Балаңыз мектепке дайын ба?

Ата-ананың міндеті баласын ешкімнен кем қылмай оқуға жіберу. Ең алдымен, су жаңа мектеп формасы, қажетті оқу жабдықтарын алып беріп, барлық жағынан қамтамасыз етеді. Ол үшін үлкендер аянып қалмайды. Бұл күнде кент пен ауданның елді мекендерінен Қызылорда қаласына ағылатын жолаушы да көп. Ауданымыз қалаға жақын орналасқандығынан ата-аналар балаларын қалаға апарып киіндіруге асығуда. Тиісінше жолаушы тасымалы, облыс орталығына қатынайтын такси қызметінің де жұ-мысы қыза түскен. Бір ананың соңында кемі 2-3 балаға дейін жүретіндіктен, такси жүргізушілерінің жұмысына да сұраныс артқан. Бір үйден бір емес, бірнеше баласын мектепке дайындайтындар бұл жауапты жұмысқа аптаның бірнеше күнін арнаудан басқа амалы жоқ. Өйткені бір күнде бірнеше баласын киіндіруге уақыт жетпейді. Қазір киім-кешектің түрінің көптігі таңдап киюге мүмкіндік берсе, екінші жағынан баға бәсекесі саудаға көп әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен барлық ата-ананың материалдық жағдайы бірдей болмағандықтан, қалтаға әжептәуір салмақ түсіреді. Отбасы бюджетін алдын ала жоспарлап, тамыз айында бар теңгесін сайлап, баласын базарға апарып, су жаңа киім әперетін ата-ана баласының бар керегін түгендейді.
Сондықтан бүгінгі біздің мақсатымыз – балалардың киім-кешегіне қаншалықты қаражат кететінін бағамдау. Біз де өз кезегімізде бала-шағамызды мектепке әзірлеу мақсатымен алдымен қаладағы «ескі базарға» атбасын тіреген едік. Күннің ыстығындағы құжынаған адамнан базарда аяқ алып жүрудің өзі қиын екен. Сондықтан алдымен сол маңдағы дүкендерге бас сұғып салқын жерден мектеп формасын саудалауға кірісіп кеттік.
– Апа, мына ұлға арналған костюм-шалбарларыңыз қаншадан?
– Бұл түріктің костюм-шалбары, бағасы 30000 теңгеден басталады, ал мынау пекиндікі, бұл да жақсы, бағасы 20000 теңге.
– Жақсы екен, сапасы да көрініп тұр, түріктің костюм-шалбарын саудалайық, қаншаға бересіз?
– Екі мыңға дейін түсіп беремін, басқаға болмайды, – дейді базаршы әпке біздің алатын ыңғайымызды біліп.
Сөйтіп 28000 теңгеге су жаңа костюм-шалбарды алып, ары қарай жейде іздеп кеттік. Жейденің «отанына» келгенімізде, онда да баға шыққан еліне қарай 5000-нан 15000-ға дейін шарықтап тұр екен. Бір емес, ауыстырып киюге екі жейде алатындықтан 20000 теңгеге екеуін алдық. Әрі қарай базарға қайта барып, ондағы сауданы көріп, қызыққанымыздан спорт киімі мен спорт аяқ киімін базардан алуға асықтық.
Базардағы сатушының барлығы дерлік осы мезгілді пайдаланып, оқушының мектеп формасын сатуға көшкен бе деген ойға қаласың. Барлығының алдындағы тауар –оқушының киім-кешегі мен құрал-жабдығы, оқу құралы. Сатушы да көп, алушы да көп. Баласын ал-дына салып, мектепке қажетті затын таңдауға кіріскен ата-ана баласына ең тәуірін, ең сапалысын алып беруге тырысқанымен, бағасын білген соң, амалсыз ондай мақсатынан айнитыны анық. Барлық адамның қалтасы қалың емес, сондықтан базардан баласын киіндіретіндер саудаласып, бағасын түсіріп жатыр.
Сонымен біз де іздегенімізді базардан таптық. Көп тауардың ішінен ойлағанымыздай әрі балаға ұнаған спорт киімін саудаладық. Саудасы қызған саудагер көңіл-күйі жақсы болғандықтан шығар оны да түсіріп берді. Қалтамыздан 15000 теңгені санап беріп, мектептің бұл киімі де сөмкемізге салынды. Спортқа қажетті аяқ-киім мен футболка да базардан 8000-ға түсті. Ары қарай оқу құралдарын алуға асықтық. Дәптер мен қаламсаптың түрінен көз сүрінеді. Сауданы 10000-ға жасасаңыз дәптердің бағасы да түседі екен. Бір баламызға қажетті 100 дәптерді, кітап, дәптер қап, түрлі-түсті қарындаш пен сурет дәптері, қойшы әйтеуір, анау-мынаудың барлығы 10000-ның о жақ бұ жағы болды. Айтпақшы оқу жабдықтарына мектеп сөмкесін қоспадық. Сөмке өткен оқу жылының аяғында алынғандықтан, жаңа оқу жылын сол сөмкемен бастауды жөн көрдік. Ал мектепке киетін аяқ киім іздеу нағыз машақат болды. Аяқ киім өте ыңғайлы әрі сапалы болуы керек. Сондықтан тәуір аяқ киімді іздеуге үлкен сауда орнына баруды жөн деп санадық.

Жанымызда бізбен ауылдан бірге шыққан әпкемді түстен кейінгі уақытта кездестіріп қалғанымызда ол әлі онша-мұнша киім-кешек алмағанын айтты.
– Өзіміз түске таман келдік базарға. Әлі базар жағалап жүрміз. Барлық киім-кешектің бағасын біліп, таңдап жүргенімізде балам да шаршады. Күн ыстық. Енді дүкендерді аралап көргіміз келіп тұр. Дүкенде киім-кешек бағасы базардан арзанырақ болады дегенге сеніп тұрмыз. Әрі онда сапасы жақсы тауарлар сатылады. Әзірге алғанымыз бір-бір жейде, – дейді соңына бір қыз баласын жетектеп жүрген әпкем.
Иә, біздің соңымызда бір бала. Баланың талғамына сай, сапалы киім сатып әперуге тырысып жүрміз. Мына күннің ыстығында 3-4 баламен жүргендерді көріп, шын мәнінде қиындықты еңсеріп жүрген аналарға риза боласың.
– Менің 5 балам бар. Оның үлкені 11 сыныпты бітіріп, оқуға түсті. Кішкентайымыз даярлыққа барады. Әзірге кішкентайлардың киімдерін түгендеп жүрміз. Осының өзінде 250 мың қаражат жұмсадым. Оқу-құралдарын қоспағанда. Үлкен қызды ертең келіп киіндіреміз. Алматыға жол жүреді. Әрине, аз ақша кетпейді. Сондықтан кезекті еңбек демалысымызды тамыз айына алып, бар ақшамызды киім-кешек алуға жоспарлаймыз, – дейді көпбалалы ана.
Ал біз тәуір аяқ киім іздейміз деп аяғымыздан таусылдық. Баға деген удай. Үлкен адам мен баланың аяқ киімінің бағасы бірдей ме дерсіз. Өзімізге ұнаған спорттық аяқ киімді 25000 теңгеге сатып алып, енді жанына оны ауыстыратын жеңіл аяқ киім тағы іздедік. Оның бағасы 15000 теңге болды. Бір балаға қажетті деген киім-кешегінің өзіне, қарап отырсаңыз, 120000 теңгеден астам қаражат кетті. Әлі оқу басталғанда алынатын кем-кетік тағы шығары айдан анық. Ал әзірге бір күн бойы базарлап қайтқандағы жұмысымыздың біткеніне мәзбіз.
Осы ретте айту керек, дүкен сөрелерінде сатылатын мектеп формасынан бөлек балаларына тігіншіге тіктіріп беретіндер де бар. Әсіресе, қыз балаларға талғамына сай сарафан, белдемше тіктіретін жандар бар.
– Бұрын тігінші болып жұмыс жасағанмын. Қазір кент орталығынан бөлме жалдап, осында киім жөндеумен айналысамыз. Күнделікті келетін тұтынушыларымыз бар. Бұл іспен айналысқаныма 40 жылдан асты. Жаңа оқу жылы қарсаңында жұмысымыз қыза түседі. Ата-аналар балаларына алған мектеп формаларын, әсіресе, белдемше-жейденің өлшемі сәйкес келмегендіктен дұрыстатып алады. Ер балалардың шалбарын қысқартып тігіп беру қызметі де сұранысқа ие болады. Ал сарафан немесе белдемшені матадан тіккізетіндер оқу жылы аяқталар тұста болады. Мектеп бітіруші қыз балаларға тапсырыспен тіккізеді. Қазір таңдау көп, базар киімге толып тұр. Өлшемі сәйкес келмесе бізге әкеліп, жөндетеді, – дейді тігінші Зейнекүл Тапатқызы.
Тігіншінің қызмет көрсету бағасын сұрағанымызда баға қалтаға салмақ түсірмейтіндей екенін айтты. Мәселен, шалбарды қысқарту 500-700 теңге болса, белдемше-жейдені өлшеміне қарай жөндеу 1000-2000 теңге аралығында. Жаңадан сарафан тіккізетін болсаңыз өлшеміне қарай 2000-4000 теңге төлейсіз.
«Бар жақсылық балаға», «Қуанса, бала қуансын» дейтін халықпыз. Сондықтан бар жақсы мен тәуірді алып беруге тырысатын ата-ана мектепке әзірлікті ерте бастаса, таңдау да, талғам да жақсы болумен қатар, көңіліңіз де тоқ болатыны сөзсіз. Ал сіздің балаңыз мектепке дайын ба?
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: Ашық дереккөзден