Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№61 газет

16 тамыз 2025 ж.

№ 60 газет

12 тамыз 2025 ж.

№ 59 газет

09 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Еңбекпен шыңдалған ғұмыр иесі

Еңбекпен шыңдалған ғұмыр иесі

Адам өмірінің мәні – мағыналы ғұмыр кешіп, еліне, жеріне адал еңбек етумен байланыс­ты. Балалық шағы сұрапыл соғыс кезінде өткен, жастайынан еңбекке араласқан Бесарық ауылының тұрғыны Ахметжан Асатов бүгінде тоқсанның төрінде.

Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген қария ауыл халқына еңбектің майталманы ретінде үлгі. Ахметжан Биханұлы 1934 жылы Ташкенттің Келес деген жерінде дүниеге келген. Содан қазіргі Бесарық ауылына көшіп келеді. Ес білгенде әкесі тылға кетіп, анасы совхозда жұмысшы болып еңбек етеді. Сол кезеңдегі басты мақсат – майдандағы жауынгерлерге азық-түлік пен киім-кешек жеткізу болған. Соғыс майдангерлеріне қол ұшын созуда ата-анасының қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Бауырларына қарайлап, бас-көз болған бала Ахметжан ерте есейді.

– Оқуды бір оқып, бір оқымай жүрген кезім. Әке-шешем еңбекке кетті. Бауырларыма қарадым. Көрші-қолаңнан ойнайтын бала да қалмаған. Барлығы көшіп кеткен. Мен балалық шағымның біршама бөлігін нағашы әжемнің жанында өткіздім. 1952-1954 жылдары жасы үлкені бар, кішісі бар 7 сыныптық мектепті қатар бітірдік. Мектеп бітіре сала ата-анамның қолында тұрдым. 1957 жылдан бастап ауылда қой бағуға араластым. Сөйтіп жүріп есейіп, 1959 жылдың 4 қаңтарында үйлендім. Солай тек мал басын көбейтуге атсалысып, жұмыс жасадым, – дейді қария.

Соғыс жылдарындағы нәубетті көзі көрген ақса­қал ашаршылықтың куәсі болған. Ауыл совхозында еңбек етіп, қой бағатын шопан болған. 1957 жылдан 1996 жылға дейін шаруашылықта мал санын көбейтіп, ірі-қара санын арттырған.

Саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған Ахметжан Асатов өмірлік жары Бекбай Бекмұратқызымен 6 қыз бен 2 ұлды дүниеге алып келген. Отанасының дүние салғанына биыл 13 жыл толыпты. Қазіргі таңда Бесарық ауылында қолында кенже баласы тұратын Ахметжан Асатов ауылдың жасы үлкен, ақылы дана қариясы.

40 жылдан аса шопан болған еңбек адамы мал шаруашылығына қосқан үлесі мен еткен еңбегі үшін «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Алматы қаласында өткен колхозшылардың І, ІІ, ІІІ съезіне қатысып, абырой биігінен көрінген. Қазіргі таңда ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп отырған қария бақуатты. Шаңырағына сәлем беруге барған кез келген адамды батасымен, тілеуін тілеп қайтарады.

Бүгінде ол кісінің жүріп өткен жолына қарап, еңбек етудің қандай үлкен қадір-қасиет екенін ұғынуға болады. Қай жерде жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, ол адалдықты ту етіп, жастарға үлгі бола білді. Ахметжан Биханұлының әрбір сөзі – өмір мектебі, әрбір ісі – тағылым.

Г.ТАБЫНБАЙ

16 тамыз 2025 ж. 45 0