«Москвич» көлігін мінген байырғы зоотехник

Көзі қарақты ақсақал осы елдің тумасы Сүлеймен Нәубетұлы мен өмірден ертерек өткен анасы Күлзипа Ахметованың жалғыз баласы. Әпкесі Биғаш Сүлейменқызымен бір отбасында, ата-анасының көзінің ағы мен қарасы болып ер жетеді. Марқұм әкесі туған ауылда егінші болып еңбек етіп, балаларының оқып, білім алуына жағдай жасайды.
– Әкемнің адал еткен еңбегін көзіммен көрдім. Ауылдағы тірлікке араласып, алдыңғы қатарлы егінші болды. Таң атқаннан, кеш батқанға дейін белі бүгілгенше қара жұмыс істеді. Ер жетіп, қолымыздың ауызымызға жеткенін көрді. Марқұм анам жеті жасымда өмірден өтті. Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі жылдары өтті. Ауыл балалырымен бірге мектепке барып, сегізжылдықты бітірген соң, қатарымыздан қалмай қаладағы мектеп-интернатта жатып орта білім алдым. Ол кездегі балалардың арманы мал шаруашылығы маманы болу еді. Арманым орындалмады. Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтына ветеринария факультетіне оқуға түсе алмай ауылға келдім. Ол кезде «Жамбыл» колхозы деп аталатын ауыл. Еңбек жолымды жүргізуші болып бастадым, – дейді қадірлі қария өз әңгімесінде.
Өмірдің өзі жаны адал адамға дұрыс жол сілтейді. Жасы 23-ке келгенде ауылының қызы Дариха Зайтовамен көңіл қосып, отау құрады. Бұл ауыл жастары үшін керемет, ұмытылмас сәт болатын. Өйткені осынау 1969 жылы Бесарықтың 6 бірдей азаматы осы ауылдың 6 бойжеткенімен бас қосып, осынша отбасыға қуаныш сыйлайды. Бір жылда болған алты бірдей тойдың басы-қасында колхоздың төрағасы Сейткамал Иманбаевтың өзі жүріп, бір күнде өткен жастар тойын мектептің спорт залында ұйымдастырады. Жастарға жаңа өмірге жолдама берген үйлену той еліміздің басты телевизиясына түсіріліп, телеарнадан көрсеткені бүкіл ауыл халқы үшін тарихи сәтке айналған. Сол күнгі керемет естелік ескі отбасылық альбомдағы фотода сақталып тұрғаны әлі талай уақыт әулет ұрпағының жадында сақталатынын аңғартса керек.
Адамгершілігі мол, іскер, әділ азамат өзінің бойындағы қасиетімен жастарға жалынды жетекші бола алады. Жиырма төрт жасында ауылдағы бастауыш Комсомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істейді. Ол кезде Комсомол ұйымының хатшысының беделі жоғары болғанын қазіргі аға буын ұрпақтың барлығы біледі десек артық айтқандық болмас.
– Колхоздың жұмысы қызып тұрған кез еді. Басқарма мүшелерімен бірге, арнайы кабинетте барлық жұмысшының әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысамыз. Тентектерді де тезге салу мойнымызда. Бір керемет кезеңді көрдік. Тоқшылық заман, жұмыссыз жүрген адам жоқ. Білім алу мақсатымен Қызылорда қаласындағы ауылшаруашылық техникумына зоотехник мамандығына оқуға түстім. Техникумды бітіріп, фермада зоотехник болып жұмыс істедім, – дейді жалындаған жастық шағын еске алған қарт маман.
Сабыр Сүлейменұлы колхозда еңбек еткен жылдары қай сала ақсап жатса, сонда жіберілген. Білікті маман қай кезде де тығырықтан шығатын жолды табады. Көрсеткішті жоғарылату, өнімді арттыру міндетіне білек сыбана кіріседі. Сөзімізге дәлел Сабыр аға бес жылдай егіс бригадирі, ірі қара фермасының меңгерушісі, мал бордақылау алаңының меңгерушісі болады. Колхоз тарағанша мал-мүлкіне еге болып, Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанда мемлекетке қолда қалған барлық мал-мүлікті өткізеді. Колхоздың соңғы маманы атанған ақсақалдың төсқалтасында ұзақ жылдар бойы 25 жасында партия қатарына өткен билеті сақтаулы тұрды. Бұл партияға, Үкіметке ешқандай сөз, кір келтірмей жұмысын адал атқарғандығының белгісі болса керек.
Адал еңбектің жемісі ретінде Сабыр ақсақал көптеген мадақтау алды. Кеудесінде мерекелік медальдар да жарқырайды. Наградаларының ішінде ветеринария саласына еңбегі сіңгені үшін алған медалі ардақты жан үшін ерекше қымбат. Бұл 1970 жылы Сабыр Сүлейменұлының жетекшілігіндегі фермада әр 100 аналықтан 118 төл алып, облыстан бірінші орын алғаны үшін берілген марапат. Осы еңбегіне ардақты азаматқа Шопандар слётінде жеңіл «Москвич» автокөлігінің кілті табыс етілгені ардақты азаматтың абыройын асқақтай түседі.
Сексеннің төріне келесі жылы шыққалы тұрған ауыл ардақтысынан «Қазіргі заман туралы не айтасыз, жастарға көңіліңіз тола ма» деп сұрағанымызда: «Әрине, көңілім толады. Заман жақсы, не керектің бәрі бар. Техниканың сан алуан түрі қолжетімді. Еңбек етемін дегенге мемлекет қолдау білдіріп жатыр. Берекелі Бесарықтың күн сайын дамып жатқанын көріп, кеудемізді қуаныш кернейді. Республика бойынша алдыңғы қатарлы ауылға айналдыруға күш салып, елім деп жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Егін егіп, мал баққан ауыл адамына жасалған жағдай ұшан-теңіз. Жастар ауылдан көшпей, ауылдың гүлденуіне жұмылуда» дейді дархан көңілді ақсақал.
Қадірлі қарт жұбайы Дариха апамен екі ұл, төрт қыз бала тәрбиелеп, олардың барлығының жоғары білім алуына жағдай жасады. Тамырын тереңге жайған бәйтеректің ұрпағы еліміздің сан саласында қызмет атқарып, өсіп-өнген әулетке айналды.
Бақыты мен берекесі тасыған әулеттің қара нары 16 немере мен 6 шөберенің қызығын көріп, бақыттың базарында отырған жайы бар.
Бибісара ЖАНӘЛІ