Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саумал ішсең – сауығасың

Саумал ішсең – сауығасың

Сауда-саттық саласында 20 жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан тереңөзектік Орынкүл Жаппарбергенованың есімі көпшілікке жақсы таныс. Бір жылдары ол – Аманкелді Иманов көшесінің бойынан «Мәлика» азық-түлік дүкенін ашып, жергілікті халыққа қызмет көрсеткен болатын. Осы күні ардақты ана жаңа кәсіптің түрін меңгерген. Отбасылық бизнесті жандандыра білетін Орынкүл Тұрарқызы төрт түліктің асылы саналатын жылқы бағып, тұтынушыларын саумалмен қамтамасыз етіп отыр.

Расында, халық алғысын иелене білген Орынкүл апайдың еңбекқорлығы ерекше. Осыдан 7 жыл бұрын жолдасы Маратбек Келдібековтің қолдауымен жылқы сауа бастайды. Сол кезеңнен бастап, көшеде бір-бірімен дидарласқан жергілікті халық Орынкүл апайдың саумалын әңгіме етіп, мақтаумен болды. Күніне 7 мезгіл жылқы сауатын оның қызметін дертіне шипа іздеген кез келген адам жоғары бағалайды. Себебі, жаңа сауылған саумалды жылы күйінде тұтынушысына ұсынатын Орынкүл Тұрарқызы бір сәтке дамыл таппайды.

– Ең алғашқы жылы қораға 3 жылқы байлаған едік. Күніне 17-18 адам кезекпен саумал ішетін. Таңғы 4:00-ден қораға кіріп, қасқарая дамылдаймыз. 7 мәрте жылқы тұратын қораны тазалап, жем-шөбін әзірлейміз. Әрине, жылқы малына аса күтім қажет. Оның бабын табу оңай емес. Мал бағудың қиындықтарын бірте-бірте еңсеріп, ел қатарлы еңбек етіп келеміз. Жолдасым екеуміз «Мәлика» азық-түлік дүкенін ашқанда күні-түні халықтың игілігі үшін жұмыс жасадық. Кәсіпті игеру мен сауданы жүргізудің өзіндік ауыртпалығы бар. 2019 жылы дүкенді жауып, жылқы бағудың қыр-сырына қаныққан едік. Айта кетейік, саумалды тұтынушыға ұсыну бір бөлек, жылқының жем-шөбін жеткізу мүлдем бөлек нәрсе. Биыл мал азығының тапшылығы едәуір байқалуда. Жоңышқа мен жемді уақытылы табуға тырысамыз. Бидайды да бөктіріп берген кезіміз кездеседі. Ең алдымен, жылқы тоқ болса, мол саумал береді. Сондықтан халықтың сұранысына сай қызмет етуге мүдделіміз. Саумалдан бөлек, қымыз ашытып сатамын. Көпшілікке 250 грамм саумалды 300 теңгеге, жарты литр сау­­­малды 600 теңгеге беремін, – дейді Орынкүл Тұрарқызы.

Негізінен, Орынкүл апай ауданға белгілі сынықшы Тұрар ақсақалдың қызы. Ал Маратбек аға кәсіпкерлік саласында өзіндік орны бар Ордабаевтар әулетінің перзенті. «Алма ағашынан алыс түспейді» деген тәмсіл бар. Ардақты жандардың немерелері сауда-саттық саласын қайта жандыруды үнемі ұсыныс ретінде айтып келеді екен. Орынкүл апа дүкен ашу зейнетке шыққаннан кейін ойда жүргенін тілге тиек етті. Біз Орынкүл Тұрақызымен сұхбаттасуға барғанымызда жылқы сауатын уақыт таяған екен. Қолына шелегін ұстаған әзиз ана жылқыларымен тілдесіп, еркелетіп қояды. Бүгінде қос жылқы сауып, 13 адамның сауабын алып отырған «қолы алтын» жанның кәсібіне береке берсін демекпіз.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
05 тамыз 2023 ж. 114 0