Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолы жеңіл қасапшы

Қолы жеңіл қасапшы

Қасапшылық кәсіп ертеден келе жатқан мал шаруашылығымен айналысатын қазақтың рухани және тұрмыстық өмірінің бірі болған. Талай алыпты тудырған, хәкім Абайдың туған жерінде Түйтебек Байысқақов деген атақты қасапшының есімі елге танылған. Өткен ғасырда Социалистік Еңбек Қаһарманы атағын алған Түйтебек секілді қасапшы әрбір өңірден, кез келген ауылдан табылады. Біз атакәсіпті жетік меңгерген ақжармалық Арнұр Әбіләсановтың бүгінде ел үшін жасап жатқан еңбегіне жан-жақты қанықтық.

Ақжарма ауылына жасалған сапар туралы көптеген дүние айтуға болады. Ауылдың төңірегін аралаған сәтте талай рухани құндылыққа сусындадық. Елмен етене араласып, кәсібін дөңгелеткен Арнұрдың шаңырағына ауыл әкімшілігінің маманы Нұрболат бастап барды. Әрине, әңгіме жол қысқартады. Сөз арасында жол бастаушым атасы мен әкесі, өзі де ауылда механизатор болғанын тілге тиек етті. Шындығында, Сыр маржанын егуде озат атанған бұл елді мекеннен механизаторлар әулетінің шығуы – заңдылық.

Жалағаш пен Сырдария аудандарына қарасты бірнеше елді мекенге есімі белгілі қасапшымыз біз барғанда сүйікті ісімен айналысып жатыр екен. Жанындағы көмекшісі Нұрбақыт пен ұлы Ержан 3 ай бойы бағылған жылқыны жығып, құбылаға қаратқан бойда оны союға кірісіп кеткен. Негізінен, барлық малды олар өздерінің қасапханасында көпшілікке сойып береді. Атакәсіпті қолға алған Арнұр – осы күні 51 жасқа келген жігіт ағасы. Осыдан 6 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 3 миллион теңге несиеге 13 бас жылқы алған. Қазіргі уақытта сол 13 басты 70-тен асырған. Бұның барлығы – неше жылғы табанды еңбектің жемісі.
                                                        

– Өзім отбасында 6 ағайындымын. Әкем Әбіләсан – жылқы бағып, сиыр баптаған кәнігі бақташы. Анам Керімкүл – шелегі қолынан түспеген сауыншы. Бауырларым сан салада қызмет етіп, адал нанын тауып жүр. Әкеміз атқарған атакәсіпті кеш бастасам да, көштен қалмай келе жатырмын. Қасапшылық – жай ғана мал сою емес, бұл – жауапкершілік, тазалық, дәстүр мен шариғатты қатар алып жүру екені даусыз. Малды жай соймаймыз – әрбір қадамымызда Алланың атымен, адалдықпен әрекет етеміз. Халал болу үшін ниетіміз де, қолымыз да таза болуы керек. Бұрын ата-бабамыз «етке қарап адам таниды» дейтін. Қазір де соған қарап, қасапшының шеберлігі, тәрбиесі, адалдығы білінеді. Етті дұрыс мүшелеп, әр бөлікке лайықты құрметпен қарау – бұл қазақтың ескі жолы. Мал – Алланың аманаты. Оны сойғанда шошытпай, дұғамен, сыпайылықпен, таза ниетпен сою – біздің парызымыз, – дейді Арнұр.
                                 

Шын мәнінде, көпшілік аптап ыстықта, 40 күн шілдеде жылқы бордақылай бермейді. Мұндайда Арнұр Әбіләсан халықтың сұранысына сай жылқы бағуды тоқтатпайды. Ауыл сыртында үйір жыл­қысын бақылап, үйіндегісін 90-120 күн бойы бағады. Жылқы етінің бағасын 2200 теңгеден бағалайды. Жас малды 10-ға, жасқа толған ірі жылқыны 12 жілікке бөледі.

– Бір жылқыны союға 1 сағаттан аса уақыт кетеді. Нұрбақыт есімді көмекшім өзінің тиянақтылығымен танылған жігіт. Ержан, Нұржігіт, Рақымжан есімді ұлдарым бізге әрқашан қолғабыс етеді. Жылқы – киелі мал. Тазалықты сүйеді. Оның үстіне тапсырыс беруші тұтынушының талабына сай жұмыс жасаймыз. Бүгінде ағайынның қалтасына ауырлық түспеу үшін жілікті 20-25 келі шамасына шақтап бөлеміз. Ұлдарым шүкір, мал шаруашылығына бейімделген. Бірнеше мезгіл ат қораны тазалап, қасапхананы мұнтаздай етеді. Малдың жем-шөбін дайындап, уақытылы суғарады. Бордақыда тұрған малдың күтімі күшті болады. Байқап қарасаңыз, нарық та ойнамалы, бұрындары 120 теңгеден алып келген жем 70 теңгеге түсті. Жоңышқа 500-600 теңге аралығын құрайды, – дейді қасапшы.
                                                      

Қасапшының пышағы – мықты болаттан жасалған, ұшы сәл иілген, өткір әрі қолда мықтап тұратын болуы керек. Пышақты 15-20° бұрышпен ұстап, қайрақтың қырымен емес, бетімен, жүзімен сипай жүргізген жақсы. Осындай әдіс-тәсілді еркін меңгерген қасапшы Арнұрдың еңбегін жоғары бағалайтын жандар қатары көп емес. Сол күні жылқыны тойға алып кетіп жатқанын көзіміз көрді. Өз кезегінде қасапшы ұлдарымен бірге жылқының ішек-қарынын тазалап, етті тұздап, жіліктеп, мүшелеп қазанға салуға дайындап та береді. Жалпы жас тайды 3 ай уақытта баққан сәтте елі мен бармақ қазы алуға болады. Ал үлкен биенің қазысы 3-4 еліге дейін барады.

– Осыдан бірер күн бұрын ата-ба­ба­мыздың рухына Құран бағыштау мақсатында Жалағаш ауданында ас берген едік. Ас-құдайыға етті Арнұрдан алдық. Жылқыны сойып, қазанға салатын қылып дайындап берді. Қызметіне дән ризамыз. Халықтың алғысына бөленіп келе жатқан азаматтың еңбегі ерекше. Ұлдары қолды-аяққа тұрмайды, шапшаң қимылдайды. Оларды кішкентайынан үйреткені білініп тұр. Атакәсіпті жандандырған азаматқа дән ризамыз, – деді жергілікті тұрғын Гүлбарша Әбдіреева.

Жылқышы һәм қасапшының аула­сын­дағы қаз-қатар тізілген ат қорада Қамбар ата төлі еркін жайылып жүр. Әрбір ат қора темірден биік етіп жасалған. Оңала бастаған жылқы ағаш қораны шайнап тас­тайды екен.

Қасапшымен әңгіме барысында өзінің сүйікті жылқысы жөнінде әңгілеместік. Ағыл­шынның киелі тұқымымен будан­дас­тырған қаражал сары бір орнында тыпыршып тұра алмайды. Үш жастағы жылқының аты – Байсары. Екі жылдан бері егесінің сенімді серігіне айналған. Ауылдың іргесіндегі тоғайды бірге шарлап, үйір жылқыны қайырып әкелуге қолғабыс етеді.

– Байсарыдан еш уақытта жем-шөпті аямаймын. Күйі жақсы болуына аса мән беремін. Ер азаматтың қанаты – жылқысы десек, қашанда оның киесімен, жылдамдығымен, тектілігімен мақтана аламыз. Жалына жармасқан күйі жылқының мінезіне, болмысына қанығып, бір-біріміз­ге үйренісе бастадық. Сәйгүлігімізді ешнәр­сеге айырбастағым келмейді, – дейді Арнұр Әбіләсанов.
Қанымен боялса қолым кей сәт,
Күнәммен емес, наныммен беттес.
Атадан қалған бұл кәсіп – табыс емес,
Бабамнан қалған ұлы бір дәстүр, – дегендей қасапшы қолын қан жуса да, ниетімен танылатыны сөзсіз. «Малды адал сойсаң – еттің де берекесі артады» деген тәмсілді берік ұстанатын Арнұр Әбіләсанов ел алғысын ала бермек.

Дайындаған
Балтабай ОРДАБЕКОВ

05 тамыз 2025 ж. 239 0