Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкен әулеттің ақылшысы

Үлкен әулеттің ақылшысы

Әлем халқы дәл бүгін отбасы күнін атап өтеді. 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблея-сы бекітіп, елімізде атаулы күн 1994 жылдан бері дәстүрлі түрде аталып өтіледі. Халық­аралық қауымдастықтың 15 мамырды отбасы күні деп белгілеуі – дүниежүзіндегі әрбір отбасының хал-жағдайына орай және оның қоғамдағы орнын қалыптастыруға бей-жай қарамаудан туындаған.
Адам баласы дүниеге келіп, өмірде өз орнын табуы үшін оның азаматтық болмысы ең алдымен отбасында қа­лыптасады. Яғни отбасында адам бо­лудың алғашқы тамыры бекиді. Отбасында қандай тәрбие алсаң, өмірің де сол арнамен өрбитіні заңдылық.
Біздің кейіпкеріміз Шырынкүл Мұ­ра­това – саналы ғұмырында қара­пайым еңбек кешіп, ұрпағының сүйіс­пеншілігіне бөленіп отырған қарт ана. Күн сайын Тәңірінен отбасының амандығын, саулығын тілеп, елдегі бейбітшілік заманға шүкіршілік етіп оты­­рады. Шырынкүл апаның бақытты балалық шағы мүлдем болмады деп айтуға аузымыз бармайды. Кіндіктен жалғыз қаршадай қыз анасынан ерте айырылып, әкесінің тәрбиесін көрді. Тоғыз жасқа дейін замандастары се­кілді колхоз жұмысына, масақ теруге атсалысты. Тұрмыс тауқыметін көрген әкесі Тұрлыбай соғыстан оралған інісі Қайназармен Тереңөзекке қоныс аударады. Шырынкүл апа алғаш мектепке барғанда он жаста болыпты.
– Мектеп бітірісімен 19 жасымда тұр­­мысқа шықтым. Сүйек жаңғырту дәстүрімен туысқандарым жиеншарға тұрмысқа берді. Қазірдің өзінде мұндай дәстүр бар, ескірген деп айта алмаймын. Ерім Тәжікбай үйленген соң әскерге кетті. Үйде атам, енем, қайным мен қайынсіңлім қалдық. Екі жылдан соң әскерден оралған азаматыммен 3 жылдай Қаракеткендегі балық қабылдау пуктінде балық тұздаушы болып еңбек еттік. Жағдайымыз мәз болмады. Ауылда ата-енем тұңғы­шымыз Болатты алып қалды. Біз Те­реңөзекке көштік. Осында Узтопта жұмыс істедік. Қызылқұмнан келген сексеуілді Өзбекстанға жібереміз, вагонға тиейміз, әйтеуір қара жұмыс істедік. Узтопта сексеуіл тоқтағанша 1970 жылдарға дейін жұмыстан қол үзбедік. Сонан соң аудандағы ПМК – 1608 құрылыс мекемесіне жұмысқа тұрдық. Мен сылақшымын, күйеуім құрылысшы, – деп еске алды өткен жылдарды Шырынкүл Тұрлыбайқызы.
Құрыш қолды құрылысшы атанған Шырынкүл апаның айтуынша, 1970 жылдары ауданда құрылыс қарқынды жүрген. Ауданда ең бірінші салынған қазіргі аудандық мәслихат ғимараты, сонан соң бұрынғы Қазынашылық мекемесі, мәдениет үйі, кент әкімдігінің ғимараты мен көп қабатты үй құрылысында Шырынкүл Мұратованың қолтаңбасы қалған. Байырғы құры­лысшы қандай жұмыс істесе де жұ­байымен бірге жүрді. Бұл да болса жарасымды отбасының ұстанымы болса керек. Өткен жылдарды сағынышпен еске алған еңбек ардагері бірге жұмыс істеген әріптестері туралы да жылы лебіз білдірді.
– Басшымыз Ұлы Отан соғы-сының ардагері Ыбырай Сейпулов болатын. Ол кісі турашыл, әділ, бір сөзді, нағыз қайсар мінезді еді. Учаске бастығы мен бригадиріміз Қожамұрат Сматов, Марат Дүзімбетов, марқұм Бисенкүл Сариева жетекшілік етті. Барлығы да өз ісінің мамандары, нағыз тәжірибелі құрылысшылар болатын. Біз сылақшы қыздар Күләйша, Алтын, Рахима, Балкүл, Шарипамен бірге уақытпен санаспай құрылыста сылақ сыладық. Бәрі-бәрі күні бүгінгідей есімде. Ауданда салынған көп қабатты үйлер, қазіргі кітапхана орналасқан ғимарат көзіме оттай басылады. Алғаш кірпіші қаланған кезден бастап, құрылысы аяқталған уақыт көз алдымда. Ол кезде қол жұмысы басым болды. Техника бұрынғы №36 мектептің спорт залын салғанда келді. Кранмен кірпіштерді, лайды жоғары көтеріп, қол жұмыс азайды, – дейді 20 жыл бойы құрылыста еңбек еткен құрыш қолды құрылысшы.
Қазіргі кезде қарт ананың тұрып жатқан үйі де отбасымен, 1967 жылы іргетасын қалап, артынша құрылысын аяқтап, өз қолдарымен тұрғызып алған қарашаңырақ екен. Қарапайым өмір кешіп, жұмыста шыңдалған еңбек адамы зейнеткерлікке шықса да қарап отырмады. Аудандағы сушаруашылығы мекемесіне қарасты қараусыз қалған алма бағын отбасымен бірге күтімге алып, қарауыл болды. Аумағы әжеп­тәуір жерді алып жатқан алма бақтың басындағы екі бөлмелі үйге отбасымен көшіп барып, сонда өсіп-өнді. Дүниеге 8 перзент әкеліп, оның екеуі марқұм болғанда әке жүрегі қайғыны көтере алмады. Шырынкүл апаның өмірлік қосағы Тәжікбай аға 70-ке қараған шағында дүниеден өтті.
Отбасының үлкені Болат, сонан соң Ералы, артынан 3 қыз Дина, Дариха, Зина, кенжесі Мөрәлі аяулы аналарын алақандарына салып отыр.
Әкеден жалғыз болса да немере әпкесі Гүлжамалды Шырынкүл апа сағынышпен еске алады. Әпкесі өмірден өтсе де оның жалғыз баласы Рысбайды «барым да нарым» дейді. Адал еңбектің арқасында ұрпағын өсіріп, өнген ақ жаулықты ананың қимылы ширақ. Ардақты ана осы жасқа келгенге дейін кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде болып, құйрық-бауыр жеп құда болғаны өсіп-өнген ұрпағының арқасы деп, Алланың осы көрсеткеніне шүкіршілік етеді. Еңбекпен есейіп, балаларына да үнемі адал еңбектің наны тәтті болатынын айтудан жалықпайтын ана әулеттің үлкені. Елдің тілеуін тілеп отырған дуалы ауыз қарт ана.
Иә, отбасын – бақыт мекеніне балайтын кейуана алып бәйтерек секілді ұрпағымен тамырын тереңге жайды. Өмірдің қиыншылығына қарсы тұрып, еңсесін түсірмеді. Шырынкүл апа әлі күнге дейін газет оқып, немерелерінің сабағына көмектеседі. Сексен жасқа дейін көзілдіріксіз инеге жіп сабақтап, ұршық иіріп, көрпе көктеген әженің қимылы ширақ. Ерте көктемде есік алдындағы бау-бақшаға қарап, жеміс ағаштарына күтім жасайды. Көкөністің небір түрін егіп, немерелерінің аузын көкке жеткізеді. Қарап отыруды ойына да алмайтын қарт ана қолы қалт етсе үйдегі келінге де қолғабыс етеді.
– Үлкен анамызды күн сайын көруге асығамыз. Қолына су құйып, батасын алғанға не жетсін. Қай кезде келсең де бос отырғанын көрмейміз. Анамыздың айтары да көп. Өмірінің қиыншылығынан гөрі, жарқын кездерін айтқанды ұнатады. Үлкен әкемізбен тату-тәтті өмір сүргені үлгі-өнеге. Анамызға қайран қаламыз. Қара жұмыс істеп жүріп, балалы да болған. Барлығына жақсы тәрбие беріп, отбасының бірлігін сақтаған. Қазір жас отбасылардың арасында байырғы адамдарға тән бір-біріне деген сүйіспеншілігі жетіспейді. Қиыншылыққа шыдамай, шалыс басатындар көп. Ал біздің анамыз ұрпағына сабақ болатын әңгімелерді, өсиетті көп айтады. Сондықтан біздер жаман болуға хақымыз жоқ, – дейді немересі Жанар.
– Анамыз үнемі қимыл үстінде жү­реді. Сәл науқастанып қалса, тезі­рек айығып кетудің амалын жасауға асығады. Анамнан көп нәрсе үйрендім. Ұршық иіріп, тігін тігуге бес­аспап болдық. Нағыз еңбексүйгіш жан, отба­сымыздың тірегі, қазынасы, берекесі, – дейді келіні Гауһар.
Шырынкүл апаның қолындағы кенже бала Мөрәлі мен Гауһар аналарына 4 немере сүйгізіп отыр. Үлкендері Сәрсенбай мен Нариман Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясының студенттері. Екеуі де көгалдағы хоккейден спорт шебері. Сәрсенбай биыл оқуын бітіріп, қолына дипломын алса, Нариман 3-курсты бітіреді. Ал Ардақ пен Назым мектеп оқушылары. Шырынкүл апаның 20 немересі мен 32 шөбересі бар. Жақында Әлихан есімді шөпшек дүниеге келді.
Тәңірдің өзі сыйлаған отбасы бақытын қарт ана көп көрмейді. Барлығы Алланың қалауымен және адал еңбекпен келгенін айтады.
Еңбек ардагері, тыл ардагері, «Ана даңқы» медалінің, Ұлы Жеңістің 60, 70, 75 жылдығы мерекелік медальдардың иесі Шырынкүл Мұратова елге сіңірген еңбегінің арқасында құрметтің ең үлкеніне лайық. Биылғы жылдың желтоқсанында 84 жасқа келетін бақытты әженің жиған терген байлығы алған марапаттары емес, дүниеге әкелген балалары, олардан көрген ұрпағы. Отбасында балаларына берген тәрбиесі мен оларды бақытқа кенелтіп отырған асыл қасиеті. Сондықтан, осындай жүрегі кең, өмірден бөтен нәрсені қаламайтын жанға кішкене болса да осы мақала арқылы қуаныш сыйласақ деген ойымыз іске асса, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Ешқандай сиямен өзгертуге болмайтын өмір өткелін, ұрпақтың жадында қаз қалпында қалыптастырсақ, отбасындағы құндылықтың мәртебесі де артатыны сөзсіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
15 мамыр 2021 ж. 1 236 0