. Бірде үйдегі отағасының қолы шығып кеткен болатын. Маған сенбей үш күн жүрді. Ақырында жанына батқаннан кейін маған салдыртуға бел буды. Аллаға шүкір, ниеттеніп сынықты ұстаған мезетте қаз-қалпында орнына түсетін, – дейді сынықшы әжей.
Зәбира әженің анасы Әнипа кәдуілгі есімі ел арасында танылған емші болыпты. Ерекше қабілеті мен қарымының арқасында талай дерттің алдын алған екен. Бір күні емші өз күшімен бір кісінің ішінен 80 сантиметр жыланды (ішек құртты) жерге түсіреді. Осындай тектіліктің негізінде Забира әжейдің бойына рух күші еніп, сынықшы болуға байлам жасайды. Үлкен шаңыраққа келін болып түскен Забира Қабленқызы өздігінен қатты ауырып, әруақ қысып бірнеше күн жатып қалады. Содан кейін ата-бабадан келе жатқан емшілік дәстүрді жалғастыруды жөн санайды. Қызының бойындағы рух күшін аңғарған Әнипа сандығы мен қамшысын сыйға тартады. Анасынан келген тылсым күшті ұстап тұру оңайға соқпайды.
Қолдың сынық жілігін қайырған кезде өздігінен орнына түсірген Забира Қабленқызы барынша икемді, епті қозғалуды мақсат тұтады. Осындай шапшаңдығының арқасында бірнеше рет қолдағы гипсты қайта кесіп, дұрыс бітпеген сынықты орнына келтіріпті. Алдына кім келсе де, дерттің алдында пәрменсіз күй кешетін сынықшы адамның бар энергиясын бойына сіңіреді. Бұрындары 5-6 адамды тәулігіне қабылдайтын сынықшыға облыс көлемінен келген талай жан еміне шипа тапқан. Төсек тартып жатқан үлкен кісілерді аяққа тұрғызып, ақ батасын алған. Қайбір жылы аяғы денесінен ажыраған бір кісіні он-он бес күн аралығында қайта қалыпқа келтірді. Жамбас пен ұршықты, бұғананы, аяқ-қолды емін-еркін салатын сынықшы әжейдің қолдары қарулы. Тізе жілігі, жауырын, жақ, тағыда басқа дене мүшелерін орнына салуды жетік меңгерген сынықшы үшін саусақтардың орнынан тайқуы қалыпты жағдай.
Забира Қабленқызы жары Жаппарбек Беркінбаев совхозда зейнетке шыққанша бригадир қызметінде жүріп, абырой биігінен көрінген. Бүгінде ғибратты жандардың 8 перзентінен 32 немере, 37 шөбере тараған. Олардың барлығы алтын босағалы шаңыраққа айналды.
Сексеннің сеңгіріне шыққан әзиз ана сынықшы бола жүріп, еңбек даласында барынша шыңдалды. Қаланың қызы ауыл өміріне араласқан сәттен егістік даласынан табылды. 1958 жылы Жаппарбек Беркінбаевпен отау құрып, 18 жасында үлкен әулеттің келіні атанады. «Қызылдихан» совхозында күріш егіп, Сыр салысын өсіруге еңбегі сіңген. Күріш өсіруден үздіктер қатарынан көрінді. Бұдан бөлек әр гектарынан бірнеше тонна картоп алған ана нағыз қайраткерлігімен елге танылды. Сауыншы ретінде совхоздың күніне 40 сиырын сауып, 100 литрге дейін сүт өткізеді. Ауылға басшылық еткен 11 директормен қызмет жасаған әзиз ана:
– Өмірлік қосағым Жаппарбек екеу­міз талай қиын күндерді бас­тан өткердік. 5 ұл 3 қызды дүниеге әке­ліп, үлкен өмірге қанаттандырдық. Жас­­тық шағымызда қызығы мен шы­жығы мол сәттерде бірге болдық. Егіс­тік даласында талай басшыдан тә­жірибе жинақтадым. Үш колхоздың ке­ліншектері таң ертеңнен сиыр фер­масына бірге баратынбыз. Сонда межелеген жоспарды артығымен орындауға тырысатынбыз, – дейді асыл ана.
Забира әжей сынықшылықтан бө­лек балалардың тамағын басып емдеп жазады. Оның қолы шипагерге тән қасиетті. Сынықшы әжейдің қуаты мен ерік-жігері әлі талай сырқатына дауа іздеген әрбір адамға шипа болары анық.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 мамыр 2020 ж. 891 0